«Белсенді болам деп ойламадым. Балаларға тек көмектескім келген»

Қазақстанның жас белсенділері немен айналысады



19/04/2021 13:33 71395 0

19/04/2021
13:33 71395 0

masa.media Қазақстан жастарымен сөйлесіп, олардың қалай белсенді болғанын, көкейкесті проблемаларды қозғарда көрген қиындықтары мен алда не істемегін біліп көрді. 

 

Гүлназ Қорданова

 

Білім саласындағы белсенді. Connected және Teach for All Kazakhstan жобаларының авторы

 

 

«Жобаларымды бастағанда белсенді болам деп ойламадым. Сапалы білім алуға мүмкіндігі жоқ балаларға тек көмектескім келді. Өйткені білім алу белгілі бір топқа ғана тиесілі зат емес, әр адамның құқығы».

 

Білім саласында жүргеніме алты жыл болды. Негізгі мамандығым  — физика мұғалімі. Теңсіздік мәселесін университетке түскенде байқай бастадым. Тобымдағы әртүрлі аймақтан жиналған балалардың әртүрлі білім алғаны бірден білінетін. Мұны сабақ бергенде де көрдім. Ауыл аймақты былай қойғанда, Алматының өзінде балалардың білім алу мүмкіндігі тең емес. «Неге үй жұмысын орындамадың?» деп сұрағанда «Уақытым болмады. Сабақтан кейін ТЖО-да жұмыс істедім» дейтіндер бар. 

 

Ауылға барып, 11–10 сыныпта оқып жатқан сіңлілерімнің дайындығын көргенде бұл мәселенің қаншалықты ауқымды және дәл қасымда екеніне көзім жетті. Олардың қасында мен бір ғылым академигі сияқты едім.

 

2016 жылы Teach For All жобасымен таныстым. Бұл — коллеж бен университеттердің мұғалім болғысы келетін үздік түлектерін ауыл-аймақтарға мұғалім ретінде жіберетін жоба. Оның мақсаты сапалы білімді жаңа әрі жас мұғалімдер арқылы беру.  Қазір Teach For All 60 шақты елде бар. Елге келгесін осындай жобаны Қазақстанда да жасағым келді. Бірақ мектептерге мұғалім жіберу үшін министрліктің рұқсаты керек. Бізге оны әлі берген жоқ. 

 

Оны қойып, былтыр карантинде онлайн оқуға мүмкіндігі жоқ балаларға техника тарату үшін Connected жобасын бастадық. Қазір жоба аясында 169 отбасына ноутбук таратылды. Сол кезде «Сорос-Қазақстан» қорынан грант жеңіп алдық. Бірақ қаражат тек 50 шақты балаға көмектесуге жетті. Кейін түрлі ұйым, компания мен қарапайым жанашыр кісілердің керек емес нотбуктерін жөндеп тараттық.  Алғашында тек береміз де қоямыз дегенбіз, бірақ олардың таратқан техниканы қолдана алмайтынын білген соң оны да үйретейік деп Youtube арнамызды аштық. 

 

Қазір сапалы білім алу үшін балалардың цифр құқығы тең болуы керек. Кейінгі зерттеулерге сенсек, Қазақстандағы балалардың 33 %-ы компьютерді ең төмен деңгейде қолданады екен. Қалғандарының тіпті компьютері жоқ. Кейін бұл балалар дұрыс жұмысқа орналасып, жағдайын жасай алмаса олар экономикаға ықпал етеді.  

 

Болашақта Connected-ті цифр теңдікке ұмтылатын жоба, Teach For All сияқты үлкен нетуорк болса дейміз. Қазірдің өзінде Косова еліндегі достарымыз жобаны өз елінде жасауға рұқсат алып, жұмыс бастап жатыр. Жақында Қырғызстан белсенділері де осындай ниет білдірді. Осылай Қазақстаннан басталған жоба бүкіл әлемге тараса керемет болар еді.

 

Мақсат Мәліков

 

Тіл белсендісі. Qazaqsha jaz, Qazaq Grammar, «Жаңа сөздік», TNZ Group негізін қалаушылардың бірі

 

 

«Елімізде қазақ көп болғанымен, олардың қазақша ақпарат алу құқығы шектеулі. Барлық ақпарат әуелі орысша беріледі, қызмет те алдымен орыс тілінде көрсетіледі». 

 

Қоғамда әлі күнге дейін «Қазақша сөйлесең, білімсізсің» деген вайбтар бар. Фильмде де қазақша сөйлейтін адамды күзетші немесе бұзақы біреу етіп көрсетеді. Осы стереотиптердің бәрі жойылып, қазақша сөйлеу нормаға айналуы керек. Жасайтын жобаларым да осы мәселенің төңірегіндегі тақырыптарды қозғайды.

 

Белсенділікке аудармаға қызығу арқылы келдім. 11–12 жасымнан бастап шет тілінде орыс, батыс әдебиетін көп оқыдым. Сөйтіп 18 жасымда «Осыны қазақша да жасауға болады ғой» деп, аудармамен айналыса бастадым: «ВКонтакте-де» топ ашып, бұған қызығатын адамдардың басын қостым. Қазір жасайтын жобаларымның көбін сол кісілермен бірге жүргіземін. 

 

Qazaq Grammar жобасын екі адам бастаған, мен үшінші болып қосылдым. Алғашында қазақша латын әліпбиінің нұсқасын дайындау үшін жиналғанбыз. Қазір қазақ тіліне қатысты әртүрлі ақпарат беріп, былайша айтқанда ағартушылықпен айналысып жүрміз. Ал TNZ Group-та басында фильмдерді субтитрлап аударып жүргенмін. Кейін аниме дыбыстайтын бір баланы тауып алып, екеуіміз бірге «Секундына бес сантиметр» деген анимені аудардық. Кейін аудармаға мен дыбыстауға қызығатындар қатарымызға қосыла бастады. Айтпақшы, «Теңіз» (TNZ) деген атауды көбі мұнайға байланысты деп ойлайды. Олай емес. Бұл — қазақ тілі үлкен теңіз болса, біз сонда жүзіп жүрген қайықпыз деген сияқты романтикалық вайбпен қойылған атау. 

 

TNZ Group-тағы кісілермен Telegram мессенжерін де қазақшаға аударып тастадық. Қосымша әкімшілігі бұл нұсқаны мақұлдаса да, әлі ресми тізімге енбеді. Оның енер-енбесі қолданушылар санына мен Павел Дуровтың көңіл-күйіне байланысты.

 

Болашақта Minecraft, Dota сияқты балалық шағымыздың ойындарын аударып, гоблиндік аудармамен, дыбыстаумен айналысатын студия ашқым келеді. Алдағы уақытта «Аватар Әң: соңғы ауа иесі» анимесін және басын бастап қойған «Ажал дәптері» мен «Нарутоны» соңына дейін аударсақ деп отырмыз. 

 

Жақын арада түрлі ұйымнан қазақ тілінде ақпарат беріп, қызмет көрсетуін өтінетін Qazaqsha jaz қозғалысының сайтын ашпақпыз. Ол жақта біз тербеген (қазақша ақпарат сұраған — ред.) барлық компания мен ұйымдың байланыс дерегі болады. Сол арқылы белсенділеріміз олардың қазақша ақпарат беріп-бермейтінін тексеріп тұрады.

 

Владислав Филатов

 

Сәулетші, Gradoblogala жобасының авторы.

 

 

«Қаланың сырт келбеті адамның түрі сияқты. Оған қарап ішіндегі тіршіліктің жай-күйін, ауру-сырқатын көруге болады. Сондықтан кайда тұрсаңыз да, айналаңыздың сәулет, қоғамдық орын сияқты аз да болсын материалдық жағдайы болуы керек. Бұл — әркімнің жайлы қоршаған ортада өмір сүру құқығы». 

 

Мен — архитектормын. Осыдан бірнеше жыл бұрын аға сәулетшім «Тастақтағы» ықшамаудандары туралы зерттеу жасаймыз деп грант ұтып алды. Сол зерттеуіміз қала әкімдігінің назарын аударып, соңында Дүйсенова көшесінің бойынан жаяу жүргіншілерге арналған 1,5 шақырымдық жер салдық. Мұның мыңдаған адамның өміріне әсер етіп, қауіпсіз серуендеуге мүмкіндік бергенін көрдім. 

 

Алдағы уақытта былтыр ашқан Gradablog Youtube каналын дамытуды жоспарлап отырмын. Көбірек аналитика қосып, сарапшылармен сұхбаттасқым келеді. Қалалық орта туралы толығырақ ақпарат беріп, тұрғындар қоршаған ортасының жүріп-тұруға ыңғайлы болуын конструктив түрде талап ете алса деймін. 

 

Одан бөлек, Абай даңғылын Достық көшесіне дейін зерттеп, кері қарай Момышұлы көшесіне дейін қайта жобалап шықсам деген ойым бар. Бірақ мен жай сызып қоя салатын «қағаздағы архитектор» емеспін. Бұл сызбаларымды шын өмірде де жүзеге асырғым келеді. Қазір сол үшін жұмыстарымды кәсіби ортада талқыға салып, жобаны жетілдіріп жатырмын. Бірақ ол үшін суреттерді барынша көп адам көруі, әсіресе, мұны жасай алатын адамдардың назарына ілінуі керек. 

 

Егер осы жоба іске асса Абай даңғылы жаяу жүргіншілердің де, велосипедшілердің де игілігіне айналатынына сенімдімін.



Мутали Москеу 

 

Музыкант, диджей, ЛГБТИК белсенді

 

 

«Маскулин стереотиптер мен гомофоб көзқарастарды әжуалап, келемеждеген ұнайды. Мұндай "әзілден" кейін олардың еш аргументі қалмайтын сияқты». 

 

Негізі, өзім — Tiktok креатор, музыкант және диджеймін. Желіде гей екенімді ашық айтып, ЛГБТ өкілдерінің өмірі мен қиындықтары туралы әзіл-шыны аралас видео түсіргесін, көбі мені белсенді деп таныса керек. Оған қарсы емес. 

 

TikTok-тағы белсенділігім карантин кезінде басталғанымен, феминизм мен теңдік тақырыбына 2017 жылдан бері қызығамын. 4-курста бір феминист профессормен әйел құқықтары, ЛГБТК өкілдерінің құқықтары туралы көп сөйлестік. Ақыры оқу жылының соңына қарай ұстанымдарым тұрақталып, алғаш рет құрбыма гей екенімді айттым. Содан бастап феминизм тақырыбына постар жазып, бірнеше марш мен митиңге қатыстым. 

 

Өзімнің сексориентациямды қабылдап, ЛГБТИК өкілдері туралы ашық айтуыма карантин әсер етті. Ол кезде психологқа қаралғанмын. Содан кейін бұрынғы әріптестерімнің, ескі достарымның гомофоб әрекеттері мен әзілдері есіме түсіп, біртүрлі ашу-ыза келетін. Оның үстіне карантинде барлық сезімім күшейіп, «Осылай үнім шықпай өліп кетсем не болады» деген ойлар келді. Сөйтіп TikTok-та видео түсіре бастадым. 

 

Өзімнің құқықтарым туралы айтуға дайын болған сәт бұл әлеуметтік желінің танымалдығына тұспа-тұс келді. Мұның арқасында өз аудиториямды таба алдым. Көп адам «Рахмет!», «Ағартушылығыңды жалғастыра бер» деп жазып жатады. Өткенде бір қыз «сені жек көретінмін, қазір сенің арқаңда адамдардың әртүрлі болатынын түсіндім» деп жазып жіберіпті. 

 

Азшылық өкілдерінің құқықтары шектелетін, оларды есепке де алмайтын Қазақстан сияқты ел үшін мен сияқты креаторлардың маңызы зор деп ойлаймын. Идеяларымыз бізді ұнатпайтын аудиторияға жетсе де, оларға бар екенімізді көрсетеміз. Біз де адам екенімізді, сезіне алатынмызды, (кейде олардыкінен де сорақы) қиындықтармен күресетінімізді көрсетеміз. 

 

Дина Ыбышева

 

Экобелсенді, «Жасыл Жүрек» жобасының негізін қалаушы

 

 

Әпкем екеуіміз пластик, қағаз және киім қалдықтарын қайта өңдеумен айналысамыз. Пластиктен әшекей бұйымдар әзірлейміз, ал ескі киімдерді түрлендіріп қайта жарамды етуге тырасамыз. Жалпы жобамыз арқылы заттарға адамгершілікпен қарауды түсіндіргіміз келеді. Мұны «Жасыл жүрек» деген атауынан-ақ түсінуге болады деп ойлаймын. 

 

Әпкем Саида да, мен де экология тақырыбына бұрыннан жақынбыз. Екеуіміз 90-шы жылдары туған соң ба, әйтеуір бала кезімізден затқа ұқыппен қарау керек, ысырап етпеу керек деген тәрбиемен өстік. Сурет салған парағымды лақтырып тастағанда анам «Оның әлі жазылмаған жері бар, неге тастайсың?» деп ұрысатын. Бір күні Саида жағаға шығып өліп қалған кит туралы видео көріп, түнімен жылап шықты. Ол киттің ішіне пластик толып қалған екен. Осыдан кейін екеуіміз де «бірдеңе істеу керек», «мұны айту керек» деп, «Жасыл Жүректі» қолға алдық.

 

«Негізі мәселе жаппай тұтынуда емес, қалдықтарды жұмсайтын жер жоғында. Ал бұл дүниежүзіндегі балансты бұзады. Қазірдің өзінде адамдардың ағзасынан микропластик тауып жатыр. Демек, келесі ұрпағымыз сол микропластикпен өмірге келеді. Мұның денсаулыққа зиян екені айтпасаң да түсінікті». 

 

Алматыда экология белсенділері өте көп болса да, адамдар экотұтынудың маңызын әлі түсінбейді. Жобамызды бастағанда мұны туыстарымыз бен жақындарымызға түсіндіре алмай біраз қиналғанбыз. Бірде Almaty Pop-Up Store жәрмеңкесінде бір кісі келіп «Сіздер қағаз өңдейсіздер ме?» деді. «Иә» деп жанымды салып түсіндіріп жатқан едім, «Боғымды да өңдеп бересің бе?» деді. Бұл сөзді өлгенше ұмытпайтын шығармын. Осылай жұмысымызды боққа батуға теңейтін пікірлерден кейін Саида да, мен де күйзелдім. Қайта қалпымызға келу үшін терепавтке қаралдық. 

 

Алғашқы жылдары жобаға қаржылай қолдау табу үшін, бірнеше грантқа өтініш бердік. Ешқайсында жолымыз болмады. Бәрі бірауыздан «Алматыда айтарлықтай көп қоқыс жоқ», «Жасай алмайсыңдар», «Жобаңның болашағы жоқ» деді. Бұйырмағаны шығар. Бірақ қазір Қазақстаннан қолдау іздегім келмейді. Мұнда белсенділерді қолдайды дегенге сенбеймін. Бірақ жобағы қатысты үлкен жоспарларымыз бар. 

 

Алдағы он жыл ішінде үлкен компания болғымыз келеді. Әр аймақта «Жасыл жүректің» жиһазбен айналысатын кеңсесі болса дейміз. Қыздардың капронын жыртпайтын, пластиктен жасалған парталар мен есігі жөндеп ашылатын дәретханалар орнатқым келеді. 

 

Эйри Асиева

 

Феминист, 8 наурызда өткен әйелдер шеруін ұйымдастырғандардың бірі

 

 

2014 жылы астанадағы басқа феминистермен бірге «ФемАстана» ұйымын құрдық. Кейін 2017 жылы Алматыға көшкен соң «КазФем» қозғалысына қосылдым. Ол жақта көбіне «төменгі» белсенділікпен, яғни әлеуметтік желілер мен іс-шаралар арқылы феминизм мен әйел теңдігі не екенін түсіндіріп жүрмін. Осыған дейін қоғамдағы феминизм мен зорлық-зомбылық сияқты өзекті мәселелерге қатысты бірнеше іс-шара ұйымдастырдық және 2017 жылдан бері әйел құқығын қорғауға арналған шерулер мен митиңдер өткізіп келеміз. 

 

«Феминизм — әйел адам екенін дәлелдейтін идея, әрекет және философия. Егер «әйел де еркек сияқты адам» деген аксиомаға сүйенсек, әйел теңдігіне қатысты барлық мәселе шешіледі. Бірақ өкінішке қарай, Қазақстан қоғамына «әйел де адам» деген түсінік әлі күнге дейін ерсі көрінеді».

 

Елімізде зорлық-зомбылық, харассмент, дәстүрлі стандарттар мен тең еңбекақы туралы бір де бір сенімді дерек жоқ. Біз бұл бағытта өте баяу жылжып келеміз. Десе де, жалпы, жағдай жылдан жылға жақсарып келеді. Осыдан бес жыл бұрын митиңге шыққанда өте көп негатив еститінбіз. Ал қазір бізді қолдайтындар көп. Мысалы, бұрын 1 адам алғыс айтса, 10 адам қаралайтын. Қазір бесеуі қарғаса, бесеуі алғыс жаудырады. Анам да алғашында «Мұның не? Күйеуге шықсаң, бәрі дұрысталады» деп үгіттеп көрді. Бірақ қазір немен айналысатынымды толық түсінбесе де, «қызың сектаға кіріп кетіпті» дейтін құрбыларына «Жоқ! Ол әйел құқығын қорғап жүр!» деп жауап қайырады.

 

Биыл Алматы әкімдігі әйелдер шеруін өткізуге рұқсат берді. Бұл жақсы өзгерістердің бастамасы деп ойлаймын. Себебі мемлекет белсенділермен келісімге келсе, қоғам да бізге сеніммен қарай бастайды. Көп адам тап болатын қиындықтарды ашық айтып, мәселенің қаншалық маңызды екенін көрсете алады. 

 

Феминизмнен бөлек, жазушылыққа, биологияға қызығамын. Осы қызығушылықтарымды феминизмге байланыстырып, былтыр қыздарға жазудың қыр-сырын үйрететін курс өткіздік. Алдағы уақытта да осындай іс-шаралар жасау ойымда бар. Оған қоса, Орталық Азиядағы әйел құқықтары туралы айтатын шағын медиамды не зерттеу жобамды бастағым келеді. Онда жаңа зерттеу жұмыстары мен жаңалықтарды аударып, бәрін қазбалап мәселенің төркінін іздесем деймін.

 


 

Фото: 1, 3 — Расул Бурханов, 2 — Шыңғыс Бакишев, 4, 5 — кейіпкерлердің өздері берді, 6 — liter.kz

Уведомление