Бас прокуратура қайтарылған активтер туралы деректерді айтудан бас тартып отыр

Елге 791 млрд теңге қайтарылған


27/07/2023
11:26 14927 0

Фото: Ашық дереккөзден

Қазақстан бас прокуратурасы тергеу мүддесін алға тартып, қайтарылған активтер туралы деректерді жариялаудан бас тартты. Бұл жөнінде «Власть» басылымы хабарлады. 

Бас прокуратура мәліметіншеқазіргі уақытқа дейін Қазақстанға 791 млрд теңге актив қайтарылған. Ведомство «Власть» басылымына Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бап 1-бөлігіне сүйене отырып, қайтарылған активтердің кімге тиесілі болғанын айтудан бас тартқан. 

Ведомствоның айтуынша, жүргізілген шаралар мен нақты қадамдар туралы ақпарат жарияланбайды, себебі ол «сот шешімі мен үкімдерінен жалтару мақсатында» пайдаланылуы мүмкін. 

Басылым бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару жұмысын ашық етіп, қоғамға оның нәтижесі туралы ақпарат беріп отыруды тапсырғанын еске салады. Тоқаевтың айтуынша, Конституцияға сәйкес қайтарылған активтердің заңды иесі – Қазақстан халқы. 

«Власть» сайтының жазуынша, дегенмен бас прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми хабарламаларында негізінен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мүшелері жөнінде айтылады. Былтыр күзде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды мен өзге адамдарға қатысты тергеу жалғасып жатқанын, осы шаралар аясында мемлекетке 530 млн доллар «қайтарылатынын» мәлімдеген. 

Биыл 12 шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Заңсыз алынған активтерді елге қайтару туралы» заңға қол қойған. Сарапшылар мен белсенділер бұл заңда кемшілік көп деп сынап, «ақша ұрлауға мүмкіндік қалдырады» деген.

Tax justice network дерегінше, кейінгі 25 жылда Қазақстаннан шетелдегі офшорларға 140-160 млрд доллар шығарылған. Кейбір сарапшылар елден шығарылған қаржы бұдан да көп болуы мүмкін деп санайды.

 

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

27/07/2023 11:26
14927 0

Уведомление