Бекшін: Әлия Назарбаева кітабын таныстырған кеш заңға сай өтті

Фото: esquire.kz
Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшін Әлия Назарбаева кітабын таныстырған кеш саннормаларға сай өткенін айтты.
— Жиналғандардың барлығы вакцина салдырған әрі 72 сағатқа жарамды, нәтижесі теріс ПТР тестерін көрсетті. Бірақ тұтас алғанда жұмыс жалғасып жатыр, — деген Бекшін «Азаттық радиосы» тілшісінің сауалына.
Журналист қала әкімдігі өкілінен танымал адамдар қатысқан іс-шараларды тексеру неге баяу жүретінін де сұрады.
— Алматы қаласында алалау принципі жоқ. Ереже бәріне ортақ. Жұлдыздар да бар, қоғам қайраткерлері де бар. Олардың бәрін тексереміз. Мүмкін, айғақтар жинауда мәселе бар шығар. Бұдан хабардар етіп отырамыз, — деді Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров.
Бұрынғы президенттің кенже қызы Әлия Назарбаеваның «Күш-қайрат мекені» кітабының тұсаукесері 16 қыркүйекте өтті. Шараға ондаған адам қатысты. Арасында Ресей мен Қазақстанының бірқатар селебритиі болды. Сол кезде Алматыда карантин талаптары күшейіп, жұрт жиылатын іс-шара өткізуге тыйым салынған еді.

Пікірлер жоқ.