Қазақстанда Конституциялық сотты қайта құру жоспарланып жатыр. Бұл қандай орган және қалай жұмыс істейді

Неліктен Сот 1990 жылдары таратылды, қайта құрылған органның болашағы қандай болмақ


02/08/2022
10:21 46717 0

Жақында өткен референдумда Қазақстан Конституциясына енгізілген өзгертудің бірі Конституциялық Сот құру бастамасы болды. Қабылданған заңдардың Конституцияға сәйкестігін бақылауға арналған сот 1990 жылдардың басында елімізде болған, бірақ кейін оның орнына Конституциялық Кеңес құрылды. 2023 жылдан бастап билік бұл органның жұмысын қайта жандандыруды көздеп отыр.

 

Неліктен Қазақстанда Конституциялық Сотты қайта құру жоспарланды, егемендік жылдары органның таратылуына не себеп болды. Masa.media айтып береді.

 

 

Конституциялық сот дегеніміз не?

Соттың бұл түрі елде қабылданған заңдардың Конституцияға қаншалықты сәйкес келетінін бағалайды. Ол нақты құқықтық актінің (президент жарлығы, үкімет қаулысы, парламент қабылдаған заңның) Ата заңда белгіленген құқықтар мен бостандықтарға қайшы келетін-келмейтінін анықтайды, конституциялық емес деп танылған заңдардың күшін жояды.

 

Конституциялық сотты Жоғарғы сотпен шатастырып алмаңыз. Жоғарғы сот — елдегі ең жоғары кассациялық сот. Ол төменгі сатыдағы сот істерін қарайды, сонымен қатар елдегі сот тәжірибесін қорытындылайтын арнайы қаулылар (ұқсас істер бойынша үкім шығару тенденциялары) шығарады.

 

АҚШ, Ирландия секілді елдерде Жоғарғы және Конституциялық соттар біріктірілген, яғни бір судья екі функцияны қатар алып жүреді. Австрия мен Германияның сот жүйесі Қазақстанға ұқсас: онда бұл органдар бір-бірінен бөлек жұмыс істейді.

 

Конституциялық сот — кез келген елдегі тепе-теңдік жүйесінің маңызды бөлігі. Биліктің басқа тармақтарын бақылаумен қатар, азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзатын заңдарды қабылдауға жол бермейді.

 

 

Қазақстандағы Конституциялық сот

1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңда Конституциялық сот Конституцияны сот арқылы қорғайтын жоғары орган ретінде бекітілді.

 

Бұл орган 1992 жылы Конституциялық заңның қабылдануымен бір мезгілде құрылды. Ал 1993 жылы қабылданған Конституция сот мәртебесін түпкілікті бекітті. Осы сәттен бастап орган өз жұмысын бастады.

 

Конституциялық сот қабылданған заңдарды конституциялық емес деп тануға құқылы болды. Сондай-ақ Жоғарғы Кеңестің (сол кездегі парламенттің атауы) ұсынысы бойынша президенттің, вице-президенттің және басқа да маңызды лауазымды тұлғалардың Конституцияны сақтауы бойынша қорытынды жасай алатын. Мұндай бағалау шенеуніктің өз қызметіне лайықтығын қарастыруға негіз болды. Ал заңның конституциялық емес деп тану оның күшін автомат түрде жойды. Қазақстан азаматтарының да Конституциялық сотқа шағымдануға құқығы болды.

 

Заңгер, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің экс-депутаты Виталий Вороновтың айтуынша, Конституциялық сот 1990 жылдары аз өмір сүргенмен, шын мәнінде тәуелсіз орган болды.

 

Кейіннен ол (Конституциялық сот) тәуелсіз заң шығарушы билік пен президент басқаратын атқарушы билік арасындағы саяси интригалардың және билік үшін күрестің құрбаны болды, бақылаусыздыққа ұмтылды, — деп есептейді Воронов.

 

Конституциялық соттың соңғы ісі депутаттыққа кандидат Татьяна Квятковскаяның арызы. Ол сайлауда сайлау кодексіне сай емес сайлау учаскелерін әділетсіз бөлу салдарынан жеңіліп қалдым деп есептеді. Конституциялық сот оның шағымын қарап, парламентті заңсыз деп таныды. Бұл шешім биліктің басқа тармақтарының наразылығын тудырды: президент те, Жоғарғы кеңес төрағасы да қарсылық білдірді. Алайда Конституциялық сот бұл қарсылықтарды қабылдамады. Парламент таратылды.

 

1995 жылы 30 сәуірде сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев жаңа Конституция қабылдауды ұсынды. Арнайы кеңес құрылып, талқылау басталды.

 

Заңгер әрі құқық қорғаушы Евгений Жовтистің айтуынша, Конституциялық сот судьяларының көбі, соның ішінде төраға Мұрат Баймаханов та жаңа Конституцияның жобасын сынға алған. Алайда, бұл тағылған мін еш нәрсені өзгерте алмады — сол жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдумда жаңа Конституция қабылданды.

 

 

Конституциялық Кеңес

1995 жылы қабылданған Конституцияда Конституциялық сотқа қатысты баптар болмаған. Оның орнына елімізде жаңа орган — Конституциялық Кеңес пайда болды.

 

Кеңес мүшелерін алты жыл мерзімге президент, Сенат және Мәжіліс тағайындайды. Кеңес төрағасын президент өзі тағайындап, өзі қызметтен босатады. Салыстырмалы түрде Конституциялық Соттың судьяларын парламент президент ұсынған кандидаттардың ішінен сайлайтын. Судья өкілеттігі 10 жылды құрады.

 

Дегенмен, Конституциялық Кеңестің көптеген функциялары бұрынғы соттың функцияларына ұқсас. Кеңес заңдарды Конституцияға сәйкес емес деп тануға құқылы, бұл олардың заңды күшін автомат түрде жояды. Кеңес те заң жобаларын президент қол қойғанға дейін қарауға құқылы. Сонымен қатар Конституциялық Кеңес тиісті өтініш бойынша Республикалық референдумды, президент пен Парламент сайлауын өткізудің дұрыстығы туралы шешім қабылдай алады.

 

Алайда, Виталий Воронов айтқандай, Кеңес құрылғалы бері барлық конституциялық түзетулерді үнсіз мақұлдап, өзін «Ақорда жанындағы нотариат кеңсесі» ретінде танытты, бұл еліміздің суперпрезиденттік қана емес, сонымен бірге авторитарлық республикаға айналуына мүмкіндік берді. 

 

Конституциялық Сот ең алдымен қабылданған шешімдер мен әрекеттердің конституцияға сәйкестігін қарайтын орган. Құрамында парламент 10 жылға сайлаған тәуелсіз судьялар жұмыс істеді, олардың міндеті — сот төрелігінің барлық конституциялық принциптерін (жариялылық, бәсекеге қабілеттілік, тараптардың теңдігі, заңдылықты) сақтау. Олар «Конституциялық сот ісін жүргізу туралы» арнайы іс жүргізу заңын басшылыққа алды. Ал Конституциялық Кеңесте судьялар емес, мемлекеттік қызметкерлер жұмыс істейді. Одан туындайтын салдарлар да белгілі, — дейді сарапшы.

 

Конституциялық Кеңес пен Конституциялық Соттың ең басты айырмашылығы — оған қарапайым азаматтар өтініш бере алмайды. Конституциялық Кеңес туралы заңға сәйкес, өтінішті білдіре алатындар:

    • Президент,
    • Сенат пен Мәжіліс төрағалары,
    • Премьер-министр,
    • Парламент депутаттарының бестен бірі,
    • Соттар.

 

Қарапайым азамат Конституциялық Кеңеске бір ғана жолмен — соттағы іс арқылы жетеді. Егер сот заңдардың жекелеген нормалары Конституцияға қайшы деп шешсе, азамат Кеңеске жүгінуге құқылы.

 

Евгений Жовтистің айтуынша, сот тәжірибесінде бұл өте сирек кездеседі: Қазақстандағы халықаралық адам құқықтары бюросы бірқатар істер бойынша мұндай петиция жасауға тырысты, бірақ әр жолы құжат қабылданбаған.

 

 

Неліктен Конституциялық сотты қайтару туралы шешім қабылданды?

Конституциялық сотты қайтару туралы ұсыныс алғаш рет президенттің наурыз айындағы Қазақстан халқына жолдауында айтылды.

 

Тоқаев азаматтардың Конституциялық кеңеске жүгінуге құқығы жоқ екенін айтып, әлемнің көптеген елінде Конституциялық сот бар екенін мысал етті. Оның айтуынша, сарапшылар бір ауыздан мұндай соттың негізгі заң нормаларының тиімдірек орындалуын қамтамасыз ететінін мойындайды.

 

 

Конституциялық сот қалай жұмыс істейді?

Біз әлі білмейміз. Бұл орган ресми түрде 2023 жылы ғана қайта құрылады. Әзірге Конституцияның тиісті баптарында «Кеңес» сөзін «Сот» сөзіне ауыстыру ғана өзгеріске ұшырады.

 

 

Тиісті Конституциялық заң шыққан кезде ғана жаңа Конституциялық сот жұмысының барлық қыр-сырын толығырақ түсінуге болады.

 

 

Конституциялық соттың тәуелсіз болатындығына үміт артуға бола ма?

Евгений Жовтистің айтуынша, жаңа органның тәуелсіздігі оның ресми түрде жарияланған өкілеттіктерімен емес, елдегі саяси жүйенің нақты құрылымымен байланысты.

 

Біздің жүйеміз саяси плюралистік болып, парламентте оппозиция ойып орын алса, елімізде тәуелсіз БАҚ пен мықты азаматтық қоғам дамыса, Конституциялық соттың заңда бекітілген тәуелсіздік кепілдіктері іс жүзінде жүзеге асатын болады, — деп түсіндірді маман.

 

Егерде тәуелсіз БАҚ-ты дамыту, жаңа партиялардың пайда болуы мен бәсекеге қабілетті саяси ортаның орнауы жайлы үндеулер іс жүзінде орындалмаса, Конституциялық Соттың тәуелсіз жұмыс істеуіне кепілдіктер айтарлықтай шектеледі: ол қатаң саяси шеңбермен сығымдалады.

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

02/08/2022 10:21
46717 0

Уведомление