Бастамашыл топ арасында қайтыс болған адамдар бар — Мусин
Тіркелуге өтініш берген «Ел тірегі», «Намыс» және «Бәйтерек» партияларының бастамашыл (ұйымдастыру) топ өкілдерінің ішінде қайтыс болып кеткен адамдар болған
Тіркелуге өтініш берген «Ел тірегі», «Намыс» және «Бәйтерек» партияларының бастамашыл (ұйымдастыру) топ өкілдерінің ішінде қайтыс болып кеткен адамдар болған. Бұл жөнінде Әділет министрі Қанат Мусин мәлімдеді.
—Менің білуімше, «Ел тірегі», «Намыс» және «Бәйтерек» партиялары бойынша жұмыстың бірінші кезеңі жүріп жатыр. Яғни, заң бойынша партия құру бастамасы көтерілгеннен кейін тексеру жүргізілді. 1 мың адам болуы тиіс бастамашыл топ өкілдері арасында ЖСН-і сәйкес келмейтін, қайтыс болып кеткен, өзге партияға мүше адамдар бар екені анықталды, — деді Мусин.
Қанат Мусиннің сөзінше, 2019 жылдан бері 10 бастамашыл топ партия құру туралы өтініш тапсырған. Олардың үшеуі ғана екінші кезеңге өткен. Барлығына құжаттарының қабылданғаны туралы ескерту хат жолданған. Екі ұйым партия құру жөнінде ары қарай жұмыс істеп жатқанын растамаған. Ескерту құжатының жарамдылық мерзімі алты ай.
—Қазір бізде «Ел тірегі», «Намыс», «Бәйтерек» және «Халық Дербестігі» партияларының құжаты қаралып жатыр. «Халық Дербестігі» партиясы екінші кезеңге өтті, құрылтайын өткізді. Енді 20 мың адамның қолын жинауы тиіс. Қазір заң бойынша оларды тіркеу тоқтатылған. Партия мүшелерін тексеру жүріп жатыр, — деді Мусин.
Пікірлер жоқ.