ХАМАС Газа секторында тұратын шетелдік азаматтарды аймақтан шығаруға дайын екенін мәлімдеді
Бірақ бұл шешімнің кепілде отырған азаматтарға қатысы жоқ
Фото: Ашық дереккөзден
Газа секторын бақылауда ұстап отырған ХАМАС радикал тобы аймақта тұрып жатқан Жапония, Чехия, Индонезия, Финляндия, Иордания, Австрия, Австралия және Болгария азаматтарына кетуге рұқсат беруге дайын екенін хабарлады. Тізімде Қазақстан жоқ. Не себепті осы елдердің таңдалғаны да белгісіз. Бірақ бұл шешімнің кепілде отырған азаматтарға қатысы жоқ.
ХАМАС шетел азаматтарын Қызыл Крест және өзге де халықаралық ұйымдардың қызметкерлерімен бірге Мысырға шығаруға уәде берді. Тізімге 430 адам енген. Оның ішінде қос азаматтығы бар палестиналықтар да бар.
26 қазанда Газа секторында тұратын қазақстандықтардың туыстары президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылған. Олар жақындарын Қазақстанға әкелуге көмектесуді сұраған.
Бірқатар елде террористік ұйым деп танылған ХАМАС тобы тұтқындағы шетел азаматтарының бір бөлігін кейінірек босатуға уәде етіп отыр, бірақ оның нақты уақыты мен шарты белгісіз. Израиль тарабы Газа аумағында 250-ге жуық адам кепілдікте отыр дейді.
Израиль 7 қазанда елдің оңтүстігіне тұтқиылдан шабуыл жасаған ХАМАС пен "Исламдық жихад" тобына жауап ретінде Газа секторында "Темір қылыш" әскери операциясын жүргізіп жатыр. Израильге қарсы жасалған шабуылдан 1400 адам қаза тапқан.
ХАМАС бақылауындағы Газа секторының билігі Израиль қорғаныс армиясы жасаған шабуылдан сегіз мыңнан аса адам қаза тапты деп мәлімдеді. Бұл ақпаратты өзге тәуелсіз дерек көздерінен растау мүмкін болмай отыр.
Пікірлер жоқ.