Германия Украинаға «Леопард» танкілерін беруге келісті

Берлин өзге елдерге де Украинаға «Леопард» танкілерін беруге рұқсат берген


25/01/2023
11:10 15372 0

Фото: DW

 

Германия Украинаға «Леопард» танкілерін беруге келісті. Бұл жөнінде немістің N-TV телеарнасы мен Der Spiegel басылымы хабарлады. 

 

Неміс ақпарат құралдарының мәліметінше, Германия канцлері Олаф Шольц Украинаға соңғы үлгідегі «Леопард» танкілерін беруді ұйғарған. Қазіргі уақытта мәселе 14 техника жөнінде болып отыр. 

 

Бұған қоса, ресми Берлин өзге елдерге де Украинаға «Леопард» танкілерін беруге рұқсат берген. Шарт бойынша өзге елдер неміс танкілерін Германияның рұқсатынсыз үшінші елдерге бере алмайды. 

 

Бұған дейін Германия рұқсат берген жағдайда Польша, Нидерланды, Испания өз арсеналындағы неміс танкілерін Украинаға беруге дайын екендерін мәлімдеген. Оларға Финляндия, Дания, Итария қосылуы мүмкін деген де ақпарат тараған. 

 

24 қаңтарда The Wall Street Journal басылымы АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі Украинаға «Абрамс» танкілерін беруді ұйғарды деп хабарлаған. БАҚ құралдары АҚШ-тың Украинаға қанша танк беретіні жөнінде әртүрлі ақпарат таратуда. Бірі 10 десе, енді бірі 30 дейді. Әзірге Киевке қанша техника берілетіні белгісіз. 

 

Германия мен АҚШ Украинаға танк беретіндерін бүгін жариялауы мүмкін. 

 

 

 

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

25/01/2023 11:10
15372 0

Уведомление