ҚазҰУ-да Кемел Тоқаевтың аудиториясы ашылды
Жиында «Детектив дарабозы» кітабының тұсауы кесілген
Фото: Азаттық радиосы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаев атындағы аудитория ашылып, «Детектив дарабозы» кітабының тұсауы кесілді.
Азаттық радиосының мәліметінше, шараға президент әкімшілігің өкілдері мен ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысады деп жоспарланған. Бірақ жиында олар көрінбеген. Жергілікті билік өкілдерінен Алматы қаласы әкімінің орынбасары қатысқан.
– Детектив жанры әсіресе, ер балаларды тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. Осы жанрды әрі қарай дамыту қажет. Ол мемлекетіміздің қалыптасуына үлкен әсер етеді, – деген жиында ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев.
Жазушы Кемел Тоқаев 1923 жылы Жетісу облысы Қаратал ауданында туған. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Түрлі басылымдарда, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет атқарған. Шығармаларының басым бөлігі – детектив жанрында. Кемел Тоқаев 1986 жылы дүниеден озды.
Бір күн бұрын Алматыда Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына орай халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткен. Шараны Қазақстан жазушылар одағы ұйымдастырған.
Одан бөлек кітапхана мен оқу орындарында жазушы туралы әдеби сағаттар мен портреттік кеш өтіп жатыр. Бұл жөнінде әлеуметтік желіде арнайы жазбалар жарияланды.
Осыған дейін президенттің туған жері Жетісу облысы Қаратал ауданында жергілікті билік президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі, жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына орай оның портреті бейнеленген 50 кілемше жасатуды жоспарлап, тендер жариялаған, ізінше одан бас тартқан.
Кей сарапшылар кейінгі кезде елде президенттің әкесі Кемел Тоқаевты ұлықтайтын шаралар жиілеп кеткенін айтып, Назарбаев тұсында кеңінен етек алған «жағымпаздану жарысы» қайта басталды деп санайды. Бұған дейін кейбір Телеграм-арналар «кемелдену» тенденциясы туралы жазған.
Пікірлер жоқ.