Қазақстан тарихын түсіндіретін 5 шығарма

Қазақ хандығы, Орталық Азия, ашаршылық


21/04/2021
13:46 9742 0

Сіздерге Қазақстан тарихын түсіндіретін көркем әдеби және ғылыми шығармаларды топтастырдық.  

 

«Көшпенділер» трилогиясы, Ілияс Есенберлин

 

 

Қазақтан тарихы қызықсыз дейтіндер, осы үш кітапты оқыңыз — нағыз қазақша «Тақтар таласы». 

Трилогияға үш кітап кіреді: «Алмас Қылыш», «Жанталас» және «Қаhар». Шығарма Керей мен Жәнібектің Қазақ хандығын құрған кезінен бастап Кенесары ханға дейінгі уақыт аралығындағы қазақ тарихын сипаттайды. 

Шығарма «Көшпенділер» фильмі мен «Қазақ хандығы» сериалына арқау болды. 

 

«Аласапыран» романы, Мұхтар Мағауин

 

 

Мұнда  ХVІ ғасырдағы орыс-қазақ қарым-қатынасы қалай басталып, өрбігені баяндалады. 

Шығарманың басты кейіпкері Тәуекел ханның немере інісі Ораз-Мұхамед сұлтан. Оқиға желісі қазақ даласынан басталып, сұлтанның Сібірдегі сергелдең өмірі және орыс патшалығына тұтқынға түсуіне жалғасады. 

 

«Аштық жайлаған дала. Ашаршылық, озбырлық және Кеңестік Қазақстанды орнату», Сара Камерон

 

 

Сара Камеронның сөзінше,  1931–1933 жылдардағы ашаршылық және оның құрбандары жайлы нақты деректер әлі аз, тақырып халықаралық деңгейде зерттелмеген.  

Автор зерттеуге он шақты жылын арнаған. Кітап 2018 жылдың соңында Америкада басылып, 2020 жылы қазақ және орыс тілдеріне аударылды. Жаңа айтқанымыздай, кітапта 1931–1933  жылдары қазақ даласында болған ашаршылық, оның себептері мен салдарын ғылыми тұрғыдан баяндалады. 

Бұл кітап — Ашаршылық трагедиясын дүниежүзіне ағылшын тілінде танытқан алғашқы еңбектердің бірі. Бұрын біз Ұлы жұт туралы толығырақ жазғанбыз. Оқи отырыңыз.

 

«Тарих-и Рашиди», Мұхаммед Хайдар Дулати

 

 

Мектепте оқығанда бұл шығарманың атын жиі естіген шығарсыз. Қазақстан тарихына қатысты көп дерек содан алынған. 

Негізі, кітапта ХIV–XVI ғасырларда Орталық Азияда өмір сүрген халықтардың, Моғолстан мемлекетінің екі ғасырлық тарихы жазылған. 

Сонымен қатар мұнда Қазақ хандығының құрылуы мен қалыптасуы жайлы маңызды ақпарат бар. 

 

«Қазақстан және Орта Азия тарихы» 

 

 

Бір елдің тарихын түсініп, дұрыс пайымдау үшін көршілес елдер туралы білген жөн. 

Аталмыш еңбекте Орта Азияның ежелгі дәуірі, орта ғасыры, аумағы, халқы, Қазақ хандығының құрылуы,  оның Кеңес үкіметіне дейінгі тарихы баяндалады. 

Бұл бірнеше Қазақстан тарихшысының: Меруерт Әбусеитова, Жұлдызбек Әбілхожин, Сергей Кляшторный, Нұрболат Масанов, Тұрсын Сұлтанов, Анатолий Қазановтың 2001 жылы бірге басып шығарған кітабы. Еңбек тек орыс тілінде бар.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

21/04/2021 13:46
9742 0

Уведомление