Әлеуметтік желіде автор құқығын бұзғым келмейді. Ол үшін не істеу керек?

Басқалардың жазбасын көшіріп, фотосын қолдануға бола ма


04/08/2021
11:52 4392 0

Өзгенің жазбасын көшіруге бола ма, фотосуреттерді қалай қолданған жөн? Неліктен сіз салған сурет әлемнің өнер жауһарлары сияқты қорғалады? 

Жалпы, әлеуметтегі желіде автор құқығы қалай қорғалатынын айтып береміз. 

 

Адамды фотоға түсіріп, суретін жариялауға бола ма? 

        • фото көпшілік іс-шарада түсірілген болса; 
        • қоғам және саяси қайраткерді түсірсеңіз;
        • модельді ақысын төлеп түсірсеңіз;
        • сол адамға іздеу салынса, иә, рұқсатсыз жариялауға болады. 

Қалған жағдайда фотосуреттегі адам авторлық құқығымды бұздыңыз деп үстіңізден шағымдана алады. 

 


 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҚАЗАҚСТАНДА КІМДІ ЖӘНЕ НЕНІ ФОТО МЕН ВИДЕОҒА ТҮСІРУГЕ БОЛАДЫ?

 


 

Біреудің постын көшіріп ала аламын ба? 

Автор жазбасында пікір білдірмей, тек белгілі бір оқиға, фактіні сипаттаған әрі постын қолдануға тыйым салмаған болмаса, иә, көшіре аласыз. Не болса да міндетті түрде жазба авторын көрсетіңіз.  

Ал жаңалықтарға келсек, журналист жазған жаңалық мәтіні оның шығармашылық жұмысы саналады. Мұндай мәтінді автордан рұқсат алғаннан кейін ғана қолдана аласыз.   

Автор пікірі, ой-идеясы жазылған жазбасын рұқсатсыз пайдаланған адамнан оны өшіруді талап ете, тіпті сотқа бере алады. 

Өзгелердің мәтінін дәйексөз ретінде қолдануға болады. Дүниежүзінде Fair use  («адал ниетпен пайдалану») туралы заң бар. Оған сай, ойыңызды дәл жеткізу үшін басқаның мәтінін дәйексөз ретінде пайдалана аласыз. YouTube және Facebook сияқты компаниялар осы заңға сүйенеді. 

Сонымен қатар Fair use-ге сай,  өзгенің материалдарын, соның ішінде жалпыға белгілі фактілерге сүйенген материалын білім-таным үшін, шектеулі көлемде қолдануға болады. Бірақ ондайда автор кірісінен айырылып қалмауы керек. 

 

Ал иллюстрациясын қолдануға бола ма? 

Туындының көркемдік құндылығы болсын-болмасын, оны авторлық құқық қорғайды. Кез келген сурет әйгілі суретшінің жауһары сияқты қорғалады. 

Біреудің иллюстрациясын өңдеп пайдалансаңыз не айнытпай салсаңыз, автор құқығын бұзған боласыз. Ал тек идеясын қолдансаңыз, мұныңыз заңды, өйткені идеялар автор құқығы объектісі емес. 

 

Авторы болып саналу үшін жұмысымды тіркеуге тиіспін бе? 

Жоқ, тиісті емессіз. «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңының 9-бабындағы авторлық презумпциясына сай, туындыны жасаған сіз болсаңыз, ресми авторы да сізсіз. Біреу автор емес екеніңізді дәлелдей алса, бұл құқықтан айырыласыз. 

 

Жалпы, Egov.kz-ке кіріп, жұмысыңызды объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізіліміне тіркесеңіз болады. Оған ЭЦҚ қажет. Қызмет құны жұмыс түріне байланысты. 

 

Қандай материалдарды заң бұзбай көшіруге болады? 

Егер автор шығармасына Creative Commons белгісін қойса, ол туындыны қорықпай пайдалануға болады. Бұл лицензия түрі материалда, метадеректер мен сайт кодтарында көрсетіледі. Creative Commons лицензиясы бар фотосуретті тапқым келеді десеңіз, Google іздеу сүзгісін қолданыңыз. 

 

Лицензия түрлері: 

 

        • CC - Creative Commons — қалағаныңызша қолдана аласыз.
        • NC - Non-commercial — ақша табу үшін қолдана алмайсыз. 
        • ND - No Derivative works  — материалды өзгертіп қолдануға тыйым салынған. 
        • BY - attribution — міндетті түрде авторды көрсетесіз не дереккөзге сілтеме бересіз. 
        • SA - Share-Alike — материалыңызды басқаның жұмысына «сүйеніп» жасаған болсаңыз, бұл белгіні қоюға тиіссіз.  

Public Domain ( «Халық меншігі») деген белгі де бар. Мұндай белгі бар шығарманы кез келген мақсатта пайдалануға болады, бірақ авторы кім екенін көрсету қажет. 

 

«Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңы бойынша авторы кемі 70 жыл бұрын қайтыс болған кез келген туынды халық меншігі боп есептеледі. 

 

 

Авторлық құқығымды бұзғанды жауапқа тартайын деп едім. Не істеу керек? 

 

        • Материалыңызды рұқсатсыз әрі авторын көрсетпей жариялаған компания я адамға хабарласыңыз. Одан жазбаны жоюды және өтемақы төлеуді талап етіңіз. 
        • Туындыңыз рұқсатсыз не авторы көрсетілмей жарияланған жазбаның скриншотын нотариусқа барып куәландарыңыз. Барлық процесті: нотариус сайт не парақшаны ашып жатқанын, жазбаны тауып, скриншотын сақтағанын видеоға түсіріп алыңыз. Мұны сотта дәлел ретінде қолдануға болады. 
        • Егер құқығыңызды бұзған адам талабыңызды орындаудан бас тартса, оны сотқа беріңіз, 100–15 000 АЕК (291 700–43 755 000 теңге) өтемақы төлеуді талап етіңіз. 
        • Әлеуметтік желілердің қолдау қызметіне шағым түсіріңіз. Ондағылар құқық бұзушының постын өшіреді не өзін бұғаттап тастайды.
Бөлісу

Пікірлер жоқ.

04/08/2021 11:52
4392 0

Уведомление