ҰҚК генерал Күдебаевтың елден қалай қашқанын айтты
Прокурорлар оны 9 жылға соттауды сұраған
Фото: Vecher.kz
5 сәуірде Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары-шекара қызметінің төрағасы Ерлан Алдажұманов генерал-майор Серік Күдебаевтың шекарадан қалай өткені жөнінде айтты. Оның сөзінше, Күдебаев елден шекара бекеті арқылы өтпеген. Ол тау арқылы мемлекеттен шығып кетуі мүмкін.
– Ол қашып кеткен-кетпегенін білген жоқпыз. Ол мемлекеттік шекараны ресми пункттер арқылы кесіп өткен жоқ. Алматы бағытында бізде Алатау тауы бар. Менің ойымша, бұл бағытта күзет болмағандықтан, егер іздесе, мемлекеттік шекараны кесіп өтуге мүмкіндік бар. Соны анықтау үшін тексеріс жүріп жатыр, – деді Алдажұманов мәжілісте журналистер сұрағына берген жауабында.
Оның сөзінше, Күдебаев кесіп өткен жерді табу үшін ҰҚК мен ІІМ-нің бірлескен тобы құрылған. Өзге мемлекеттік органдар жанынан да іздеу топтары ашылған. «Шамамен 300 адам, алты шекара бекеті жұмылдырылған» деді Алдажұманов.
Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтың үстінен Қаңтар оқиғасы бойынша ҚР ҚК 362-бабы (қызмет өкілеттігін асыра пайдалану) және 146-баптары (азаптау) бойынша қылмыстық іс қозғалған. Прокурорлар судьядан Күдебаевты кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Серік Күдебаев Қаңтар оқиғасына дейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктерінің бір болған. Бұған дейін Қаңтар оқиғасы басталған уақытта Күдебаевқа тікелей бағынатын арнайы жасақ сарбаздары Алматы маңында демалып жатқан Назарбаевты күзеткен деген ақпарат тараған.
Пікірлер жоқ.