Қазақстан Ресейге соғыста пайдаланып жатқан тауарларды экспорттауға шектеу қойды
Оның ішінде арнайы электроника, чиптер бар
Фото: AFP
Қазақстан Ресейге соғыста қолданып жатқан 106 тауарды экспорттауға шектеу қойды. Бұл жөнінде 19 қазанда сенат кулуарында журналистер сұрағына жауап берген сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев мәлімдеді.
– [Ресейге] барлық тауарды экспортқа шығарып жатырмыз. Тек соғысқа қатысты экспорттық тауарларды шектей бастадық. Бұл — 106 алуан түрлі тауар. Біз оларды экспортқа мүлде шектеп тастадық. Олар — соғыста табылған тауарлар: дрон ішінде табылған заттар, арнайы электроника, чиптер,– деді ол.
Қайрат Төребаевтың айтуынша, шектеу қойылған тауарлар Қазақстанда өндірілмейді, ел аумағы арқылы экспортқа шығарылған.
Қазақстандық шенеуніктер бұған дейін «Қазақстан аумағын Ресейге қарсы санкцияны айналып өту алаңына айналуына жол бермейміз» деп мәлімдеген еді. Биыл көктемде Қазақстан билігі республика шекарасын кесіп өтетін барлық тауарды тексеруге мүмкіндік беретін онлайн-жүйені іске қосқанын хабарлаған.
Пікірлер жоқ.