ІІМ түзетуі: Наурыздан бастап қоғамдық орында балағат сөз айтқаныңыз үшін 30 тәулікке қамалуыңыз мүмкін
Заңға енгізілген түзету ресми кодекс жарияланғаннан кейін 60 күннен кейін күшіне енеді
Фото: Baq.kz
Қазақстан қоғамдық орында балағат сөз айтқандарға жазаны күшейтеді. Бұл жөнінде ішкі істер министрлігі хабарлады.
ІІМ әкімшілік полиция комитетінің өкілі Азамат Құрымбаевтың сөзінше, заң 2023 жылдың наурызынан бастап күшіне енеді.
– Бүгінге дейін ұсақ бұзақылығы үшін 17 мың теңгеден сәл астам айыппұл салынатын немесе 15 тәулікке қамалатын. Жаңа редакция бойынша 69 мың теңге айыппұл салынады немесе 5 тәуліктен 30 тәулікке дейін қамауға алынады, – деді Құрымбаев.
Заңға енгізілген түзету ресми кодекс жарияланғаннан кейін 60 күннен кейін күшіне енеді.
2022 жылы жазда Астана мәслихатының депутаттары көшеде түкіргендерге айыппұлды көбейтуді ұсынған. Бұл ұсынысты денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қолдап, қоғамдық талқылауға шығару керек деген еді.
Былтыр Астана әкімдігі көлікте кетіп бара жатып түкіретіндерді мемлекеттік нөмірі арқылы анықтап, айыппұл салатынын хабарлаған. Алматы полицейлері де тұрғындарды көшеде түкірген автокөлік иелері туралы 102 қосымшасына фото және видео жіберуге шақырған.
Қазақстанда көшеде түкіргені үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша бес айлық есепті көрсеткішке тең айыппұл салынады.
Пікірлер жоқ.