Беларус оппозициясының көсемі Мария Колесникова 11 жылға түрмеге қамалды
Оған «мемлекеттік билікті басып алу үшін астыртын сөз байласты» деген айып тағылды
Фото: bbc.com
6 қыркүйекте Минск соты Беларус оппозициясы көсемдерінің бірі Мария Колесникованы 11 жылға, оның жақтасы әрі заңгері Максим Знакты 10 жылға түрмеге жапты. Мұны BBC хабарлайды.
Екеуіне:
- ұлт қауіпсіздігіне қарсы әрекет етуге үгіттеді;
- экстремист топ құрды;
- мемлекеттік билікті басып алу үшін астыртын сөз байласты деген айыптар тағылды.
2020 жылғы 9 тамызда президент сайлаудан кейін Беларуста жаппай наразылық басталған еді. Наразылар сайлау қорытындысы бұрмаланғанына, Светлана Тихановская емес, Александр Лукашенко президент болғанына қарсы шықты.
Мария Колесникова — беларус оппозициясының басты тұлғаларының бірі. Кандидат Виктор Бабариконың штабын басқарды. Полиция Бабариконы тұтқындағанда Светлана Тихановская, Вероника Цепкало мен Мария Колесникова бірігіп, үлкен сайлауалды кампания ұйымдастырды.
Сол жылғы 8 қыркүйекте күш құрылымдары Колесникованы елден шығарып жібермек болды. Бірақ саясаткер құжатын жыртып тастап, Беларустан кетуден бас тартты. Ертеңіне ол тұтқындалып, тергеу изоляторына қамалды.
Пікірлер жоқ.