Қазақстанда үш биліктің бірі — сот. Ол не өзі?
Сот пен судья бізге не үшін керек және оларға мемлекет қанша ақша жұмсап отыр
2020 жылы Қазақстан сот жүйесіне 56,9 миллиард теңге бөлген. Заң бойынша судьяны ұстауға, жауапқа тартуға болмайды. Олардың ең төмен жалақысы қазақстандықтардың орташа жалақысынан екі есе көп.
Сот пен судья бізге не үшін керек? Қысқаша түсіндіреміз.
СОТТЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР?
Сот жүйесі — бұл елдегі барлық сот. Олар азаматтар, шенеуніктер, мемлекеттік органдар мен компаниялар арасындағы дауларды шешеді; заң мен адам құқығын бұзғандарды жазалайды, әділетсіз сотталғандардың құқығын қалпына келтіреді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: БИЛІК БӨЛІНІСІ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?
Қазақстандағы сот жүйесі:
— Соттың І инстанциясы — қала және аудан соты, мамандандырылған, гарнизон әскери соты.
Құқығы бұзылған азамат бірінші кезекте соларға жүгінеді. Сот іске қатысты барлық дәлелді тексеріп, әкімшілік не қылмыстық кодекске сүйеніп, үкім шығарады.
— II инстанция — астанадағы қала соты, республикалық маңызы бар қала соты, Әскери сот пен облыс соттары. Оларды аппеляциялық сот деп те атайды.
Егер азамат аудан сотының шешіміне келіспесе, II инстанцияға жататын сотқа апелляция бере алады. Онда іс қайтадан қаралады. Егер азамат оның шешіміне де келіспесе, Жоғарғы сотқа шағымдана алады.
— Жоғарғы сот — сот жүйесіндегі ең жоғарғы орган. Ол елдегі барлық сот жұмысын бақылайды.
«Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» заңына сәйкес Қазақстанда сот билігін жүргізуші — судья.
Судья:
-
-
-
-
-
- ел заңнамасын сақтауға;
- бейтарап әрі тәуелсіз болуға;
- заңға сүйеніп әділ үкім шығаруға;
- азаматтар құқығы және бостандығын сақтау, қысым көрсетпеуге;
- сот процесіне басқаларын араластырмауға міндетті.
-
-
-
-
Судья не оның отбасы мүшесінің сот әділдігінің абыройы мен беделіне нұқсан келтіруге құқы жоқ.
Судья — өте маңызды әрі жауапкершілігі мол лауазым. Мысалы, судья ғана күдікті азаматқа үкім шығара алады.
Қазақстанда судья болам дегендерге талап өте қатаң.
Кім аудан сотының судьясы бола алады:
-
-
-
-
-
- 30 жастан асқан Қазақстан азаматы;
- жоғары заң білімі бар;
- мінсіз беделі бар;
- заң саласында бес жыл еңбек өтілі бар.
-
-
-
-
Бұдан бөлек, ол арнайы емтихан тапсырып, медициналық тексеріс пен сотта тағылымдамадан өтуге тиіс.
Кім облыс сотының судьясы бола алады:
-
-
-
-
-
- заң саласында кемінде 15 жыл қызмет еткен не кемінде бес жыл судья болған адам.
-
-
-
-
Сондай-ақ облыс сотынан сондағы жұмысы туралы қорытынды алуы керек.
Кім Жоғарғы сот судьясы бола алады:
-
-
-
-
-
- заң саласында кемінде 20 жыл қызмет еткен не бес жыл облыс соты судьясы болған адам.
-
-
-
-
Ол да барғалы отырған Жоғарғы соттан дәйектеме алуы керек.
МЕМЛЕКЕТ СУДЬЯЛАРДЫ ҚАЛАЙ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІП ОТЫР?
Сот жүйесін қаржыландыруға жылда қомақты сома бөлінеді.
Президенттің «2020 жылғы республика бюджеті» туралы қаулысына сәйкес былтыр сот органдарына 56,9 миллиард теңге бөлінген.
Салыстыру үшін: бұл көрсеткіш Ұлттық экономика министрлігінің дамуына бөлінген қаражаттан екі есе (шамамен 27,3 миллиард теңге), Экология министрлігі бюджетінен бес есе (9,9 миллиард), ал Ақпарат министрлігіне берілген қаржыдан сегіз есе (7,3 миллиард) көп.
Судьялардың жалақысы да өте жоғары. Оның деңгейі судьяның мәртебесіне байланысты.
Жоғарғы соттың мәліметіне сенсек, Қазақстанда 2,4 мың судья бар. Дегенмен елде 2 684 судья орны қарастырылған.
Аудан сотының судьясы 400–500 мың, облыс сотынікі 600–700 мың, ал Жоғарғы соттікі 800–900 мың теңге арасында жалақы алады. Жұмыс өтілі көп болған сайын жалақы мөлшері артады.
Салыстыру үшін: 2020 жылы Қазақстанда орташа жалақы мөлшері 211 мың теңге, ал модаль жалақы (ең жиі кездесетін жалақы) 58 034 теңге болды.
Судьяның ең төмен жалақысы орташа жалақыдан екі есе және шынайы еңбекақыдан жеті есе көп.
Бұдан бөлек, судьяларға берілетін жеңілдіктері көп. Мысалы, мемлекет оларға жеке құрылыс үшін тегін жер телімін береді, ал 10 жыл мемлекеттік қызметте болғандарына тегін пәтер береді.
Ол пәтерлердің сапасы айтарлықтай жақсы. Ratel.kz-тің хабарлауынша, Жоғарғы сот Астана (Нұр-Сұлтан) элит тұрғын үйлерінен 186,6 миллион теңгеге үш және төрт бөлмелі алты пәтер сатып алған. Үш пәтер 25,4 миллион теңгеден тұрса, біреуі 28,6 миллион және екеуі 40,7 миллион теңге тұрады.
Зейнетке шыққан судьялар коммунал қызметі мен бензиніне 50 % жеңілдік алады.
Сондай-ақ судьялар аурухана мен шипажай курорарттарда тегін емделе алады, ал еңбек өтілі өскен, білігі артқан сайын үстемақысы да көбейеді. Мысалы, 20 жылдан аса судья болған адам жалақысының 150 %-ын алады.
Тағы бір маңызды әрі қызық факт: судьялар иммунитетке ие. Конституцияға сай судьяны:
— ұстауға;
— қамауға және үй қамақта ұстауға, полиция бөлімшесіне әкетуге;
— әкімшілік және қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
Судьяны бұл иммунитеттен Жоғарғы Сот Кеңесі президент келісімін алғаннан кейін айыра алады. Ал Жоғарғы сот судьясын бұл құқықтан айыру үшін Сенаттың келісімі болуға тиіс.
Судьяны бұл құқығынан айырып, оның үстінен іс қозғалса да, тергеуді бастау үшін Бас прокурордың келісімі керек. Дегенмен егер судья қылмыс үстінде ұсталса, ауыр не аса ауыр қылмыс жасаса тергеу бірден басталады. Ондайда Бас прокурорды бір күн ішінде ескертсе жеткілікті.
Адвокат Тайыр Назхановтың сөзінше, судьяларға қатысты істі қарау өте ұзаққа созылуы мүмкін. Себебі ол үшін жоғарғы билік органдарының, кейін Бас прокурордың келісімін алу керек. Бүкіл сот ісін басқаратын да сол.
— Президент пен Сенат келісімін алу, істі Бас прокурордың толықтай қадағалап отыруы — судьяларға қатысты сот ісін қиындата түседі. Сотқа дейінгі тергеу және сотта қаралатын іс сот ісін қарау туралы заңға сай жүргізіледі, — дейді Назханов.
Иллюстрация: Лейла Тапалова
Пікірлер жоқ.