Елде Қазақстан вакцинасы салына бастады. Жалпы, ол туралы не білеміз?

QazVac туралы көкейкесті сұрақтарға жауап


06/05/2021
12:22 4107 0

26 сәуірде Қазақстанда QazVac (QazCovid-In) екпесі салына бастады. Бұл вакцина туралы не білеміз? Кері әсері қандай? Неге тәуелсіз сарапшылар оны әзірге жаппай егуге болмайды деп отыр? 

 

Вирусолог Әсел Мұсабекова мен Medsupport дәрігерлер мен ғалымдар қауымдастығынан білдік. 

 

Вакцинаның аты QazVac па, әлде QazCovid-In бе? 

 

Басында вакцинаны Қазақстан ғалымдары QazCovid-In деп атаған. Бірақ жақында үкіметтегілер QazVac деп ат қойған. 

 

Басты сұрақ: QazVac қауіпсіз бе? Сынақ нәтижелері не дейді? 

 

Әсел Мұсабекова, вирусолог: 

 

Қауіпсіз бе, қандай да әсері бар ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Жалпы, бұл вакцина туралы ештеңе білмейміз. Себебі қолымызда рецензияланған медициналық журналдарда жарияланған клиникалық сынақ нәтижелері жоқ. 

 

БАҚ пен Денсаумин баяндамаларынан «вакцинаның вирустан қорғау ықтималдығы 96 %» дегенді көрдік. Бірақ онда бұл көрсеткіш қайдан алынғаны туралы ешнәрсе айтылмайды, еш дәлел келтірілмейді. 

 


 

Қазақстан вакцинасын жасағандардың бірі, Ғылым комитетінің биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының аса қауіпті инфекцияларды зерттеу лабораториясы жетекшісі Лесбек Құтымбетов «Азаттық радиосына» берген сұхбатта QazVac-ты өзіне салып көргенін, оның қауіпсіз екенін, бірақ үшінші сынақ нәтижелерін жариялауға уақыт жоғын айтқан еді. 

 

26 сәуірде БАҚ денсаулық сақтау министрі Алексей Цой QazVac салдырды деп жазды. 

 


 

Одан бөлек, үкіметтегілер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы QazVac-ты салдыруға кеңес береді деген. Олай емес: QazVac тек сыналып жатқан вакциналар қатарына кіргені болмаса, ұйым QazVac-ты салуға кеңес бермеді. 

 

Қысқаша айтқанда, сынақ нәтижелері шықпай тұрып бұл вакцина туралы сөз қозғай алмаймыз. Ол туралы жөнді ақпарат болмағандықтан халықтың вакцинацияға сенімі одан сайын төмендеп жатыр. 

 

Medsupport: 

 

Дүниежүзінде Covid-19-ға қарсы 265 вакцинаның 83-і клиникалық сынақ кезеңіне өте, яғни қауіпсіз екенін дәлелдей алды. 23-і клиникалық сынақтың үшінші кезеңіне өтті. Олардың арасында біздің QazVac та бар. Бұл — Қазақстанның ғылым саласы үшін үлкен жетістік. 

 

Бірақ басқа вакциналар жаппай салынар алдында олардың клиникалық сынақтардың толық емес нәтижелері рецензияланған халықаралық журналдарда шықты. Бірақ QazVac-тікі шықпады. Сондықтан оның қаншалық тиімді екенін айта алмаймыз. 

 

Біздің ойымызша, QazVac-ты салуда асығудың қажеті жоқ. Әйтпесе, халықтың жалпы вакцинацияға деген сенімінен айырыламыз. Сондай-ақ біз Денсаулық сақтау мен Білім және ғылым министрліктерін үшінші сынақтың толық емес нәтижесін жариялауға үндейміз. 

 

QazVac-ты салдырам деп шештім. Оны кім салдыра алады? Кімге салуға болмайды? 

 

Medsupport: 

 

Бас мемлекеттік санитария дәрігерінің қаулысына сенсек, QazVac-ты 18-ге толмағандар, жүкті мен емізетін әйелдер, вакцина құрамындағы затқа аллергиясы барлар, ауырып жүргендер мен иммунитет тапшылығы барлар салдыра алмайды. 

 

Егер жақында ауырған, мысалы, тұмауратқан болсаңыз, 2–4 аптадан кейін вакцина алуға кеңес беріледі. 

 

Жалпы, вакцина алар алдында дәрігеріңізге бір қаралғаныңыз жөн болар. 

 

Вакцинаның кері әсері қандай? 

 

  • үш күндей қызулауыңыз;
  • әлсіреуіңіз, тез шаршап қалуыңыз;
  • вакцина салынған жер ісіп, қызаруы; 
  • кей адамның аллергиясы болып, бұлшықеті сырқырауы мүмкін. 

Жаңа айтқанымыздай, қолымызда сынақ нәтижелері жоқ болғандықтан нақты қандай кері әсері болатынын білмейміз. 

 

QazVac-тың қанша дозасы салынады? 

 

Екі. Екіншісі біріншісін салдырғаннан 21 күн өткенде салынады. 

 

Екпе салдырғаннан кейін маска тақпай жүре берсек бола ма? 

 

Жоқ. Вирусқа қарсы иммунитет екпеден кейін бірден пайда болмайды. 

 


 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ВАКЦИНА САЛДЫРУ ӨЗ ЕРКІМІЗ БЕ: КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ ЕКПЕ ТУРАЛЫ 14 СҰРАҚҚА ЖАУАП

 


 

Екпе неге екі рет салынады? Иммунитет күшін арттыру үшін. Организмде антиденелер пайда болуы үшін бірнеше апта қажет. Қысқаша айтқанда, вакцина алғаннан кейін тағы екі ай сақтық шараларын ұстану керек.

 

Екпеден кейін нашар сезінсем, не істеу қажет?

 

Қабынуға қарсы стериод емес дәрілерді (парацетамол, ибупрофен) ішуге болады. Сонда да өзіңізді нашар сезініп, қызуыңыз түспесе, жедел жәрдем шақырыңыз не учаскелік дәрігеріңізге хабарласыңыз.

 

Екпе салдыру үшін қайда бару керек? 

 

Egov порталы не мобайл қосымшасы арқылы вакцинацияға жазылар болсаңыз, сонда барлық емхананың тізімі тұрады. Одан бөлек, қазір ірі сауда орталықтары мен базарларда да екпе алуға болады. Олардың тізімі әр қала әкімдігінің интернет ресурстарында көрсетілген.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

06/05/2021 12:22
4107 0

Уведомление