Қазақстан мұнай транзитінде Ресейге қаншалықты тәуелді?
Қазақстанның Ресейге экономикалық және транзиттік тәуелділігі мәселесінің өзектілігі одан сайын артты
Ресей Украинаға басып кіріп, Батыс елдерінің Мәскеуге салған санкциясы күшейген тұста Қазақстанның Ресейге экономикалық және транзиттік тәуелділігі мәселесі өзектілігін одан сайын арттырды.
Бұрын Еуразиялық экономикалық одақтан шығу мәселесі жиі айтылған болса, бұл жолы Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігі күн тәртібіне шықты. Осыған байланысты бүгін біз Қазақстанның мұнай тасымалдауда Ресейге қаншалықты тәуелді екендігіне қысқаша тоқталуды жөн санадық.
Қазақстанның Ресейге транзиттік тәуелділігі
2021 жылы Қазақстан мұнайдың 97% Ресей арқылы экспорттаған. Оның ішінде 53миллион тонна мұнай (79%) Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы, 12 миллион тонна мұнай (18%) Атырау-Самара құбырымен экспортталған.
Қалған 3% қара алтынның 1%-ы (1 миллион тонна) Атасу-Алашаңқай құбыры арқылы Қытайға жөнелтілсе, 2%-ы (2 миллион тонна) Ақтау порты арқылы танкерлермен тасымалданған.
«КҚК»-ның істен шығуы және Қазақстанның қыруар шығыны
Ресей Украинаға басып кіріп, Батыс елдерінің санкциясы күшейген тұста (2022 жылдың 22 наурызында) Каспий құбыр консорциумының мұнай тасымалдайтын үш құрылғысының екеуі істен шыққан. Тәуелсіз сарапшылар бұны Ресей билігінің Батыс елдері мен Қазақстанға сес көрсетуі деп бағалаған.
19 сәуірде ҚР премьер-министрінің орынбасары, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «Каспий құбыр консорциумының істен шығуы салдарынан үкімет шамамен 100-150 миллиард теңге зардап шекті» деп мәлімдеген. Ал энергетика министрі Болат Ақшолақов «Bloomberg» басылымына берген сұхбатында «Батыс елдерінің Ресейге салған санкциялары «КҚК» жұмысына ешқандай кедергі келтірмейтіндей «ерекше мәртебе» берсе жөн болар еді» деген.
Ресейге салынған санкциялар салдарынан биыл «Атырау-Самара» құбырына қатысты Қазақстан біраз шығынға батты. «Каспий құбыр консорциумы» Ресей жері арқылы өтетіндіктен, оған Қазақстан құятын мұнай да автоматты түрде Ресейдің «Urals» сортына жатқызылған. Ал мұнайдың бұл сорты нарықта біраз шектеулерге ұшырады.
Оның дисконты эталонды «Brent» маркасына шаққанда барелліне 34 долларға дейін жеткен. Мысалы, «Brent» маркасының бареллі 100 доллар болса, «Urals» сорты 64 долларға саудалғанған.
Осыдан кейін қазақстандық өндірушілер өз мұнайына «KEBСO» атты жаңа сауда атауын бекітті. Ол - Kazakhstan Export Blend Crude Oil дегенді білдіреді. Енді Қазақстан мұнайы дербес сауда атауымен саудаланады.
Балама транзиттік жолдар және Қазақстан үкіметінің іс-әрекеті
20 мамырда премьер-министр Әлихан Смайылов депутаттар сауылына берген жауабында «Атырау-Кеңқияқ-Құмкөл» құбырының жылдық қуатын 12 миллион тоннаға жеткізілетінін айтты.
Үкімет басшысының сөзінше, Ақтау мен Құрық порттары арқылы Баку портына мұнай тасымалдау жұмыстары пысықталып жатқан көрінеді.
Бұдан бөлек, мұнай тасымалдауға арналған темір жол цистерналарының санын 1,5мыңнан 3,5 мыңға көбейту жоспарлануда.
Бірақ, әзірге бұл жұмыстар уақытылы жүзеге аса ма, жоқ па белгісіз.
Каспий құбыр консорциумын «Chevron», «Mobil», «Shell» сынды алпауыт компаниялар және Қазақстан мен Ресей бірлесіп құрған. Құбыр халықаралық статусқа ие. Қазақстанның бұл консорциумнан толықтай кетуі өте қиын.
Пікірлер жоқ.