«Күйеуімді алдап апарып қамап тастады»

Жанар Қанапиянова наурыздың 18-і күні жұбайы Қалас Нұрпейісовты полиция алдап шақырып, екі айға қамап тастағанын айтады


05/04/2022
11:37 11515 0

Жанар Қанапиянова наурыздың 18-і күні жұбайы Қалас Нұрпейісовты полиция алдап шақырып, екі айға қамап тастағанын айтады. Оның сөзінше, күйеуіне 272 баптың 2 тармағы бойынша айып тағылған. Қазір ол Алматыдағы СИ-18 түрмесінде отыр.

 

 

«Жолдасымды Арон Атабектің асынан кейін ұстап әкеткен» 

 

Қаңтардың үші күні менің жолдасым Қалас Нұрпейісов Арон Атабектің қырқына барған болатын. Адамдар оның жанында адамдар жаназаға да барып жатады ғой. Оған ешқандай тыйым салынбаған. Сол күні Қалас астан қайтып келе жатқан кезде өзге де адамдармен бірге әкімшілік қамауға алынған болатын. Кейіннен Алатау ауданының ішкі істер бөлімінде сот болып, 15 тәулікке қамаған. 5 қаңтарда жаппай көтеріліс басталған кезде Қалас Лобочевскийде отырған. Сол күні сағат кешкі 18:30 шамасында басқа бір нөмермен хабарласып, «мені шығарып жіберді, алып кетесің бе?» деді. Мен барғанда жанында бір ер адам мен Әйгерім Тілеужанова деген әйел адам болды. Менің қасымда інім болған. Барлығын барып алып кеттім. Ол кісілерді алаңға апарамыз деп, сонда бардық. Фурманов көшесімен көтеріліп келе жатқанымызда алдымызда адамдар шықты. Көбісі жас балалар болды. Біз олардан «қайда бара жатсыңдар?» деп сұрадық, олар «әуежайға бара жатырмыз» деді. Содан неге екенін білмеймін, массаның психологиясы ма екен әйтеуір солармен бірге әуежайға бардық...

 

«Тінту жасағанда ақшамызды, алтын бұйымдарымызды алып кетті»

 

Әуежайға барғанымызда шлагбаумдардың барлығы ашық болды. Бір де бір қызметкер болған жоқ. Ұшып келіп, ұшып кетіп жатқан жолаушылар ғана болды. Кейіннен ақпараттан, жаңалықтан «әуежайды қиратып кетті, тонап кетіпті» деп көріп жатырмыз ғой. Ондайды мен көрген жоқпын. Менің көзімше ешкім қиратқан да жоқ, тонаған да жоқ. Біз кеткенде әуежай қалыпты жағдайда тұрған. Осыған байланысты Қаласты наурызға дейін «видеоға түстіңдер» деп Бас прокуратураға екі рет, мені және інімді бір реттен шақырды. Біз ешқандай қарсылық көрсеткен жоқпыз. Шақырған жерлеріне бардық. Үйімізде тінту болған кезде барлығын көрсеттік. Сол кезде біздің ақшамызды, алтын бұйымдарымызды алып кеткен болатын. Оның барлығын мен арыз жазып жүріп екі-үш күннен кейін қайтарып алдым...

 

«2019 жылдан бері отбасымызды қудалау тоқтаған жоқ»

 

Анамыз онкологиямен ауырып жатқан. Ол кісінің жанында негізінен Қалас жүрген. Үш ағайынды ғой, үшеуі кезек-кезек қарап, дәрісін уақытылы беріп жүрген. Ол кездері митинг, шеру ешнәрсеге шыққан жоқ болатын. Наурыздың 16-ы күні анамыздан айырылып қалдық. 17-і күні жерледік. 18-і күні жолдасымды үйдің жанынан алып кетті. Ешқандай себепсіз, қолдарында құжатта болған жоқ. Повестка сұрағанымды олар «біз қағаздарды сотқа жібере алмай жатырмыз, Қаластың қолы керек екен» деді. Сағат таңғы онда балаларымызбен бірге шыққан болатынбыз. Сағат 12-де бізде ас болатын. Оларға да айттық оны. Үлгересіздер деді олар. Содан бәріміз бардық. Қаласты ішке кіргізіп алып, төрт сағаттан кейін шықты да, «мені алып кететін сияқты» деді. Неге олар менің жолдасымды заңсыз, алдап алып кетіп, қамауға алады?.. Қалас негізі мұғалім болған. Біздің кінәміз – ол 2019 жылы мамырда митингке шығып, білім саласы туралы айтқан болатын. Содан бастап біздің отбасымызды қудалау тоқтаған жоқ... 

 

«Жанболат Мамайдың ісін күйеуімнің мойынына ілмек»

 

Бізге адвокатымызды шақыруға мүмкіндік берген жоқ. Тез тез алып кетті. Біз қайда бара жатқанымызды білген жоқпыз. Қалас анасы қайтқалы бері не істеп, не қойғанын білмейді. Өзіңіз ойлаңызшы, бүгін анаңызды жерлейсіз, ертеңінде мынандай жағдай болады. Қазір 272 баптың 2 тармағы (жаппай тәртіпсіздікке қатысу) бойынша айып тағылған. Видеоға түскен дейді. Кеше мен СИ-18-ге бардым. Ана жерге кіріп, шыққанның өзі психологиялық травма. Адвокат кірген жоқ, екі рет өзім кіріп шықтым. Сәуірдің бірі күні екінші рет кіріп шықтым. Телефонмен сөйлестіреді екен. Сол кезде жолдасымның маған «Жанболат Мамай деген кісінің ісін менің мойыныма ілейін деп жатыр» деді. Мен ол кісі кім? десем, білмеймін, дейді. Біз ол кісіні танымаймыз да. Екі қызметкер келіп, оған «сол кісімен (Жанболат Мамаймен – ред) байланысың бар» деп айтқан. Бізде заңсыздық сондай, кез келген істі мойыныңа іле салады ғой. Мен ешнәрсені білмеймін. Күйеуімді шығарсын. Мына екі балаға өзі бас-көз болсын. Әйел басыммен мен бұны көтере алмаймын. Мен сотқа машинаны кепілге қойып шығарайық деп жылап тұрып айттым. Олар оған қарағанда жоқ. Неге олар адами факторларды неге ескермейді? 

 

«Екі баламен жалғыз өзім не істеймін?»

 

Не болатынын білмеймін. Қаласты қамап тастады. Екі баламен жалғыз өзім не істеймін? Барлық жұмысты сол Қалас істеп отырған. Бұрын «Бөбекте» мектепте істеген. Ол жерден шығарып жіберді. Одан кейін колледжге кірген. Митингке қатыстың деп ол жерден де шығарып жіберді. Митинг сайын жалғыз Қаласты 4-5 машина келіп қарауылдап отырады. Жұмыстан шығарып жібергеннен кейін ИП ашып, риеалторлық жұмыстар істеп жүргенбіз. Несиеміз бар, оның барлығын төлек керек. Оның барлығын не істейміз, білмеймін. Не үшін екі айдан қамағанын білмеймін. Оны ешкім түсіндірген жоқ. Біздегі заңсыздық кез келген нәрсені мойыныңа іліп жібереді. Дұрыс болып тұрған нәрсеңді қате қылып жібереді...

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

05/04/2022 11:37
11515 0

Уведомление