«Баламның басын тесіп өткен оқты тауып берсін»: Таразда «аруақтар соты» тағы да кейінгі қалды
«Мына істе өлім себебі анықталатын болса, кімнің атып өлтіргені шығатын шығар»
Таразда қаңтаршы «аруақтардың» апелляциялық соты тағы да кейінге қалды. 1 тамызда өткен сот отырысында прокурор Саяхат Бағдатұлы сот алқасынан сот сараптамасын жүргізген маманнан түсініктеме алу үшін уақыт беруін сұрады. Оған бастапқыда сотталушылардың туыстары қарсы шығып, кейіннен келісті.
– Өткен сот отырысында біз тараптардың шағымдары мен уәждерін тыңдадық. Істің толық, обьективті қаралуы үшін прокуратура тарапынан Жамбыл облысы сот сараптама орталығына сараптама қорытындылары бойынша түсініктеме беру туралы сұраныс хат жолданды. Алайда қазіргі уақытта сараптама жүргізген маман жұмыс орнында жоқ болуына байланысты түсініктеме алу мүмкін болмады. Әр сарапшы өз қорытындысына жауапты екені барлықтарыңызға белгілі. Сондықтан сарапшының жауабын алғанға дейін сотты кейінгі қалдыруыңызды сұраймын, – деді Бағдатұлы.
Прокурордың сөзінен кейін айыпталушы «аруақтардың» туыстары «Бір жарым жылдан бері не істеп отырсыңдар?», «Дәлелдерің жоқ!» деп айқайлап, қарсы шықты. Сот алқасы Нұрмахаммат Абидов «прокурор сіздердің уәждеріңізді тексеру үшін осындай талап-тілек қойып отыр» деп процеске қатысушыларды тынышталуға шақырды.
– Орындарыңыздан айқайлаудың қажеті жоқ. Прокурор сіздердің уәждеріңізді тексеру үшін осындай талап-тілек қойып отыр. Себебі кейбіреулеріңіз:«Мәйіттерде кейбір дене жарақаттары көрсетілмеген. Тек қана ату жарақаттары бар, қалғандары көрсетілмеген» деген болатынсыздар. Сол себепті оны анықтауға осындай талап қойылған болатын, – деді Абидов.
Судья Нұрмахаммат Абидовтың сөзінен кейін сотталушылардың туыстары прокуратураға талап-тілектері барын айтып, сөз алды. Айыпталушы Райс Рысбековтің анасы Индира Бекежанова ұлына тиген оқтарды тауып беруін сұрады.
– Баламды тек қана атып өлтірмеген. Баламды ұрып-соққан, қабағын сындырған. Басқа да жарақаттары бар. Сосын баламды атқан оқ жоқ. Баламның басын тесіп өткен оқты тауып берсін маған. Қаншама рет айтып жатырмыз, бізге видео дискінің көшірмесін беріңіздер, – деді Бекежанова.
Райс Рысбековтің адвокаты Жанар Қисықова сарапшылардан жауап алуға прокуратураның бір ай уақыты болғанын, егер сарапшылар жазбаша жауап бермесе, онда оларды сотқа шақыру қажет шығар деді.
– Егер сарапшылардан жазбаша жауап алу мүмкін болмаса онда оларды осы жерге шақыртып жауап алу мүмкіндігін қарастыру керек шығар. Бірінші сатылы сотта сот-медицина сарапшыларынан жауап алынған жоқ. Бізде сотмед сараптаманы Барманқұлова жүргізген. Ол кісі өзінің қорытындысында дене жарақатын көрсетпей, тек ғана басына тиген оқтан қайтыс болды деп көрсеткен. Іс материалында осы қорытындымен қоса, мәйітті қарау жүргізілген. Бізде сот-медицина сараптамасы бірінші жүргізілген де, мәйітті қарау одан кейін жүргізілген. Ол «вскрытие» қалай жасалғанын көрсетпеген. Осының өзі бір-біріне қарама-қайшы. Бірінші сатылы сотта біз осыны көтергенбіз. Бірақ сот өзінің нақты құқықтық бағасын берген жоқ. Сол себепті осы мәселені де прокуратураға тексеруге тапсыруларыңызды сұраймын, – деді Қисықова.
Жанар Қисықованың сөзінше, сотталушылардың неден және кімнің қолынан қайтыс болғаны туралы іс бөлек алынып, қысқарып кеткен. Мемлекеттің мүддесі бар болғандықтан ол іспен танысу мүмкін емес.
– Балалардың қайтыс болуына байланысты іс мына істен алынып тасталып, құқық қорғау органдарының ісіне қосылған. Ол істер «әрекеттерінде қылмыс құрамы болмауына» байланысты қысқартылған. Мына балалардың өліміне байланысты іс соған қосылғандықтан автоматты түрде қысқарып кеткен. Яғни, қазір бұлардың қайтыс болуына ешкім кінәлі емес. Сіздер: «Ол бөлек іс, сол жерден барып қараңыздар» дейсіздер. Бірақ ол жерге барып қарау мүмкін емес. Мен сол қысқарып кеткен істі қозғау үшін Бас прокуратураға дейін жаздым. Ол жерге бару мүмкін емес. Өйткені ол жерде мемлекеттің мүддесі, құқық қорғау органдары мен полиция қызметкерлерінің әрекеті жатыр. Мына істе өлім себебі анықталатын болса, кімнің атып өлтіргені шығатын шығар. Құқық қорғау органдары қызметкерлеріне байланысты қысқартылған істі қайтадан жандандыру туралы қаулы шығаруларыңызды сұраймын, – деді адвокат.
Айыпталушы Нұрсұлтан Қуатбаевтың әкесі Бақытжан Шыңғысбеков баласына тиген оқты тауып беруін сұрады. Оның сөзінше, оқты жоғалтып жіберген.
– Бас дәрігердің орынбасары Сәкен Жұмашев баламның денесінен оқ шықты деген болатын. Бірақ осы уақытқа дейін сол оқты жоқ қылып жіберді. Прокурор мырза, оқты тауап беріңіздер бізге. Менің баламның денесі көгерген, аяғы сынып келді. Видеосы да бар менде. Қайдан сынды, кім денесін көгертті? Соларды тауып берсеңіздер, – деді Шыңғысбеков.
Сотталушы Тоқтар Ошақбайдың әкесі Мұхтар Сыздықов та баласына тиген үш оқты тауып беруін талап етті.
– Менің балама үш оқ тиген. Біреуі тесіп өтіп кеткен, екеуі денесінде қалған. Прокурорлар мына жерде өздерінше мықты болып отыр ғой. Тауып берсін екі оғын. Мен сол екі оқпен атқан адамды тауып аламын, – деді Сыздықов.
Судья Нұрмұхаммат Абидов Мұхтар Сыздықовқа прокурорға дөрекі сөйлеудің қажеті жоқтығын айтып ескерту жасады. Бірақ Сыздықов оның ескертуіне қарсылық білдірді.
– Біз де адам баласы шығармыз. Істі соза берді, соза берді. Онда прокуратура жұмыс істемейді. Жұмысын жөндеп атқармайды бұлар, – деді Сыздықов.
Айыпталушы Ержан Байжановтың анасы Нигора Закаряева да ұлының оқ тимес бұрын соққыға жығылып, аяғы сынғанын айтты. Ол баласын басқа жерде өлтіріп, алаңға жақын жерге әкеліп тастағанын мәлімдеді.
– Балам 7 қаңтар күні ұсталады. Азаптаумен өлтіріледі. Одан кейін қылмыстарын жасыру үшін алаңға алып келіп тастады. Баламның төрт жерден сынғаны суретте анық көрсетілген, – деді ол.
Қамауда отырған Марат Бекбау сот алқасынан өзін үйқамаққа ауыстыруды сұрады. Ол осынша уақыт бойы тергеу изоляторында отыру өте ауыр екенін, аяғына медициналық көмек қажет екенін айтты.
Сот процесінен кейін Марат Бекбау журналистерге қамауда жазықсыз отырғанын айтып, егер өз-өзіне қол жұмсайтын болса оған тергеуші Кеңес Ернияз бен бас прокурордың көмекшісі Аблаканов кінәлі болады деді.
– Менің өліміме тергеуші Кеңес Ернияз, бас прокурордың көмекшісі Аблаканов облыстық прокурордың бірінші көмекшісі Мамаев кінәлі болады. Егер мен өз-өзіме қол жұмсайтын болсам осы үшеуі кінәлі болады. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, сіздерден өтініш, мені босатуларыңызды сұраймын. Менің кінәсіз отырғаныма бір жарым жыл болды. Кінәсіз, ит ұқсап қамауда отырмын. Апеллцияның өзі алты ай болды, бітпей кетті. Бас прокурор Берік Асылов, осы істі зерделеңіздерші. Осы үш кінәліні орындарынан жұлып, жоқ қылыңызшы, – деді Бекбау.
Келесі сот отырысы қашан өтетіні әзірге белгісіз. Судья Нұрмұхаммат Абидов оны алдағы күдері хабарлайтындарын айтты.
Бірінші сатылы сотта іс бойынша 9 адам күдікті деп танылған. 7 ақпанда Тараз қалалық N2 сотының судьясы Бағдат Төребекұлы Асхат Тәшекеев, Ғани Керімбаев және Нұрбол Ережеповті кінәлі деп танып, рақымшылық заңын пайдаланып, шартты жазаға кесіп, Марат Бекбауды 2 жылға бас бостандығынан айырған. Қаңтарда оққа ұшып, қаза тапқан – Райс Рысбеков, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев, Тоқтар Ошақбай және Исатай Донбаевты кінәлі деп танып, қайтыс болуларына байланысты жазадан босатқан.
Пікірлер жоқ.