Билік сайлау нәтижесіне қарсы митинг өткізуге рұқсат бермеуде

Белсенділер Алматы, Шымкент, Петропавлда митинг өткізгісі келген


31/03/2023
12:18 18246 0

Фото: Ашық дереккөзден

Алматы, Шымкент және Петропавл қалаларында жергілікті билік белсенділерге сайлау нәтижесін жоюды талап ететін митинг өткізуге рұқсат бермеді. Белсенділер шараны 2 сәуірде өткізгісі келген.

Шымкентте қалалық ішкі саясат басқармасы азаматтық белсенді Бекжан Сәуірбаевтың өтінішінде ақпарат толық емес деп кері қайтарды. Ақпаратты NotExtremists телеграм-арнасы жариялады. Олар әкімдік жауабының көшірмесін де тіркеп салған.  

Петропавлда жергілікті билік тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясы мүшесінің ядролық апат құрбандарына арналған алаңда 2 сәуірде бейбіт жиын өткізуіне рұқсат берген жоқ. Әкімдік сол күні экоакция өтетінін айтқан.

Алматыда "Алға, Қазақстан" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың мүшесі Әсет Әбішев те митинг өткізуге рұқсат ала алмады. Ол әкімдікке 2 сәуірде Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда митинг өткізетінін ескерткен. Жергілікті атқарушы орган оған сол күні қоғамдық-мәдени шара өтетінін алға тартып, өтінішін кері қайтарған.

Жаңаөзен қаласында жергілікті тұрғын Естай Қарашаев пен Нұргүл Тәңірбергенова да Азаттыққа сайлау нәтижесіне қарсы митинг өткізуге өтініш берген кезде рұқсат ала алмағанын айтты. Олар өтінішті жеке-жеке тапсырған.

Бұған дейін Оралда да журналист Лұқпан Ахмедияров 19 наурыз күнгі сайлаудың нәтижесіне қарсы митинг өткізуге рұқсат ала алмаған. 

Елде кезектен тыс парламент және мәслихат сайлауы 19 наурызда өткен. Кезектен тыс сайлауға өз-өзін ұсынып, мәжіліс пен мәслихатқа өтпей қалған кандидаттар дауыс беру кезінде заң бұзылғанын айтып, сайлау нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеді. Елдің кемі төрт өңірінде: Алматыда, Астанада, Шымкентте, Оралда сайлауға түскен үміткерлер сайлау нәтижесін жоюды, дауыс беруді қайта өткізуді талап еткен.

Сайлауды бақылаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) сайлауды бақылау миссиясы дауыс санау процесіне алаңдаушылық білдірген. Елдегі тәуелсіз бақылаушылар да сайлауда заңбұзушылық көп тіркелгенін мәлімдеді.

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

31/03/2023 12:18
18246 0

Уведомление