Қазақстан жаңа 20 су қоймасын салмақ


11/12/2023
14:39 10240 0

Көрнекі сурет. Фото: Ашық дереккөзден

Қазақстан үкіметі 2024-2026 жылдар арасында жаңадан 20 су қоймасын салуды жоспарлауда. Бұл жөнінде 11 желтоқсанда үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.  

Көлемі 2,4 текше шақырым су қоймасы тоғыз облыста болады. Сонымен бірге тоғыз облыста жатқан жалпы көлемі 1,9 текше шақырым болаитын бұрынғы су қоймалары да жөнделеді.

Үкімет уәдесіне қарағанда, бұл жоспар 2024-2030 жылдарға арналған су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарына енгізілген.

– Кешенді жоспарды жүзеге асырған кезде су ресурстарын 3,7 текше шақырымға, ал суармалы жер көлемін – 2,2 млн гектарға дейін ұлғайтуға, егіндік суының жыл сайынғы шығынын 3 текше шақырымға азайтып, 55 мыңнан тұрғыны бар 41 елді мекенді сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мәселен, 2024-2026 жылдары 9 облыста көлемі 2,4 текше шақырым болатын 20 жаңа су қоймасының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Бұл суармалы жер көлемін 250 мың гектарға ұлғайтуға, 137 мың тұрғыны бар 70 ауылдық елді мекенді су басу қаупін азайтуға және Қазақстанның көршілес елдердің су ресурстарына тәуелділігін орта есеппен 25%-ға төмендетуге ықпал етеді, – дейді министрлік ақпаратында.

Кейінгі жылдары Қазақстанда су тапшылығы күшейіп бара жатқаны байқалған.

Сарапшылар сөзінше, Қазақстан Еуразия құрлығында су тапшылығын едәуір сезініп отырған елдер қатарына жатады. Қазақстанда судың 65 пайызы ауыл шаруашылығына пайдаланылады. 44,9 текше шақырым су Қазақстанға Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан аумағынан келеді.

 

 

 

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

11/12/2023 14:39
10240 0

Уведомление