«Бұл жерде ҰҚК шешеді»: Тараздағы қаңтаршылар сотына журналистерді кіргізбеді
Тараз қаласында Қанды Қаңтар оқиғасы бойынша істі болған тоғыз адамның соты жалғасуда. 4 сәуірде өткен сот отырысына судья Қадірбек Нұржан журналистерді кіргізбеді. Ашық сотқа БАҚ өкілдерін не себепті кіргізбегенін түсіндірмеді.
Тараз қаласында орналасқан ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты N67 мекемесі (Тергеу изоляторы) ғимаратында өтіп жатқан сот отырысы бастапқыда ашық өтеді делінген. Бірақ процесс басталар алдында мекеме қызметкерлері мен сот хатшысы журналистерді «тізімде жоқсыздар» деген желеумен залға кіргізбей қойды. БАҚ өкілдерінің түсініктеме беруді талап еткен өтінішіне де мардымды жауап бермеді.
– Ашық сотқа кіргізбе, анау-мынау деп мен айтқан жоқпын. Мен жақтан ештеңе жоқ. Сотталушылардың қорғаушылары «сен кіргізбей жатсың» деп айтып жатыр. Менің оған қатысым жоқ. Облыстық сот ғимараты жағына онлайн жасап қойған. Сол жаққа барып, көріп отыруға болады. Мекеме басшылығы «кіргізіп жатырсыңдар, (сотталушылармен – ред) жолықтырып жатырсыңдар» деп, ертең бізге әңгіме айтады, – деді Қанат есімді сот хатшысы журналистерге.
Бұған дейін болған екі сот процесіне БАҚ өкілдері ешқандай кедергісіз кірген. Сол уақытта сотталушылар журналистерге тергеу кезінде заңсыздықтар болғанын, тағылған айыппен келіспейтіндерін айтқан.
Іс бойынша Қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған ҰҚК подполковнигі Дастан Әділбайды өлтірді деп айыпталған Ербол Жұманов дәлел ретінде көрсетілген видеолардың монтаждалғанын, істе барлығын Ұлттық қауіпсіздік комитеті шешетінін айтқан.
– Комитет подполковнигін өлтірді деп айыптап отыр. Мен онда болмағам. Олардың дәлелдеме видеолары кесілген, алынып тасталған. Нагло болып жатыр. Заңсыз былық. Бұл жерде тек ҰҚК шешеді. Ешқандай әкім де, сот та шешпейді. Адам өлтірмек тұрмақ ол жақта болғаным да жоқ. Болдың, өлтірдің деп, жалғыз өзің қырық адамды қырып кеттің деп жатыр. Онда Арлан бар, ҰҚК пен әскерилер бар, қалай жалғыз өзім қырып кетемін?.. Видеода бір дәлел жоқ. 380-баптың 1-бөлігімен соттап жатыр, оған 15 жылдан өмір бойына дейін жаза қарастырылған. Мен мүлде түрмеде отырмаған адаммын. Мен ол кезде үйде болғам, – деген ол.
Ербол Жұманов Дастан Әділбайдың ҰҚК мен әскерилердің атысуы салдарынан қайтыс болды дейді. Ол бұны бейне жазбалар арқылы дәлелдеп те берген. Бірақ оған сот та, прокурор да назар аудармаған.
– ҰҚК мен әскерилер бір-бірімен атысып, подполковник Әділбайды өлтіріп қояды. Біреуді айыптау керек қой. Алады да әке-шешем жоқ, жеке адвокат жалдауға шамасы жоқ маған іледі. Үкіметтің берген адвокаты үндемейді, өзім үшін өзім сөйлеп отырмын. Қырық адамның арасына жалғыз барып, подполковникті өлтіріп кетеді екенмін, – деген Жұманов.
Бұған дейінгі сот процесінде іс бойынша күдікті деп танылған әкелі-балалы Нұрахан Махатов пен Қанат Нұраханұлы да БАҚ өкілдеріне өздеріне тағылған айыппен келіспейтіндерін жеткізген.
Нұрахан Махатов Қаңтар оқиғасы кезінде алаңға облыс әкімдігінің өтініші бойынша, халыққа басу айтуға барғанын, ешқандай бүлік ұйымдастырмағанын айтқан.
– Ұйымдастырушы не екенін де білмеймін. Менің қол астымда 70 адам жұмыс істейді, бәрі жастар. Егер мен организатор болсам, жүр десем келетін еді ғой. Жалғыз басу айтуға бардым, сонда болған бір-екі ақсақал да айтты. 70-80 адамды ертіп әкелгендер сыртта жүр. Басу айтуға барып, басым бәлеге қалды, – деген ол.
Қанат Нұраханұлы Қаңтар оқиғасы кезінде әкесін іздеп барғанын айтады. Оның сөзінше, тергеу кезінде әкесін айтып бопсалаған.
– Қаңтар оқиғасында әкемді іздеп барғанмын. Полиция департаменті жақта болмағам. Маған ұйымдастырушы болдың, қару-жарақ алдың деп іліп жатыр. Бір видео, бір қарудан саусақ ізі, дәлел табылмаған. Қанша адам қару ұрлап, арсеналмен шығып кетті. Әкеммен шантаж жасап, негізсіз ұстап отыр. ...Маған таққан айыптың бәрі жалған. Маған қатысы жоқ әлдебір видеоны сылтауратып жапты. Тоқаев, бізге көмектес, Таразға мән бер! – деген Нұраханұлы.
Іс бойынша айыпталған тоғыз адам бұған дейін бір-бірін танымаған. Оларға «Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру», «Қаруды, оқ-дәрілердi жымқыру», «Құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің өміріне қолсұғушылық» және т б баптар бойынша айып тағылған. Олардың ешқайсысы тағылған айыппен келіспейді.
Іс бойынша айыпталып отырғандар:
Айбол Сағынтай, 30 жаста – Қылмыстық кодекстің 272-бабының 1,2,3-бөлігімен;
Досмұхамбет Садықов, 36 жаста – Қылмыстық кодекстің 272-бабы 2-бөлігімен;
Дәурен Нұралиева, 28 жаста – Қылмыстық кодекстің 272-бабының 1,2,3-бөлігімен;
Ермахан Сайлауов, 24 жаста – Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі негізінде 291-бабы 3-бөлігі 4-тармағымен және 287-бабы 4-бөлігімен;
Ербол Жұманов, 38 жаста – Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі негізінде 291-бабы 3-бөлігі 4-тармағы, 380-1-бабы 2-бөлігі 10-тармағы, 287-бабы 4-бөлігімен;
Жақсылық Абдуллаев, 32 жаста – Қылмыстық кодекстің 272-бабының 1,2,3-бөлігімен;
Нұрахан Махатов, 64 жаста – Қылмыстық кодекстің 272-бабының 1,2,3-бөлігімен;
Қанат Нұраханұлы, 35 жаста – Қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі негізінде 272-бабының 1, 2, 3-бөліктері және 28-бабы 3-бөлігі негізінде 291-бабы 3-бөлігі 4-тармағымен;
Саламат Қосанов, 21 жаста – Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-бөлігімен.
Пікірлер жоқ.