«ҚазМұнайГаз» төрағасы: Жанармай бекеттері тапшылықты қолдан жасап отыр

Мұнай базаларында дизельдің 73 пайызы тұр


10/04/2023
11:24 17472 0

Фото: Tengrinews

Жанармай бекеттері дизель отынын мұнай базаларында сақтап, Қазақстан бойынша тапшылықты қолдан жасап отыр. Бұл жөнінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Мағзым Мырзағалиев мәлімдеді. 

 

– Жанармай бекеттері кейінгі күндері қымбаттағанда сату үшін дизель отынын мұнай базаларында ұстап, қолдан тапшылық жасап отыр. Жекеменшік мұнай базаларында елдегі дизель отынының 73 пайызы тұр, – дейді Мағзұм Мырзағалиев.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің сөзінше, республикада 309 мың тонна дизель отыны бар. Сәуірде тағы да 441 мың тонна дизель өндіріледі. Қазір дизель тұтыну көлемі 750 мың тонна, ал болжамды тұтыныс ауыл шаруашылығы мен «Қазақстан темір жолының» қажеттіліктерін қосқанда 510 мың тоннаға жуық.

7 сәуірде 415 жанармай бекетінде дизель болмаған, бұл 3163 жанармай бекетінің 13 пайызы.

– Өткен аптада үш мыңнан астам жанармай бекетінің жұмысы сарапталды, әсіресе дизелі болса да сатылымды азайтып отырған нысандарға айрықша көңіл бөлінді, яғни сатылымда шектеу бар екені байқалды. Елімізде мұндай 152 нысан бар. Оларға шара қолданылады, – дейді қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.

Үкімет «дизельді спекуляцияға айналдырып, мұнай базаларында ұстап отруға жол беруге болмайды, өйткені еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді» деп атап өткен.

– Қолда бар дизельді сатылымға шығармай отырғандарды қатаң жазаға тару керек. «ҚазМұнайГаз» бен ҚТЖ зауыттардан шыққан дизельді дер кезінде толық жетізетін болсын, – деп тапсырма берді премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр.

Өткен аптада Қазақстан үкіметі көршілес елдермен арадағы жанар-жағар май бағасының айырмасын азайту үшін бензиннің шекті бағасын 11 пайызға, дизелдің шекті бағасын 20 пайыз қымбататуға шешім қабылдаған. Бензин мен дизель тапшылығын көрші елдерге транзит көліктермен және «сұр экспортпен» тасымалданып жатқанынан көрген.

 

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

10/04/2023 11:24
17472 0

Уведомление