Танымал тегтер

Қазақстанда президент неше рет сайланды. Келесі президент кім?

Егемен ел болғалы қазақстандықтар мемлекет басшысын 7 мәрте сайлады



16/01/2025 15:32 147 0
Автор: masa.media

16/01/2025
15:32 147 0

 

Masamedia.kz коллажы

 

7 сайлаудың алтауы кезектен тыс өтті. Тізгін ұстағандарәр сайлау қарсаңында Ата Заңды жүз өзгертіп, мың түрлентті. Президенттік сайлаулардың қашан өткенін, Конституцияның қай кезде қалай құбылғанын еске түсіру үшін тарих беттеріне үңілейік.

 

Ең алғашқы сайлау: Баламасыз науқан

 

Қазақстан тарихына баламасыз сайлау ретінде енген ең алғашқы сайлау 1991 жылдың 1 желтоқсанында өтті. Президенттікке жалғыз үміткер – Нұрсұлтан Назарбаев болды. Сайлау нәтижесі бойынша оны дауыс берушілердің 98,78%-ы қолдады.

 

«Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, 1940 жылы туған, Қазақ ССР президенті, Алма-Атада тұрады, ешбір саяси партияда тіркелмеген, Қазақстанның Жоғары Кеңесімен ұсынылды», – делінген архивте сақталған алғашқы сайлау бюллетенінде.

 

1991 жылғы 10 желтоқсанда Қазақ КСР-і Қазақстан Республикасы болып қайта аталды және Жоғарғы Кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің қызметке кірісуі туралы Қаулы қабылдады. Араға алты күн салып, 16 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады.

 

1993 жылы Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданып, оған сәйкес, президент жалпыхалықтық дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайланатын болды және бір адам екі мерзіммен шектелді.

 

Екінші сайлау: Конституцияға «қол сұғу» қалай басталды

 

Төрт жылдан соң 1995 жылы наурыздың басында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы сол айда Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2000 жылғы 1 желтоқсанға дейін ұзарту туралы референдум өткізуді ұсынды. 29 сәуірде өткен референдум қорытындысы бойынша бұл шешімді дауыс берушілердің 95,46%-ы қолдап, шамамен 4%-ға жуығы қарсы шықты. Дауыс бергендер саны – 91,26%.

 

1995 жылдың 30 тамызында референдумда жаңа Конституция қабылданды. Құжатта президент жалпыхалықтық сайлау арқылы 5 жылға сайланатыны жазылды. Бұдан бөлек, президент туғаннан бастап Қазақстан азаматы болуы керек, 35 жастан кіші емес және 65 жастан үлкен болмауы тиіс. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді жетік меңгеруі, Қазақстанда кем дегенде 15 жыл тұруы шарт екені көрсетілді. Бір адам қатарынан екі мерзімнен артық сайлана алмайды.

 

«65-тен аспауы тиіс»-тің күші жойылды

 

1998 жылдың 7 қазанында Ата Заңға бірқатар өзгерту енгізілді. Атап айтқанда,  президенттің өкілеттілік мерзімі 7 жылға дейін ұзартылып, билік басында отыратын мерзімге белгіленген шектеу алынды. Бұған қоса, президенттікке үміткердің жасы «65-тен аспауы тиіс» деген талаптың күші жойылды. Ал ең төменгі жас 35-тен 40-қа өзгерді. Осыдан кейін депутаттар тобы Нұрсұлтан Назарбаевқа мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы үндеу жолдады. Президент бұл ұсынысты қабыл алып, 1999 жылдың 10 қаңтарында кезекті сайлау өтеді.

 

Бұл – Қазақстан тарихындағы алғаш рет басқа кандидаттар да қатысқан сайлау. Оған Назарбаевтан бөлек, Коммунистік партияның лидері – Серікболсын Әбділдин, республиканың кеден комитетінің төрағасы – Ғани Қасымов және сенатор – Энгельс Ғаббасов қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев – 79,78%, Серікболсын Әбділдин – 11,7%, Ғани Қасымов – 4,61%, Энгельс Ғаббасов – 0,76% дауыс жинады.

 

2000 жылдың маусымында Конституциялық кеңес бұл президенттік мерзімді Назарбаев үшін тұңғыш деп белгіледі. Өйткені осыған дейінгі сайлаулар ескі конституциялардың аясында өткізілген еді.

 

Үшінші сайлау: Таққа таласқан бесеу

 

2005 жылы ел президенттігіне ұсынылатын уақыт жақындай түсті. Осы кезде халық арасында сайлаудың нақты уақыты бойынша түрлі пікірталас туды. Сол жылы тамыз айында Назарбаев Республиканың Конституциялық Кеңесіне жүгініп, 2005 жылдың желтоқсанында өтуі керек деп шешті. Мәжіліс қабылдаған қаулы бойынша президент сайлауы 4 желтоқсанға белгіленді.

 

Сайлауға қатысуға 18 адам өтініш білдіріп, олардың бесеуі ғана додаға түсті. Нұрсұлтан Назарбаев  сайлаушылардың  91,15% дауысын жинады. Бәсекелес үміткерлер – «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының  көшбасшысы  Жармахан Тұяқбай,  «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Әлихан Байменов,  мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымов  және «Табиғат» экологиялық ұйымының көшбасшысы Мэлс Елеусізов.

 

Төртінші сайлау: Өкілеттігін сайлау өткізбей ұзарту

 

2010 жылдың маусымында Назарбаев ҚР Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы мәртебесіне ресми түрде ие болды.

 

Президенттің кезекті сайлауы 2012 жылы өтуі керек еді, қоғам қайраткерлері Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттілігін сайлау өткізбей 2020 жылға дейін референдум арқылы ұзартуды ұсынды. Назарбаев бұл ұсыныстан бас тартты.

 

2011 жылдың 2 ақпанында парламент палаталарының бірлескен отырысында Конституцияға енгізілген өзгерістер қабылданды. Ол президентке кезектен тыс сайлау жариялауға құқық берді. 2011 жылдың 3 сәуірінде тағы да кезектен тыс сайлау өтіп, оған сайлаушылардың 89,99%-ы қатысты. Халықтың 95,55%-ы Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс берді. Оның бәсекелестері қатарында Ғани Қасымов, Жамбыл Ахметбеков, Мэлс Елеусізов сияқты саясаткерлер болды.

 

Бесінші сайлау: «Қуыршақтармен» ойын

 

2015 жылғы 26 сәуірде Қазақстанда тағы бір кезектен тыс президент сайлауы өтті. Сайлауда Назарбаев сайлаушылардың 97.75% дауысын жинап, қайта сайланды. Коммунистік халық партиясы орталық комитетінің хатшысы Тұрғын Сыздықов 1,61%, кәсіподақтар федерациясының төрағасы, өзін-өзі ұсынушы Әбілғазы Құсайынов 0,64% дауысқа ие болды.

 

Алтыншы сайлау: Тоқаев пен Қосанов

 

2019 жылғы 19 наурызда президент Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігінің аяқталуына бір жыл қалғанда отставкаға кетті. Президент міндетін атқарушы болып Конституция бойынша Сенат төрағасы тағайындалатындықтан Назарбаевтың ізбасары Қасым-Жомарт Тоқаев болды. Көп ұзамай 9 сәуір күні Тоқаев Жарлық шығарып, кезектен тыс президент сайлауын 9 маусымға белгіледі.

 

Сайлау қорытындысы бойынша Тоқаев жалпы дауыстың 70,96% жинап, елдің екінші президенті болды. 9 миллионнан астам қазақстандық дауыс берген саяси науқанда екінші орынға Әміржан Қосанов (16,23%) тұрақтады. Ал ең аз дауыс Сәдібек Түгелге (0,92%) тиесілі.

 

Жетінші сайлау: Президент бір-ақ мерзімге сайланады

 

2022 жылғы 17 қыркүйекте Конституцияға кезекті өзгертулер енгізіліп, оған сәйкес президенттің өкілеттік мерзімі 7 жылдық болды және бір адамның екінші мерзімге сайлануына тыйым салынды.

 

Елімізде кезектен тыс президент сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасында өтті. Бұл Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері өткізілген жетінші президенттік сайлау және 1999 жылдан бері қатарынан алтыншы кезектен тыс сайлау болды.

 

Алты үміткер қатысқан доданың қорытындысы бойынша Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 81,31% дауыс жинап, қайта сайланды. Оның ұлықтау рәсімі 26 қараша күні өтті.

 

Сегізінші сайлау: Тоқаев билікке тағы таласа ма?

 

Соңғы жылдары әлеужелідегі жұрттың талқысындағы басты сауал – келесі сайлау қашан, келесі президент кім? Тоқаев қайта сайлауға түсуі үшін Конституцияға өзгеріс енгізілуі керек. Оған дейінгі президенттің Ата заңды қалай «ойыншық» қылғанын ойласаң, екінші президент те осыған бара ма деген ой еріксіз келеді. Бірақ, заман басқа, заң басқа демекші, қазір халықтың саяси сауаты бар, белсендірек. Бұрынғыдай бар өзгерісті үнсіз қабылдай салмайтын секілді. 

 

Десе де, келесі жылы президент сайлауы өтуі мүмкін деген болжамдар әлі толастар емес. Оған Тоқаевтың БҰҰ бас хатшысы қызметіне тағайындалатыны жайлы жорамалдар да жиі айтыла бастады. Жуырда «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында президент бұл қауесеттерге жауап берді.

 

–Менің елімізді дамытуға қатысты талай жылға арналған ауқымды жоспарларым бар, оның бәрін жүзеге асыруға ниеттімін, - деп қайырды ол.

 

Демек, Тоқаев 2029 жылға дейін орнынан қозғалғысы, өзі бекіткен ережені өзгерткісі жоқ. Саяси процестер өлшеміне салсақ, төрт жыл – ұзақ уақыт емес, өте шығады.

 

Келесі Президент кім?

 

Оның кандидатурасы қазірден белгілі ме? Әлде, 2029 жылы әділ сайлау өткізіп, халық өзі қалаған тұлғаны басшы етіп таңдап ала ма? Әлде, Тоқаев ізбасарын әлден айқындап қойды ма? Осы тұрғыда үміткер ретінде «сол жағалауда» бірнеше кандидаттың аты аталады. Олар:

 

1.    1. Айбек Дәдебай – Президент Әкімшілігінің жетекшісі

 

     2. Иманғали Тасмағамбетов -  Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының (ҰҚШҰ) бас хатшысы

 

     3. Мұрат Нұртілеу – ҚР Сыртқы істер министрі

 

4. Мәулен Әшімбаев – Сенат төрағасы

 

5. Қанат Бозымбаев – Премьер-министрдің орынбасары

 

6. Ерлан Кошанов – Мәжіліс төрағасы

 

 

7. Ерлан Карин – Мемлекеттік кеңесші

Уведомление