Біреу менің атымнан несие алған. Енді не істеймін?

Masa нұсқаулығы


11/05/2021
12:16 5026 0

Қазақстанда алаяқтық ең көп жасалатын қылмыстар арасында екінші орын алады. 2020 жылы осы бап бойынша 33 653 іс тіркелген екен. Алаяқтықтың кең таралған түрлерінің бірі — заңсыз несие рәсімдеу. 

 

Біреу атыңызды пайдаланып, несие алса, қайтпек керек? Осы сұраққа жауап береміз. 

 

 

Несие бар-жоғын қайдан білуге болады? 

Электрон үкімет сайтынан не Бірінші несие бюросынан. Онлайн білгіңіз келсе, ЭЦК қажет болады. Егер қолыңыздан келмесе, Мемлекеттік несие бюросына барыңыз.

 

 

Атыма біреу несие рәсімдеген екен, не істейін? 

  • Сол несиені берген банк не ұйымға хабарласыңыз. Ешқандай келісімшарт жасамағаныңызды да, ақша да алмағаныңызды айтыңыз. Олар ішкі тексеріс жүргізсін.

  • Жеке куәлігіңіз не төлқұжатыңыз жоғалған болса, сол туралы анықтаманы көрсетіңіз. 

  • Несие шартының көшірмесін сұраңыз. Сотта қолжазу сараптамасына керек болып қалуы мүмкін. 

 

Егер ешқандай несие алмағаныңыз дәлелденсе, банк не ұйым одан атыңызды алып тастайды. Бірақ көбіне несие алмағаныңызды сотта дәләлдеуіңіз керек болады. 

 

 

Несие бергендер ештеңе істемесе, қайтейін?

Полицияға не банк орналасқан ауданның азаматтық сотына жүгініңіз. Полиция «Алаяқтық» бабы бойынша соталды тергеу бастасын. 

 

Қылмыскерді тапса, істі прокуратураға, кейін сотқа жібереді. 

 

 

Алаяқтың жазасы қандай болады?

ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша алаяққа 1 мың АЕК-ге (2 917 000 теңге) дейінгі айыппұл салынады не 600 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады не екі жылға бас бостандығы шектеледі не одан айырылады. Егер алаяқ бір емес, бірнеше рет қылмыс жасаған болса, жаза қатаңдатылып, мүлкі тәркіленуі мүмкін.

 

 

Алаяқ сотталды, бірақ ақшамды әлі қайтармады, не істейін? 

Қылмыскер материалдық зиян келтірді деп арыз түсіре аласыз. Оның үлгілері сот кабинетінің сайтында бар. 

 

Арызға дәлелді тіркеп, залалдың өсімақыны қосқандағы сомасын көрсетіңіз. Кейін оны азаматтық сотқа жіберіңіз. 

 

Сот оны қанағаттандырып жатса, үкім парағын алуға өтініш беріңіз. Ол үшін бес жұмыс күні өткеннен кейін сот хатшысына хабарласыңыз. Қазір карантинде үкім қағазын өтініште көрсетілген мекенжайға жіберуі мүмкін. 

 

Сол құжатты жеке сот орындаушыларына тапсырыңыз: олар ақшаңызды борышкерден алып береді. 

 

 

Несие тарихымды қалай түзетсем болады?

Бірінші несие бюросына барып немесе онлайн өтініш жазыңыз. Қарызға еш қатысыңыз жоғын дәлелдейтін сот шешімін көрсетіңіз. 

 

Бюро тарихыңызды түзеу үшін несие берушілерге жүгінеді. 

 

Алаяқтардан қалай қорғансам болады? 

  • Жеке несие есебіңізді үнемі тексеріп отырыңыз. Ол үшін Бірінші несие бюросының ақылы қызметіне жазылсаңыз болады. Олар сізге несие тарихыңыз өзгерген бойда SMS жібереді. Ақысы — айына 500 теңге.
     
  • Жеке куәлігіңізді ешкімге бермеңіз, кепіл ретінде қалдырмаңыз.

  • Оны сканерлеуге, суретке түсіруге, көшірмесін жасауға жол бермеңіз. Сіз де фотоға түсіріп, бейтаныс адамдарға жібермеңіз. 

  • Картаңызға ақша түссе, қайдан келгенін тексеріңіз. Белгісіз біреу аударса, банкіге қоңырау шалып, транзакцияны тоқтатыңыз. Ақша келген шотқа қайтып барсын.

 

Алаяқтар көбінесе былай істейді: сізге қоңырау соғып не жазып, әлдебіреу сізге қателесіп ақша аударды деген сылтаумен оны өзге шотқа аударуды сұрайды. Сақ болыңыз: ол ақша атыңызға рәсімделген несиенің ақшасы болуы мүмкін.

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

11/05/2021 12:16
5026 0

Уведомление