Үкім: Талдықорғанда «азаптаушы» полицейлер сот залынан қамауға алынды
Күдіктілер 3 жылдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді
10 ақпанда Талдықорғанда «азаптаушы» бес полицейдің сотында үкім оқылды. Судья Бекмұрат Дүйсенбеков күдіктілердің барлығын кінәлі деп танып, 3 жылдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіп, сот залынан ұстауға үкім етті.
Сот үкімімен Қанды Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандарға «үтік басып, азаптады» деп айыпталған Айдын Кенжаебаев пен Жанбақыт Нұртаза 4 жылға, Сапармұрат Тоқташ 3 жыл 6 ай, Алмас Боқанов пен Ермек Жұмашев 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сотталушылардың барлығы полиция шені мен 3 жылға дейін құқық қорғау органдарында лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды. Айдын Кенжебаевтың тергеу изоляторында отырған бір күні жаза есебінің бір жарым күніне, қалған сотталушылардың үйқамақта отырған бір күні жаза есебінің екі күніне есептелді.
Сот үкімі оқылғаннан кейін залда отырған белсенді Әсет Оңалбаев сотталушыларды қорғап сөйледі.
– 23 жәбірленушінің барлығы ұрған жоқ, соққан жоқ деді. Азаптаудың ішінде жүрген басшылары қайда? Біз бұларды жауластырмай, татуластыруды ойладық. Жәбірленушілер «үкімет бізге кешірім берді» деді. Бұларға да кешірім беру керек еді ғой. Меңдібаевты шақырдық, қайда? Сол кезде Меңдібаев мына балаларды тоқтатса, мына балалар бұл жерде отырмайтын еді, – деді Оңалбаев.
Жанбақыт Нұртаза, Сапармұрат Тоқташ, Алмас Боқанов және Ермек Жұмашев сот залынан қамауға алынды. Олардың жақындары арнайы жасақ сотталушыларды алып кетуге келген кезде көздеріне жас алып, сот шешімі әділетсіз екенін айтып: «Ешқайда бармайды, кетіңдер!» деп жатты. Ал күдіктілердің кейбірі залдан шығарда балағат сөз айтып, айқайлады.
Соңғы сөз кезінде сотталушылардың барлығы жәбірленушілерден кешірім сұрап, болған іске өкінетіндерін айтып, соттан шартты жаза беруді сұраған. Айдын Кенжебаев үкімет жағынан әділетсіздік болғанын, істеген ісін өзінің қара басы үшін жасамағанын айтқан.
– Істеген ісімнің барлығын өзімнің қара басымды ойлап істеген жоқпын. Бұлай болғаны өкінішті. Үкімет жағынан бізге әділетсіздік басым болып тұр. Құрметті сот, тағдырымыз сіздің қолыңызда. Әділ шешім қабылдайсыз деп сенемін, – деді ол.
Талдықорғанда «азаптау» ісі бойынша бес полиция қызметкері күдікті, 23 адам жәбірленуші деп танылған.
Қанды Қаңтар оқиғасы кезінде ресми дерек бойынша 238 адам қаза тапқан. Қазір олардың өліміне қатысты бірқатар іс «күдіктілер анықталмады», «дәлел жеткіліксіз» деген желеумен тоқтатылған.
Құқық қорғау ұйымдарының мәліметінше, Қаңтар оқиғасы кезінде 10 мыңнан астам адам ұсталып, оның 70 пайызы азапталған. Бұл істердің де басым көпшілігі тоқтатылған.
Пікірлер жоқ.