«Келіссөз сәтсіз аяқталды»: Жаңаөзендік мұнайшылар Астанаға тағы бармақ

Наразылар сәуірден бері тұрақты жұмыс талап етуде


09/06/2023
11:57 16052 0

Фото: Азаттық радиосы

 

«Өзенмұнайгаз» компаниясының алдында тұрақты жұмыс талап етіп тұрған «БерӘлі Маңғыстау Company» кәсіпорнының бұрынғы жұмысшылары билік пен «ҚазМұнайГаз» компаниясымен келісімге келе алмағандарын айтып, Астанаға баруға дайындалып жатқандарын хабарлады. 

 

Азаттық радиосының мәліметінше, мұнайшылар заңға бағынбайтын компаниялар ұсынған жұмысқа барудан бас тартқан. 

 

– Бізге Астанаға барған кезден бастап құрал-жабдығы тозған, жұмысшылардың құқығын қорғамайтын мекемелерден жұмыс ұсынып келеді. Кеше жігіттер «алдыңғы көрсеткен техникаларың ба?» деп сұрақ қойды. Олар нақты жауап бере алмады. Сонда бұлар ештеңе ауыстырмаған, бұрынғы техникаларын сырлап бояғаннан басқа ештеңе істемеген сияқты. Нақты өзгеріс жасамаған. Бірыңғай жалақы төлеу жүйесін де енгізбейін деп отыр. «Заң бойынша, мұндай жүйе бізге тиісті ме, тиісті емес пе?» деген сұраққа ешкім жауап бере алмады. Біздің оны талап етуге құқығымыз бар, – деген Азаттық радиосына наразы жұмысшылардың бірі Есенжан Әбдірахимов.

 

7 маусымда Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев «БерӘлі Маңғыстау Company» жұмысшыларымен кездескенін хабарлаған. Кездесуге «Өзенмұнайгаз» бен «ҚазМұнайГаз» компанияларының басшылары да қатысқан. 

 

Мұнайшылардың сөзінше, кездесу барысында «ҚазМұнайГаз» өкілдері қаржылық жағдай қиын екенін айтқан. 

 

– Біз депутат Еділ Жаңбыршин мен "ҚазМұнайГаз" өкілдері бірігіп, баспасөз мәслихатын өткізсін деген талап қойдық. Сол жерде халыққа түсіндіріп, анығын айтсын. Кімдікі дұрыс? Ақша желініп жатыр ма, шынымен ақша жетпей жатыр ма? Ол мәселені шешеміз дегендей айтты. Бірақ қашан екенін айтпады. Бұл мәселе шешілмесе, әрі қарай Астанаға баратынымызды айттық, – деді Есенжан Әбдірахимов.

 

Кездесуден кейін мұнайшылардың үйіне полиция, прокуратура, әкімдік өкілдері барып, ұсынысты қабылдатуға тырысқан. 

 

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, 7 маусымда Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев кездесу кезінде жиналғандарды мәселені «келіссөз үстелінде шешуге» шақырған. Ресми ақпаратқа қарағанда, жиналғандарға «Мөлдір Мұнай Сервис» кәсіпорнынан жұмыс ұсынылған. «Жұмысқа орналасу процесі «ҚазМұнайГаз» АҚ ережелері аясында жүзеге асырылатыны, оған сәйкес, тендерден ұтылған компания жұмысшылары жеңімпаз компанияға жұмысқа тұратыны» айтылған.

 

Сәуірдің басында 100-ден аса мұнайшы Астанадағы энергетика министрлігі алдына түнеп, тұрақты жұмыс пен жалақы талап еткен. 11 сәуір кешкісін оларды арнайы жасақ пен полиция ұстаған. Осыдан кейін Жаңаөзен, Ақтау, Атырау, Алматы, Астана, Орал қалаларының белсенділері мұнайшыларды босатуды талап еткен. 

 

12 сәуірде мұнайшылардың көбісі Жаңаөзенге қайтып, 10 адам келіссөз жүргізуге қалған. Кейіннен олар келісімге келе алмағандарын айтқан. 

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

09/06/2023 11:57
16052 0

Уведомление