Қазақстанда қызылшамен ауырғандар саны 17 мыңнан асқан


28/11/2023
11:33 11159 0

Фото: Премьер-министрдің баспасөз қызметі

 

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың хабарлауынша, Қазақстанда қызылшамен ауырғандар саны 17 мыңнан асқан. Олардың 6 мыңы қызылшаны осы айда жұқтырған. 

 

– Қызылша жұқтырғандар қыркүйек айынан бастап күрт көбейді. Қараша айында алты мыңнан астам бала қызылша жұқтырған, – деді министр сейсенбі күні үкімет отырысында.

 

Қызылша жұқтырғандардың 82 пайызы балалар. Олардың көпшілігі екпе салынбағандар. Оның ішінде ауырғандардың 6пайызы бес жасқа дейінгі бүлдіршіндер.

 

Министрдің сөзінше, қызылша Қазақстанның барлық өңірінде тараған. Алматы мен Шымкент қалаларында өршіген. 

 

Бүгінге дейін 2375 бала стационарлық ем қабылдап жатыр. 30 баланың жағдайы ауыр, оның ішінде 15 сәби бір жасқа да толмаған.

Өткен аптада денсаулық сақтау министрлігі қосымша жаппай егу үшін Қазақстанға қызылшаға қарсы 500 мың доза вакцина әкелінгенін хабарлаған. Қараша айынан бастап 1 жасқа дейінгі нәрестелер мен екі жастан үш жасқа дейінгі сәбилерге жаппай вакцина егу басталған.

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

28/11/2023 11:33
11159 0

Уведомление