Беларусь оппозициясы Еуропа парламентінің сыйлығына ие болды
Депутаттар сыйлықты оппозиция жетекшісі Светлана Тихановскаяға табыстады
Фото: dw.com
Он алтыншы желтоқсан күні Еуропа парламенті Беларусь оппозияциясына Андрей Сахаров атындағы сыйлық берді. Оны депутаттар оппозиция жетекшісі, Беларусь президентін сайлауда кандидат болған Светлана Тихановскаяға табыстаған. Бұл сыйлықты парламент адам құқығын қорғауға атсалысқандарға береді. Мұны BBC Орыс қызметі хабарлады.
Еуропарламент бұл сыйлықты Беларусь оппозициясына береміз деп 22 қазанда шешті. Басында парламенттің «Еуропа консерваторлары мен реформистері» фракциясы бұл жүлдені тек Тихановскаяға беру қажет деп еді, бірақ басқа үш фракция президент сайлаудың ресми қорытындысына қарсы шығып жүрген Беларусь оппозияциясына беру қажет деп, тізімді толықтырған.
Сонымен, жүлдені блогер Сергей Тихановский, Светлананың күйеуі, Нобель сыйлығының иегері Светлана Алексиевич, белсенділер Мария Колесникова, Вероника Цепкало мен Ольга Ковалькова, «Весна» құқық қорғаушылар орталығының төрағасы Алесь Беляцкий, Минск трактор зауытының ереуіл комитеті мүшесі Сергей Дылевский, 2010 жылы Беларусь президентін сайлауда кандидат болған Николай Статкевич пен Nexta Telegram арнасының негізін қалаған Степан Путило бөлісті.
Андрей Сахаров атындағы сыйлықты Еуропарламент 1988 жылдан бері «пікір еркіндігі, адам құқығын қорғауға үлкен үлес қосқан» адамдар мен ұйымдарға беріп келеді.
Беларусь президентін сайлау биылғы жазда өтті. Ресми қорытынды бойынша елді 26 жыл бойы басқарып келе жатқан Александр Лукашенко жеңіске жеткен. Көптеген азамат бұл жалған деп, жаппай наразылыққа шығып жатыр.
Пікірлер жоқ.