Қазақстан өлім жазасын жою туралы халықаралық хаттамаға қосылды
Бұрын өлім жазасына уақытша тыйым салынған еді
Фото: Қазақстан сыртқы істер министрлігі
UPD: Жаңалықтың бірінші нұсқасында қателестік. Қазақстан өлім жазасын толық жойған жоқ. Тек соған бағытталған халықаралық хаттамаға қосылды. Өлім жазасы Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізілгенде ғана толықтай алып тасталады. Оқырманымыздан кешірім сұраймыз.
23 қыркүйекте Қазақстанның Біріккен Ұлттар ұйымындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші факультативтік хаттамаға қол қойды. Осылайша Қазақстан өлім жазасын алып тастауға бір қадам жасады. Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрлігі хабарлады.
Сол күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас ассамблеясына 75 жыл толуына орай өткен сессияда Қазақстанның құжатқа қол қоятынын мәлім еткен еді.
— Қазақстан өмір сүру мен адами қадір-қасиетке негізделген құқықты жүзеге асыруға дайын, — деді ол.
Қазақстанда өлім жазасы — бірнеше ауыр қылмыс үшін берілуі мүмкін ең ауыр жаза. 2003 жылы сол тұстағы президент Нұрсұлтан Назарбаев өлім жазасына мораторий енгізді. Бұл дегеніміз — судьялар адамды өлім жазасына кесе алады, бірақ ол адам атылмайды, оның орнына қылмыскер өмір бойы түрмеге қамалады. Ресми емес ақпарат бойынша Қазақстанда мораторийге дейін 536 адам атылған.
Енді өлім жазасынан толықтай бас тарту үшін Қылмыстық кодекстегі сол туралы бапты алып тастау қажет.
Қазақстандағы өлім жазасы туралы мына жерден толығырақ оқыңыздар.
Пікірлер жоқ.