Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев әкесін сотқа берді
Forbes журналы оны ең бай 50 адамның қатарына қосқан
Фото: Ашық дереккөзден
NewsRoom99 телеграм арнасының мәліметінше, Болат Назарбаевтың тұңғыш баласы Нұрбол Назарбаев әкесі мен оның бұрынғы әйелі Гүлнұр Дүйсебаеваны сотқа берген. Нұрбол Назарбаев азаматтық соттан өзінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауды және Болат Назарбаевтың Гүлнұр Дүйсебаевамен некесін жарамсыз деп тануды сұраған.
Алғашқы сот отырысы 21 сәуірде өтеді. Онда алдын ала тыңдау болады деп күтілуде.
Бір ай бұрын Болат Назарбаев бұрынғы әйелі Гүлнұр Дүйсебаева сотқа берген. Ол сотта некені заңсыз деп тануды талап еткен. Ал Дүйсебаева қарсы талап қойып, балаларына алимент ретінде 10 миллион теңге талап еткен. Сот оның талабын ішінара қанағаттандырып, Болат Назарбаевтың табысының 4/1 бөлігін балаларына төлеуге міндеттеп, некені заңды деп таныған.
Болат Назарбаевтың үлкен ұлы Нұрбол Назарбаев құқық қорғау органында ұзақ жыл қызмет жасаған. Полиция полковнигі деген шені мен көптеген мемлекеттік наградалары бар. Қазір ол кәсіпкерлікпен айналысады. 2022 жылы Forbes журналы оны Қазақстанның ең бай 50 бизнесменінің қатарына қосқан.
2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың кейбір мүліктері мен жер телімдерінің мемлекет меншігіне қайтарылып жатқаны жөнінде ақпараттар БАҚ-қа ауық-ауық шығып тұрады. Бірақ ол мүліктердің қандай жолмен қайтарылғаны және бұған дейін оны қалай иемденгені жөнінде ешқандай дерек жоқ. Ол үшін Болат Назарбаевтың қандай да бір жауапкершілікке тартылған-тартылмағаны жөнінде де айтылмайды.
Пікірлер жоқ.