«Біз қарапайым халықпыз!». Белсенділер әйелдер шеруін өткізуге рұқсат беруді талап етті
«Бейбіт жиындарға арналған арнайы орын сұрау туралы норма жойылуы керек»
Фото: Азаттық радиосы
5 ақпанда Алматыда феминистер 8 наурызда шеру мен митинг өткізуге рұқсат беруді талап етіп, митинг өткізді.
Жиында қатысушылар әкімдіктің 8 наурызда митинг өткізуге рұқсат бермегеніне наразылықтарын білдірді. «8 наурызда әйелдер шеруі өтуі керек», «Шеру болсын», «Біз қарапайым халықпыз», «Үндемей қалма, айт, сөйле» деп ұрандатты.
Митинг кезінде шерушілер арнайы қарар қабылдады. Оған 115 адам қол қойды.
– «Конституцияда шеру мен митингіге арналған орындар бос емес» немесе «жөндеу жұмыстары жүріп жатыр» деген себептер [бейбіт жиынға] шектеу болатыны жазылмаған. Бейбіт жиындарға арналған арнайы орын сұрау туралы норма жойылуы керек. Әкімдіктер ұйымдастырушыларға бейбіт жиын өткізуге көмектесіп, оларға кедергі жасамауы керек. Әсіресе әйелдер өткізетін бейбіт жиында қауіпсіздікті сақтау мемлекеттің тікелей міндеті болуы керек. 8 наурыздағы әйелдер шеруі өтуі керек, – деп жазылған қарарда.
2022 жылы желтоқсанның аяғында 8 наурызда әйелдер шеруі мен митинг өткізуді жоспарлаған белсенділер Алматы әкімдігі митинг өткізуге рұқсат бермегенін хабарлаған.
Бұл жолы әкімдік Алматыда бейбіт жиынға бөлінген төрт орында 8 наурызда өтетін шаралар бекітіліп қойғанын алға тартып, рұқсат бермеген. Әкімдіктің хабарлауынша, өтінішті «Еріктілер лигасы» берген. Билік олардың 8 наурызға жоспарланған үш митинг пен 5 шақырымға созылатын шеруін мақұлдаған.
«Еріктілер лигасының» өкілі «Азаттық» радиосына митинг өткізу жоспары болғанын растаған, бірақ қандай іс-шара екенін есіне түсіре алмаған. Бұл ұйым Алматы, Астана әкімдіктерінен, әсіресе ішкі саясат, жастар саясаты басқармаларынан жиі тапсырыс алады.
Әйелдер шеруі Алматыда 2017 жылдан бері өтіп келеді. Былтыр да болған. Негізгі талаптары әйел құқығы мен олардың саясаттағы орны.
Пікірлер жоқ.