«Балама оқ атқандар кешірім де сұраған жоқ»
Қаңтар оқиғасы кезінде Көк төбе мұнарасы маңында оқ тиіп, жараланған 26 жастағы Ғанибет Нүсіпахмет жәбірленуші статусынан айырмақ.
«Оқ атқандар біз президенттің бұйырығын орындадық дейді»
Ғанибет Нүрсіпахметтің қоғамдық қорғаушысы Ербол Әбдірешов қаңтар айының аяғында Ғанибеттің ата-анасы адвокаттың қатысуынсыз ешкімге шағымданбайтындарын айтып, қолхат жазып берген дейді. Оның сөзінше, тергеу осыны негізге алып, оны жәбірленуші статусынан айыру туралы қаулы шығарған.
— Қаңтардың 25-і күні қылмыстық іс қозғалып, Ғанибет Нүсіпахметұлы жәбірленуші деп танылған. Оған оқ атқан шекара қызметкерлерінің барлығының аттары анықталған. Қанша оқ атылғаны барлығы белгілі. Бірақ 26 қаңтарда ары қарай жәбірленуші ретінде танымаймыз деген қаулы шығарған. Біз оның өзін кеше ғана білдік. Шекара қызметкерлері мен тергеуші «біз президенттің бұйырығын орындадық» дейді. Бұл жерде атқан азаматтар жай жүрген солдаттар емес. Полковник, үш мойор және капитан. Яғни тәжірибелі, шекарада қызмет істеп келген адамдар. Оқты қалай, не үшін ату керек екенін білетін азаматтар. Мен тергеушіге «шекарашылар оқты қандай бапқа сүйеніп атты?» деп сұрақ қойып, арыз жаздым. Ол маған бұл тергеу құпиясына жататын айтты. Барлығын құпиялыққа жауап отыр. Екі ай бойы бір де бір адамды қорғаушы ретінде тағайындамаған. Қорғаушысыз сұрай берген. Қалалық әкімшілік «жәбірленуші болмасаңдар ешқандай өтемақы төлемейміз» деді, — дейді Ербол Әбдірешов.
«Әскери прокуратура жауабы»
Әскери прокуратура тергеушісі Мұрат Қабылда жәбірленуші тараптың «шағымымыз жоқ» деген арызды еркіті түрде жазғандарын айтады. Оның сөзінше, қазіргі уақытта Ғанибет Нүсіпахмет жәбірленуші статусы тоқтатылмаған.
—Өткен жолы ол кісілер «претензи не имею» деп арыз әкеліп берген. Сол бойынша біз оларды жәбірленуші статусынан айыру туралы қаулы шығардық. Одан кейін ол кісілер қайтадан «жоқ біздің машинамызды жөндеп берген жоқ,қайтадан жәбірленуші боламыз» деп адвокатымен келді. Одан кейін статусы тоқтатылған жоқ, — дейді тергеуші Мұрат Қабылда.
«Оқ атқандар кешірім де сұраған жоқ»
Ғанибет Нүсіпахметтің әкесі Оразымбет Нүсіпахмет тергеушілердің «ортақ шешімге келейік» деп қолхат жаздырып алғанын айтады. Оның сөзінше, оқ атқан адамдар беттестіруде кешірім де сұрамаған.
— Балам ауруханадан шыққаннан кейін үйде жатты. Медеу ауданынан тергеушілер келіп, қалай болды барлығын сұрап, жазып алып кетті. Сосын олар өздері шақырды. Әскери тергеуші Жолтаев деген жігітке бардық. Ол «жағдай осылай болды, ортақ шешімге келсек, моральдық, материалдық шығындарыңды өтеп берсек» деді. Мен жарайды, қазақтың жігіттерісіңдер ғой, баланың жамбасын оқ тесіп өткен, машина 23 жерден тесік, соның барлығын орнына қойып берсеңдер қарсылығым жоқ дедім. Олар солай жазды, мен қол қойып бердім. Заңды білмегендіктен ешқандай адвокат жалдаған жоқпын. Мемлекеттік қорғаушы ұсынған да жоқ. Ертеңінде оқ атқан адамдармен беттестірді. Олар машинаны орнына қойып, моральдық шығынын орнына қойып береміз деді. Жарайды дедім. Осындан кейін олар қаша бастады. «Не үшін аттыңдар?» дегенімде, «біз бұйырықты орындадық» деді. Ешқандай кешірім сұраған жоқ. Полковник дөрекі сөйлеп, «екі лобовой терезе ғана ма?» деді, — дейді Оразымбет Нүсіпахмет.
«Кімнің, қайдан атып жатқанын түсінбедім»
Ғанибет Нүсіпахмет қаңтардың 8-і күні дүкенге барып, қайтып келе жатқанында оққа ұшқанын айтады. Оның сөзінше, күн тұман болғандықтан әскерилерді көрмеген.
—Қаңтардың 8-і күні дүкенге азық-түлік алуға бардым. Машинамен төмен қарай түскенімде Көк Төбе шлагбаумның қасында ешқандай солдат болмаған. Арада он бес минут өткен шығар, кері қайттым. Шлагбаумға жақындай бергенде оқтың дауысын естідім. Тұман болғандықтан қайдан, кім атып жатқанын түсінбедім. Жақындаған кезде шлагбаумда мылтықпен маған қарап тұрған адамды көрдім. Оқтар лобовойыма тие бастады. Сол кезде еңкейдім де оңға қарай өзімнің үйімнің поворотына қарай айдадым. Бұрылған кезде артқы жағымнан оқ атылды. Сол уақытта жамбасыма оқ тиіп, тоқтадым. Солдаттар машинама келіп, «господин, гражданский» деп айғайлады. Өздері жедел жәрдем шақырып, 5 қалалық ауруханаға алып барып, қанымды тоқтатты. Кейіннен 12 ауруханаға алып барды. Сол жерде ем алдым, — деді Ғанибет Нүсіпахмет.
Пікірлер жоқ.