Инга Иманбай: Тоқаевқа қарсылас болуға дайынмын

Әдейі келдім. Сіздер бұл сайлаудың қаншалықты сайқымазақ екенін көрсін, ойлансын дедім


29/09/2022
14:43 26494 0

Тіркелмеген оппозициялық партия бастамашыл тобының мүшесі Инга Иманбай Орталық сайлау комиссиясына барып, президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевқа бәсекелес болуға дайын екенін мәлімдеді. Бірақ ОСК өкілдері Иманбайдың кандидатурасы заң талаптарына сәйкес келмейтінін айтты. 

 

– Тоқаевқа қарсылас болуға дайынмынМен Инга Иманбай, Жанболат Мамайдың жұбайы, өзімді президентке үміткер ретінде ұсыну үшін Орталық сайлау комиссиясына келдім. Алайда, билік белгілеп қойған, бір-екі талаптарға сәйкес келмейтінімді алға тартып, тіркеген жоқ.

Қазақстанда туып-өскен осы елдің азаматымын. Ешқашан ешқайда көшіп-қонған емеспін. Яғни, он бес қана емес, отыз жылдан астам өз елімде тұрамын, – деп жазды Инга Иманбай Facebook желісіндегі парақшасына. 

 

Инга Иманбай жазбасында заңда көрсетілген талаптарды білетінін, оның барлығы тәуелсіз кандидаттарды тіркемеу үшін әдейі жасалған кедергі екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, Орталық сайлау комиссиясына бару арқылы халыққа сайлаудың сайқымазақ екенін көрсеткісі келген. 

 

– Әдейі келдім. Сіздер бұл сайлаудың қаншалықты сайқымазақ екенін көрсін, ойлансын дедім. Біздің бәріміздің құқымыз тапталып, алданып жатқанымызды, билік құру тек Назарбаев өнімдерінің еншісінде қалғанын білсін дедім. Тек өздеріне ыңғайлы адамды ғана өткізетіндерін көрсеткім келді. Билік ұйымдастырған сайлаудың «қуыршақ театры» екенін дәлелдеу үшін келдім. Мұндай «театрдың» спектакльінің сценарийіне адал да әділ жандар енбей қалады. Тіпті, алдын ала қудаланып, оқшауланады. Менің жұбайым Жанболат Мамай сынды жазықсыз түрмеге жабылады, – деп жазды Иманбай. 

 

Президент сайлауына кандидаттарды тіркеу 23 қыркүйекте басталған. Осы уақытқа дейін Орталық сайлау комиссиясына бірде-бір үміткер тіркелмеген. 

 

Кандидаттарға қойылатын талаптар:

 

- ҚР азаматы болуы;

 

- ҚР аумағында соңғы 15 жыл бойы тұруы;

 

- Жоғары білімінің болуы;

 

- Жасы 40-қа толған болуы;

 

- Белсенді сайлау құқығының болуы;

 

- Мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы;

 

- Мемлекеттік тілді еркін меңгеруі.

 

Бұдан бөлек, кандидат сайлауға бармас бұрын сайлаушылардың пайызының қолын жинауы тиіс. Қазақстанның жағдайында бұл 118 273 адам. 

Азаматтық қоғам мен оппозиция өкілдері сайлау туралы заң мен Орталық сайлау комиссиясының мүшелерін өзгертпейінше әділ сайлау өтпейді деп есептейді. Олар президенттікке үміткер адамға қойылған талаптар тәуелсіз кандидаттардың тіркелуіне кедергі жасау дейді. 

 

Кезектен тыс президент сайлауы 2қарашада өтеді. 

 

 

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

29/09/2022 14:43
26494 0

Уведомление