Үкіметтік емес ұйымдарға не болып жатыр? Қысқаша

Бірі айыппұл төлемейтін, бірінің қызметі жалғасатын болды


05/02/2021
11:25 44813 0

Фото: vlast.kz

 

Не болып жатыр? 

 

2020 жылғы қарашада Қазақстанның мына үкіметтік емес ұйымдары өздерін салық органдары «негізсіз» тексеріп жатқанын хабарлады. 

 

  1. Қазақстандағы адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюро;
  2. «Халықаралық құқықтық бастама»;
  3. MediaNet халықаралық журналистика орталығы (оған Factcheck.kz сайты қарайды);
  4. Құқықтық медиа-орталық;
  5. «Еркіндік қанаты»; 
  6. «Эхо»;
  7. «Кадір-қасиет». 

 

Ресми себебі — ұйымдар шетелдік қорлар мен демеушілерден алған қаржысы туралы құжаттарды қате толтырған.

 

Ұйымдар мұны өздеріне жасалған қысым деп біліп, оны 10 қаңтарда өтетін Мәжіліс пен мәслихат сайлауға байланысты деп топшылады: бұл ұйымдардың барлығы құқық қорғаумен, сайлау бақылаумен айналысады. 

 

Оларды Transparency International, Amnesty International, Front Line Defenders және Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымдары қолдап, билік қудалауды доғарсын деп үндеді. 

 

4 ақпанда не болды? 

 

Биыл қаңтарда бірнеше құқық қорғау ұйымының үстінен әкімшілік іс қозғалды. Ресми себебі — салық төлегені туралы құжаттарды дұрыс толтырмаған. 

 

Бюро, «Эхо» мен «Халықаралық құқықтық бастаманың» қызметі үш айға тоқтатылды. Оларға және «Еркіндік қанатына» айыппұл салынды. Көлемі — 400–800 АЕК (1,2–2,4 миллион теңге). Төрт ұйым бұл шешімге келіспей, апелляциялық арыз жазды. 

 

4 ақпанда осы істер қайта қаралып, Бюро, «Халықаралық құқықтық бастама» мен «Эхо» айыппұл төлемейтін, қызметі жалғасатын болды. «Еркіндік қанаты» да төлемейді. 

 

MediaNet, Құқықтық медиа-орталыққа да уақытша жабылып қалу, айыппұл төлеу қаупі төнген. Бірақ 4 ақпанда оларға қатысты іс жабылғаны белгілі болды, яғни оларға айыппұл салынбайды, қызметі жалғаса береді. 

 

Енді хәппи энд пе?  

 

Солай десек те болады, бірақ ұйымдар салық органдарымен әлі де күреспек.

 

MediaNet бұл органдардың өзінің үстінен іс қозғағаны заңсыз деп, оларға қатысты шағым түсірген. Сот ісі әлі жүріп жатыр. 

 

Ал Бюроның директоры Евгений Жовтис қаулыны әзірге алмағанын, егер онда «іс ұйым жасаған құқық бұзуышылық маңызды болмағандықтан жабылды» деп жазылса, біз бұған келіспейміз дейді. 


— Апелляциялық шағым түсіреміз. Біз ешқандай құқық бұзған жоқпыз, — деген ол журналистерге.

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

05/02/2021 11:25
44813 0

Уведомление