Грузиядағы саяси дағдарыс: Тбилиси халқы не себепті алаңға шықты?
Грузия астанасы Тбилисиде халық «шетел агенті» туралы заңға қарсы ереуілдетті.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, наурыздың 8-інен 9-ына қараған түні полиция парламент ғимаратының алдына жиналған халыққа жас ағызатын газ, су шашып, күш қолданған. Кейбір демонстранттар оларға қарсы жаңғыш зат толтырылған бөтелке лақтырған.
Бұған дейін наразылар биліктен «шетел агенті» туралы заңды кері қайтарып, митинг кезінде ұсталған адамдарды босатуды талап еткен. Бірақ билік бұл талапты орындамаған. Осыдан кейін оппозиция өкілдері халықты парламент ғимаратын қоршауға алуға үндеген. Олар осылайша 9 наурызда өтетін парламент отырысына кедергі жасамақ болған. Бірақ полиция мен демонстранттар арасында қақтығыс болып, шерушілер парламент маңынан күштеп тықсырылған.
Оппозицияның айтуынша, «Шетел ықпалының ашықтығы туралы» және «Шетел агенттерін тіркеу туралы» деп аталатын екі заң жобасы Грузия құрамына кіруге ұмтылып отырған Еуропа одағының ережелеріне қайшы және ол үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына көп кедергі жасайды.
Оппозиция «Грузин арманы» билік партиясы Ресейшіл бағытта деп есептейді.
Фото: БелТА
Заң жобасындағы талап бойынша, табысының 20 пайыздан астамын шетелден алатын ұйым жыл сайын декларация толтырып, қандай мақсатқа ақша жұмсағаны жайлы есеп беріп отыруы керек.
«Грузин арманы» партиясы заң жобасы демократиялық принциптерге және елдің Еуроодаққа кіру талпынысына қайшы емес, оппозиция Ресейшіл ұстанымда дейді. Оппозиция өкілдері билік партиясының бұл ұстанымын «шизофрениялық риторика» деп бағалады.
«Грузин арманы» партиясының төрағасы Ираклий Кобахидзе заңның қабылдануы Грузияның Еуроодаққа кіруіне кедергі келтіреді деген сөз – спекуляция деп атады.
– Біз Еуропаға христиандықпен барамыз! Біз тәуелсіз ел болып Еуропаға қарай қадам басамыз! Біз абыроймен Еуропаға барамыз!, – деді ол 8 наурызда халық наразылыққа шығып жатқан уақытта.
Бұдан бөлек, ол наурыздың 7-інен 8-іне қараған түнді парламент ғимараты алдында болған бейбіт шеруді «төңкеріс жасауға талпыныс, 2008 жылғыдай Грузияға Ресей танктерін алып келудің амалы» деп бағалады.
Фото: DW
Оппозициялық саясаткер Валерий Чечелашвили билік партиясы «Грузияның ұстанған саясаты тәуелсіз» деп айту арқылы халықты алдап отыр деп мәлімдеді.
– Заңды қабылдап отырғандар бүгінгі Грузияда антиеуропалық бастамалар қолдау таппайтынын біледі. Сол себепті олар қараны ақпен жасырғысы келеді. Бірақ оларынан түк шықпайды. Еуроодақ пен АҚШ «шетел агенті» туралы заңның демократиялық принциптерге қайшы екенін айтуда. Ал «Грузин арманы» мен оның сателлиттері осыдан 10 жыл бұрынғы Ресей билігінің сөзін қайталауда. Олар «бұл заң АҚШ-та қабылданған заңның баламасы» дейді. Бұл тап-таза шизофрения, – деді Чечелашвили.
Еуроодақтың сыртқы саясат және қауіпсіздік қызметінің басшысы Жозеп Баррель Грузия билігі қабылдап жатқан заң Еуроодақ стандарттары мен Тбилисидің ЕО-ға мүше болу талпынысына қайшы екенін мәлімдеді.
– Қазіргі қалпындағы заң жобасы азаматтық қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына кедергі болады. Заңды қабылдау Грузия мен Еуроодақ қарым-қатынасына орасан зор нұқсан келтіруі мүмкін, – деді Баррель
Грузия президенті Саломе Зурабишвили демонстранттарды қолдап, заң жобасына вето қоюға уәде берді.
Қамауда отырған экс-президент Михаил Саакашвили немістің Bild басылымына берген сұхбатында «Грузин арманы» партиясын құрушы, миллиардер Бидзина Иванишвилиді «Грузияны Путинге беріп жатыр» деп айыптаған.
«Шетел агенті» туралы заң жобасын парламент 7 наурызда бірінші оқылымда мақұлдаған. 150 депутаттың 76-сы құжатты қолдап, 13-і қарсы шыққан, 61 депутат қалыс қалған. Бүгін Грузия парламенті даулы заң жобасын кері қайтаратынын мәлімдеді.
Пікірлер жоқ.