«Балқаш өледі»: АЭС салуға байланысты жария талқы дауға ұласты

Үлкен ауылында жария талқы өтті


22/08/2023
14:49 14445 0

 

Үлкен ауылында атом электр станциясын салуға байланысты жария талқылау дауға ұласты. Жергілікті тұрғандар АЭС салуды қолдаса, экобелсенділер қарсы шықты. 

 

22 тамызда Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Үлкен ауылында Атом электр станциясын салуға байланысты жария талқы өтті. Жиынға аудан әкімі Нұрлан Ертас және өз-өздерін таныстырмаған Бағдәулет Үстенов пен Ескелді Қасымов төрағалық етті. Бағдәулет Үстенов жиында тек Үлкен ауылының тұрғындарының сөзі маңызды екенін, жария талқының қоғамдық талқыдан айырмашылығы сонда екенін бірнеше рет қайталап айтты. 

 

Жиын басталмай жатып дауға ұласты. Жергілікті тұрғындар мен өзге аймақтардан келген экобелсенділер арасында дау туды. Бірі «Біз АЭС-ті 40 жыл күттік. Ол бізге қажет» десе, енді бірі «АЭС қажет емес, біз Ресейдің құлы болмаймыз» деді. 

 

Жиынды Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас ашты. Ол сөз ала сала, «ақырында сең қозғалды, біздің әрбір жиналысымыз осыдан (АЭС құрылысынан – ред) басталатын» деді. Осыдан кейін залда дау басталды. Кейіннен ол залға түсіп, халыққа басу айтты. Осыдан соң жиын қайта жалғасты. 

 

Энергетика министрлігінің өкілі Гүлмира Дәуітқызы Қазақстанда болашақта электр энергиясының тапшылығы болуы мүмкін екенін ескертіп, АЭС салудың маңыздылығын айтты. 

 

– Болашақта Қазақстанда электр энергиясы тапшылығын болдырмас үшін атом электр станциясын салуды жоспарлап отырмыз, – деді ол. 

 

Оның сөзін экобелсенділер бөлді. Олар пропаганда емес, нақты мәселе бойынша сөйлеуді талап етті. 

 

 

Ядролық физика институтының директоры Саябек Қуанышбекұлы атом электр станциясын салудан қорқудың қажеті жоқтығын айтты. Оның сөзінше, Қазақстанның «су-су атом реакторын» пайдалануда тәжірибесі мол және атом электр станциясының қоршаған ортаға зияны жоқ. 

 

– 56 жыл бұрын Қазақстанда «су-су зерттеу реакторы» ашылды. Біз қазір Қазақстанда «су-су энергетикалық реакторын» таңдап отырмыз ғой. Бұл соның нағыз прототипі. Халықаралық МАГАТЭ ұйымының талаптарын осы уақытқа дейін Қазақстан қанағаттандырып келеді, – деді Қуанышбеков. 

 

Ол уран өндіріп, барлық инфроқұрылымға ие болып отырып, атом электр станциясын салмау ақылға сыймайды деді. Ол Өзбекстан, Түркия, Беларусь елдерін мысалға келтірді. 

 

Өзін Экология министрлігінің қоғамдық кеңесінің мүшесі деп таныстырған Светлана Магелева атом электр станциясының қоршаған ортаға зияны жоқ деген сөздің жалған екенін айтты. Ол билік тарапынан келген спикерлер шындықты айтып жатқан жоқ деді. 

 

– Біз қазір барлығын тыңдап отырымыз. Біраз сіздерге нақты, шын ақпаратты ешкім айтқан жоқ. Атом энергиясын өндірудің зияны жоқ деген жалған сөз. АЭС-тің зиян тигізетіні туралы көптеген зерттеулер бар. АЭС жанында тұрған балалар арасында лейкемиямен ауыруы 24 пайызға артады. АЭС радиоактивті қалдықтар шығарады. Бұл – жария тыңдау емес, бұл – алдын ала дайындалған шоу, – деді Магелева. 

 

Светлана Магелева сөйлеп жатқан тұста ұйымдастырушылар микрофонды өшіріп тастады. Оған экобелсенділер наразылық білдірді. Бірақ сол беті микрофонды қоспады. 

 

 

Эколог Мэлс Елеусізов атом электр станциясын салу Балқаш көліне қауіпті екенін айтты. Оның сөзінше, Балқаштың суы жыл сайын төмендеп барады. Болашақта бұл үрдіс жалғаса беріп, оның үстіне АЭС салынатын болса Балқаштың суы біржола тартылып қалуы мүмкін. 

 

– Егер атом электр станциясын салатын болса, Балқаш өледі. Біз қазір АЭС салу емес, Балқашты аман алып қалуды талқылауымыз қажет. Оның суы жыл өткен сайын төмендеп жатыр. Мұздықтардың 40 пайызы еріп кетті. Ертең Іле өзені тартылып, сусыз қалады. Бұл ертегі емес, нақты мәселе. Біз оны шешуді қазір ойлауымыз қажет, – деді Елеусізов. 

 

Экологтың сөзіне Үлкен ауылының халқы қарсы шықты. Олар «Балқаш өлмейді», «Бізге АЭС керек» деді. 

 

Жиыннан соң  мектеп алдында белгісіз адам Үлкен ауылының тұрғындарынан АЭС-ті қолдау туралы сұхбат алып, қалай сөйлеу керегін үйретіп жүрді. Оны Qazaq Times сайтының журналисі Қойшыбек Мүбаракті видеоға түсіріп, кім екенін білмек болды. Бірақ ол атын-жөнін айтудан бас тартып, журналистік куәлікті көрсетуді талап етті. Тілші куәлігін көрсетсе де «Констиуцияның 18-бабын білесің бе?» деп журналистердің қасында ұзақ тұрды. Masa Media тілшісі кейіннен олардың полиция қызметкерлерімен амандасып, сөйлесіп тұрғанын байқады.

 

 

 

Қазақстанда атом электр станциясын салуға байланысты дау ұзақ уақыттан бері айтылып келеді. Белсенділер Семей қасіреті қайталанады, АЭС-ті Ресей салады деп қауіптенеді. 

 

Бүгінгі жиында энергетика министрлігінің өкілі Гүлмира Дәуітқызы қазір нақты бағдарлама қабылданбағанын, әзірге АЭС-ті салу құны қанша болатыны да белгісіз екенін айтты. Бірақ қазірдің өзінде Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея және Франция компанияларымен келіссөз жүріп жатқанын мәлімдеді. 

 

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

22/08/2023 14:49
14445 0

Уведомление