«Бейбіт наразыларға күш қолданды». Amnesty International ұйымы Қаңтар оқиғасына қатысты есебін жариялады
Бейбіт наразыларға да, жаппай тәртіпсіздікке қатысқандарға да, көшеде кетіп бара жатқандарға да оқ атылғаны
Фото: Ашық дереккөзден
Amnesty International құқық қорғау ұйымы әлемдегі адам құқығының ахуалы туралы 2022 жылғы есебінде Қазақстанда Қаңтар оқиғасы кезінде адам құқығы бұзылып, азаптау, заңсыз қудалау күшейгенін жазады. Бұл жөнінде Азаттық радиосы хабарлады
«КҮШ ҚҰРЫЛЫМДАРЫ БЕЙБІТ НАРАЗЫЛАРҒА КҮШ ҚОЛДАНДЫ»
«Қазақстанда ойды еркін айту мен бейбіт митингіге шығу құқығы заңсыз шектелді. Бұл [2022 жылғы] қаңтардағы наразылық кезінде де көрінді. Күш құрылымдары бейбіт наразыларға шектен тыс күш қолданып, салдарынан адамдар қаза тапты және жараланды. Митингіге шыққандар жөн-жосықсыз ұсталып, қамауда азапталды. Ал наразыларға күш қолданған орган қызметкерлері жазаланбады. Наразылықтардан хабар таратқан журналистер қуғынға ұшырады, кейбірі ұсталды» дейді Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы 28 наурызда жариялаған баяндамасында.
Ұйымның есебінде Қазақстанда 2022 жылғы қаңтарда Жаңаөзенде сұйылтылған газдың қымбаттауына қарсы наразылықтан кейін тәртіпсіздікке ұласқан Қаңтар оқиғасында адам құқығы көп бұзылғаны жазылған.
Баяндамада Қазақстан билігі кемі 238 адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасы кезінде «адамдар жаппай ұсталып, шектен тыс күш қолданылғаны», «бейбіт наразыларға да, жаппай тәртіпсіздікке қатысқандарға да, тонаушыларға да, көшеде кетіп бара жатқандарға да оқ атылғаны» айтылады.
Amnesty International есебінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасы кезінде әскерилерге ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін, наразыларды «террорист» деп атағанын да көрсеткен.
Ұйым Қаңтар оқиғасы кезінде оқ ату оқиғаларының көбі сол күйі ашылмай қалғанын жаза келе, былтыр 27 қазанда билік жариялаған амнистиядан соң «адам өлтірген орган қызметкерлерінің көбі қылмыстық жазадан құтылып кетуі мүмкін» дейді.
«ҚАРА МАСКАЛЫ ПОЛИЦЕЙЛЕРДІҢ АЗАПТАУЫ»
Amnesty International Қаңтарда ұсталғандардың көбін орган қызметкерлері азаптағанын да атап өткен. Адамдарды «спортзалдарда, орын толып кеткен камераларда ұстап, еденде ұйықтауға мәжбүрлеген. Тамақты аз берген я мүлде бермеген, медициналық көмек беруден бас тартқан. Полицейлер бетін қара маскамен жауып алып, қамаудағыларды азаптаған»деп мәлімдеді ұйым құқық қорғаушыларға сілтеме жасап.
Баяндамада Қаңтар оқиғасында ұсталып, қамалғандардың электрошокермен, үтікпен, инемен, токпен, пакетпен азапталғанын да баса айтқан.
«Билік азаптаудан алты адам қаза тапқанын мойындады. Бірақ азаптау туралы арыздар толық тергелген жоқ. Қағаз жүзінде басталған тергеулердің көбі сотқа жетпеді. Шенеуніктердің сөзінше, азаптау ісі бойынша 300 іс тергеліп, бірақ органдардың 49 қызметкері ғана жауапқа тартылған» дейді ұйым.
Халықаралық ұйым баяндамасында «Қазақстанда бейбіт митинг заңындағы шектеулер сол күйі қалды. Билік әдеттегідей осы заңға сілтеп, өздеріне жақпаған митингілерге бұлыңғыр әрі техникалық себептерді алға тартып, рұқсат бермеді. Қазақстандық құқық қорғаушылардың есебінше, 2022 жылы әкімдіктер кемі 154 бейбіт митингіге рұқсат бермеген. Құқық қорғау органдары митингіге шығады-ау дегендерді алдын ала ұстады» деп жазады.
Amnesty International Қазақстанда баспасөз еркіндігі жыл бойы шектелгенін, билік «экстремист» деп тапқан ұйымның жұмысына араласқандар қылмыстық қудалауға ұшырап жатқанын айтады.
Ұйым Қаңтар оқиғасынан соң істі болып жатқан оппозициялық белсенді Жанболат Мамайға тағылған барлық айып оның адам құқығы үшін жасаған әрекеттеріне қатысты деп есептейді. Мамайға «жалған ақпарат таратты», «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деген айып тағылған. Ол бұл айыптардың «саяси астары бар» деп біледі.
Халықаралық ұйым Қазақстан Қылмыстық кодекстен өлім жазасын түгел алып тастағанын мақтаған, бірақ ел климат мәселесін шешуге келгенде сәтсіздікке ұшырағанын жазады.
«Қазақстанның энергетикалық секторы жанар-жағармайға толық тәуелді болып тұр» дейді Amnesty.
Өткен аптада АҚШ мемлекеттік департаменті де адам құқығына қатысты есебінде Қазақстанда 2022 жылы азаптау жиілеп, жемқорлық күшейгенін, сөз бостандығы мен азаматтардың еркіндігі айтарлықтай шектелгенін жазған. Ресми Астана бұл баяндамаға қатысты ешқандай реакция білдірмеді.
Қазақстан билігі әдетте халықаралық құқық қорғау ұйымдарының мәлімдемелері туралы сирек пікірлерінде сынды мойындаудан бас тартады. Мемлекет саяси өзгерістер туралы айтып, адам құқықтары мен бостандықтарына қатысты заңнаманы халықаралық құқық талаптарына сай жетілдіруге уәде береді.
Human Right Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Астана Қаңтар оқиғасындағы адам өлімі, азаптау істерін «біржақты тергеді» деп мәлімдеген. Астана Human Right Watch мәлімдемесіне келіспейтінін жариялады. Құқық қорғаушылар Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасына халықаралық тергеу жүргізуге үндеген. Бірақ Ақорда бұл ұсыныстан бас тартты.
Пікірлер жоқ.