БҰҰ Бас ассамблеясы: Ресей Украинаға өтемақы төлеуге тиіс. Қазақстан тағы да қалыс қалды

Қалыс қалған 73 елдің арасында Қазақстан, Сербия, Бразилия мен Үндістан тұр


15/11/2022
15:00 24014 0

Фото: EPA

 

БҰҰ Бас ассамблеясы дүйсенбі, 14 қарашада Ресей Украинаға репарация төлеуге тиіс деп санайтын резолюция қабылдады. Бұл жөнінде «Азаттық» радиосы «Reuters» агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

 

Ұйымның 193 мүшесінің 94-і резолюцияны қолдаған. Қарсы дауыс бергендер арасында Беларусь, Куба, Иран, Сирия, Зимбабве және т.б. – барлығы 14 ел бар. Қалыс қалған 73 елдің арасында Қазақстан, Сербия, Бразилия мен Үндістан тұр. Бұл БҰҰ Бас ассамблеясының Украинадағы соғысқа Ресейді айыптайтын бесінші резолюциясы.

 

Постсоветтік елдерден Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Армения да қалыс қалған. Түрікменстан, Әзербайжан секілді 12 ел дауыс беруге қатыспаған.

 

Осылайша БҰҰ Бас ассамблеясы «Ресей Украинаға соғыс бастап, халықаралық құқықты бұзды және оның құқықтық салдары үшін жауап беруге, келтірілген шығынды өтеуге тиіс» деп есептеді. Резолюцияда соғыстың Украинаға келтірген зардабы мен өтемақыны есептейтін арнаулы халықаралық механизм құру мәселесі ұсынылған.

 

Ресейдің Біріккен ұлттар ұйымындағы тұрақты өкілі Бас ассамблея шешімі жөнінде: «Өтемақы деп отырған нәрсеге ақшаны қайдан алғысы келетінін білеміз. Батыс Ресейдің бұғатталған ақшасын, шын мәнінде Ресейден ұрлап алған жүздеген миллиард доллар активтерін пайдалану жолын заңдастырғысы келеді» деді.

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

15/11/2022 15:00
24014 0

Уведомление