Біреуге қателесіп ақша аударып қойдым. Қайтіп қайтарып алсам болады?
masa нұсқаулығы
Біз күнде онлайн банкиң арқылы бір-бірімізге ақша аударамыз. Кейде карта не телефон нөмірін қате теріп, ақшаны танымайтын біреуге жолдап жіберуіміз мүмкін. Мұндайда қайтпек керек?
Материалды дайындауға көмектескен адвокат Тайыр Назхановқа алғыс айтамыз
Ақша жіберген адамға хабарласыңыз
Есіңізде болсын: ақшаны алған адам оны қайтаруға міндетті (Азаматтық кодекстің 953-бабы).
Ақшаңызды телефон нөмірі арқылы жіберсеңіз, сол нөмірдің иесіне хабарласып, қателесіп кеткеніңізді айтып, ақшаны қайтаруды өтініңіз.
Алған адам «алаяқ болуыңыз мүмкін, сізге сенбеймін» деп ақшаны бірден қайтармауы мүмкін.
Олай емесіне дәлел келтіріңіз. Мысалы, ақша аударғаныңыз туралы чекті көрсетіңіз немесе банкіге бірге барайық деп ұсыныс білдіріңіз.
Алаяқ емесіңізді дәлелдесеңіз де, азамат ақшаны қайтармаймын десе, мұнысы негізсіз баю екенін, сотқа баратыныңызды айтыңыз (Азаматтық кодекстің 953-бабы).
Банкіге жүгініңіз
Қай банкінің картасынан ақша жіберсеңіз, сол банкіге барып жағдайыңызды түсіндіріңіз.
Кейде карта нөмірі не реквизит арқылы аударғанда ақша тек бірнеше сағаттан кейін түседі. Банкіге дереу хабарласып, операцияны тоқтатуды талап етіңіз.
Егер ақшаны алған адамға хабарласып та, банк арқылы да қайтара алмасыңыз, жол біреу — сотқа барыңыз.
Онда ақшаны қателесіп жібергеніңізді дәлелдеу керек. Не дәләл бола алады?
Мысалы, анаңыздың телефон не карта нөмірі ақша жіберіп қойған адамның нөміріне ұқсас болуы немесе айына белгілі бір шотқа ақша аударып жүргеніңіз, бірақ осы жолы қателесіп кеткеніңіз. Ақшаны алған адамға бір рет — ақша аударғаннан кейін телефон шалғаныңыз да дәлел бола алады. Ол үшін телефон операторынан қоңыраулар тарихын көрсетуін өтініңіз.
Ал маған біреу қателесіп ақша жіберсе ше?
- Шотыңызды бір тексеріп алыңыз. Алаяқтар сізге ақша түсті деп өтірік хабарлама жіберуі мүмкін.
- Сізге біреу ақша аударуға тиіс еді, алайда мұны ұмытып кетуіңіз мүмкін. Сондықтан банкіге хабарласып не барып, кім аударғанын біліңіз. Біреу сізге әдейі ақша аударған шығар.
Егер ақша шотыңызға түскен болса, бірақ кім жібергенін білмесеңіз, банкіге хабараласып, ақшаны иесіне қайтарғым келеді деп көмек сұраңыз.
Маңызды: ақшаны жұмсап не басқа біреуге аударып жібермеңіз. Біріншіден, бұл сіздің ақшаңыз емес. Екіншіден, алаяқтыққа қатысы бар деген желеумен сотталып кетуіңіз мүмкін. Сондықтан банкіге хабараласып, ақшаны иесіне дереу қайтарып беріңіз.
Иллюстрация: Лейла Тапалова
Пікірлер жоқ.