Кезектен тыс президент сайлауы: Тіркелген және тіркелмеген кандидаттар, өтпей қалған митинг, оппозициядан қорықпайтын билік

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауына дайындық қалай жүріп жатыр?


26/10/2022
13:48 41704 0

20 қарашада кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Қазіргі уақытта үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстары өтуде. Бүгін біз тіркелген және тіркеле алмай қалған кандидаттарға қысқаша тоқталуды жөн көрдік. 

 

Тіркелген кандидаттар

 

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, 69 жаста, Қазақстанның қазіргі президенті. «Аманат», «Ақжол», «Қазақстан халық партиясы» мен ондаған ұйымның біріккен «халық» коалициясы атынан президенттікке үміткер. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ізбасары. 2019 жылғы президент сайлауында 70,96% дауыс жинаған. Осы сайлаудан кейін Астана, Алматы және өзге де қалаларда мыңдаған адам наразылыққа шыққан. 

 

Тоқаев қаңтарда билігін ұзарту үшін Конституцияны өзгертпейтінін мәлімдеген. Бірақ маусымда өткен референдумнан соң Ата Заңның үштен бірі өзгеріп, қыркүйекте президент өкілеттігін бес жылдан жеті жылға ұзарту туралы толықтырылу енгізілген. 

 

Жигули Молдақалықұлы Дайрабаев, 67 жаста, «Ауыл» партиясынан үміткер. 1970 жылдары Жамбыл облысы Луговой ауданындағы «Коммунизм жолы» колхозының комсомол ұйымының хатшысы, Жамбыл атындағы колхоз басқармасының төрағасы, тәуелсіздік жылдары «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының агроөнеркәсіп кешені комитетін басшысы, 2019-2022 жылдар аралығында «Қазақстан фермерлер одағының»президенті болып қызмет атқарды. Наурызда Тоқаевтың жолдауын қолдап, әлеуметтік желіде бірнеше рет жазба жариялаған. 

 

Қазан айының басында Дайрабаевтың ұлдары алаяқтық бойынша істі болғаны жөнінде ақпарат тарады. Бұған ол: «Менің ұлдарым кішкентай емес, олардың өз өмірі бар. Оларды қамауға алды деген өтірік. Бір ұлым егістікте, екінші ұлым бүлдірген өсіреді. Біз құқық қорғау органдары мен соттың жұмысына араласа алмаймыз. Барлығын уақыт көрсететді», – деді. 

 

Мейрам Зекешұлы Қажыкен, 61 жаста, «Аманат» кәсіподақтар бірлестігінен кандидат. Биыл көктемде «Ынтымақ» партиясын құратынын мәлімдеген бастамашыл топ жетекшісі. «Астана» халықаралық ғылыми кешенінің экономикалық зерттеу институтын басқарады, қазіргі заманғы қоғамды зерттеу институты директоры.Әр жылдары премьер-министрдің кеңесшісі, индустрия және сауда министрлігі өндіріс және ғылыми-техникалық даму комитетінің төрағасы болған

 

Қарақат Жақсылыққызы Әбден, 48 жаста, «Кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы» ұсынған. Әр жылдары Астана қалалық мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» партиясы инновация комитетінің инспекторы, мемлекеттік саясат ұлттық мектебі директорының орынбасары қызметтерін атқарған. Биыл мамырда президент жанындағы әйел істері және отбасы-демография саясаты жөніндегі ұлттық комиссия құрамына енген. 

 

2019 жылы Қарақат Әбденнің авторлығымен «Сен қазақтың қызысың. Мақтан ет!» кітабы жарық көрді. Кітап мемлекет есебінен шықты деген дауға қалған. Әбден басқаратын «Қазақ қызы» ұйымына Астана әкімдігі 2016-2019 жылдары жүздеген миллион теңге қаржы аударған. 

 

Нұрлан Сатыпалдыұлы Әуесбаев, 65 жаста, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия атынан үміткер. Әуесбаев коммунистік партия мүшесі болып жүрген уақытта Астанаға Лениннің ескерткішін орнатуды ұсынған. Өздерін оппозициялық партиямыз деп атайтын ЖСДП Әуесбаевтың кандидатурасын партия ішіндегі праймериз арқылы таңдадық деп мәлімдеді. 

 

Салтанат Пархатқызы Тұрсынбекова, 48 жаста, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінен кандидаты. Әр жылдары Жоғары Сот, Бас прокуратурада қызмет істеген. Былтыр наурызда Тоқаев Тұрсынбекованы президент жанындағы әйел істері және отбасы-демография саясаты жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары етіп тағайындаған.

 

Тіркеуден өтпей қалған үміткерлер және сайлауға қарсылық

 

Жұматай Әлиев, Бақыт Жаңабаев, Нұржан Әлтаев, Хайролла Ғабжалилиов, Талғат Ерғалиев, Фатима Байзақовалар әртүрлі себептермен орталық сайлау комиссиясының тіркеуінен өтпей қалды. 

 

Жеті айдан бері «Алға, Қазақстан!» партиясын тіркете алмай жүрген оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышалин өзін ұсынатын республикалық ұйым таппағанын мәлімдеп, ЖСДП атынан үміткер болуға ынта білдіргенімен оларға жоғарыдан қысым жасалғанын айтты. ЖСДП өкілдері оның мәлімдемесін терістеді. 

 

Орталық сайлау комиссиясына журналист Инга Иманбай мен Польшада тұратын этникалық қазақ Балли Мажец өз өздерін ұсынып, өтініш тапсырды. ОСК олардың кандидатурасы заң талаптарына сәйкес келмейтінін алға тартып, тіркеуден бас тартты. 

 

Тәуелсіз бақылаушылар, шетелдегі оппозициялық саясаткер Мұхтар Әбілязов және т.б белсенділер президент сайлауына қарсы 25 қазанда митингке шығатындарын мәлімдеді. Бірақ сол күні Қазақстан бойынша белсенділерді полиция ұстап, кейіннен босатты. Саяси белсенді Әлнұр Ильяшев Тоқаевты президенттікке кандидат ретінде тіркеген ОСК шешіміне қарсы сотқа берді. Бірақ сот арызды қанағаттандырмады. 

 

Оппозициядан қорықпайтын билік және Назарбаев жолын таңдаған Тоқаев

 

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин билікшіл журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында «Қазақстанда Ақорда қорқатындай оппозициялық күш жоқ екенін» айтты. 

 

Қазақстанда президент сайлауы осымен жетінші рет өтіп жатыр. Бұған дейін болған 1991, 1999, 2005, 2015 жылдары өткен сайлаулардың барлығында Нұрсұлтан Назарбаев жеңген. Тәуелсіз сарапшылар бұл жолғы сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаевтың жолын таңдады дейді. Батыс бақылаушылары Қазақстанда өткен бірде-бір сайлауды әділетті деп таныған жоқ. 

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

26/10/2022 13:48
41704 0

Уведомление