Қазақстандағы өлім жазасының қысқаша тарихы

Ресми емес деректер бойынша, Қазақстанда 2003 жылға дейін 536 адам атылған


03/09/2020
11:07 6676 0

 


 

«Адам өлтірерде осы үшін өлім жазасын алатынымды білгенмін. Бірақ сол кезде өмірдің не екенін түсінбедім. Ал өлімнің не екенін өлер алдында сезіне бастадым», — дейді 20 жылдан аса бұрын өлім жазасына кесілген, кейін атылған Семен Бочаренко (аты өзгертілген) Sputnik Қазақстанның авторы Василий Голышкинге. 

 

Өлер алдында қылмыскер 26 жаста болған екен. Оны Павлодар облыстық соты екі кісі өлтірені үшін ең ауыр жазаға кескен. 

 

Оның қылмыстық ісінде былай жазылған: «Бочаренко К және О серігімен И-дің үйіне келеді. Ішімдік ішкен олар текетіресіп қалады. Семен О-мен, К И-мен төбелескен. К-мен біріккен Семен бірінші О-ны өлтіреді. Оған 27 рет пышақ тыққан екен. Бұған куә болған И-ді олар 22 рет пышақпен жарақаттап, өлтірген».   

 

Ақмолда өз өлімін күтіп отырғанда ол тағы екі адам өлтіргенін мойындаған. 

 

— Мойындауыма Құдай итермеледі. Мойындау өкініш арқылы келді. Ақмоладағы түрмеде менен басқа тағы 30 «вышак» (өлім жазасына кесілген) бар еді. Олардың барлығы азап шегетін, Құдаймен тілдесетін еді, — деген Бочаренко журналиске. 

 

Сұхбат қылмыскердің өлер алдындағы соңғы үмітімен аяқталады. 

 

«Менің тағдырым кімге тиесілі, солардан түсініcтік күтемін. Мен бәрін мойындадым ғой. Мен әйел немесе бала өлтірмедім. Адамды осыдан пайда көремін деп өлтірмедім. Егер мені өмір бойы абақтыға жабатын болса, алғысымды айтар едім. Өмір мұнымен бітпейді. Өлгеннен кейін бір жерге баратыным анық», — деді ол.   

 

Осы әңгімесінен кейін үш айдан соң Бочаренко атылды. Ресми емес деректер бойынша, тәуелсіз Қазақстанда 536 қылмыскер атылған. 2003 жылы өлім жазасына уақытша тыйым салынды. Masa.media Қазақстандағы өлім жазасы қысқаша тарихын айтып береді.

 

ӨЛІМ ЖАЗАСЫ ДЕГЕН НЕ?

 

Өлім жазасы — кейбір қылмыс үшін берілетін ауыр жаза түрі. Қазір өлім жазасы Қазақстан, Белорусь, АҚШ-тың 28 штатында, Қытай, Жапония, Таяу Шығыс елдері мен Африканың бірнеше елінде бар. Қандай қылмыс үшін қылмыскер өлім жазасына кесілетіні әр елдің өз заңында жазылады. Белорусьте жазаны халықаралық терроризм, соғыс ашу үшін басқа елдің немесе халықаралық ұйымның өкілін өлтіргені, Қытайда жемқорлық үшін береді. 

 

Өлім жазасы ату, дарға асу, тас ату, инъекция, газ, басын шабу мен тоққа тарту арқылы жүзеге асады. 

 

----- SLIDER STARTS HERE -----
 
 
 
----- SLIDER ENDS HERE -----

 

ӨЛІМ ЖАЗАСЫ ТУРАЛЫ ҚАЗАҚСТАН ЗАҢНАМАСЫ НЕ ДЕЙДІ? 

 

Қылмыстық кодекстің 47-бабы бойынша өлім жазасы — адамдар өліміне себеп болған терроризм, бірінші президент пен президенттің өміріне қастандық жасау (тірі қалса да), геноцид, соғыс кезіндегі ауыр қылмыстар (өз міндетін орындамау, қызметінен қашу, еліне опасыздық жасау) секілді 11 қылмыс үшін берілуі мүмкін ату жазасы. 

 

Бұл жазаға кесілмейтін адамдар тобы бар. Олар — 18 жасқа толмағандар, әйелдер мен 63 жастан асқан ерлер. 

 

2003 жылы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл жаза түріне мерзімсіз тыйым (мораторий) салған еді. Алайда бұл судьяның айыпталушыны ату жазасына кесе алмайды деген сөз емес. Кесе алады, бірақ қылмыскер атылмайды, оның орнына өмір бойына түрмеге қамалады. 

 

Қылмыскер үкім шыққаннан соң кем дегенде бір жылдан кейін, мораторий алып тасталған соң кемінде бір жылдан кейін атылады. Осы уақытта ол сот үкіміне шағым жасай алады. Сондай-ақ ол мораторий алып тасталғаннан кейін ғана жазаны жеңілдету туралы өтініш жаза алады. Адам тыйым салынғанға дейін өтініш берді ме, бермеді ме — маңызды емес. Өтініші қабылданса, өлім жазасы өмір бойына немесе белгілі бір мерзімге қамауға алмастырылады.

 

Бұл бап бұрын біраз басқаша еді. Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін Кеңес одағы азаматтарын ұрлық, коррупция, жыныстық зорлық-зомбылық, бандитизм үшін де ата алатын еді. 

 

Қазақстан 1997 жылдың 31 желтоқсанына дейін елде кеңес дәуірінен қалған 1959 жылғы Қылмыстық Кодексті қолданып келді. 1997 жылы ату жазасы берілуі мүмкін қылмыс саны 26 еді. Олардың арасында тыңшылық, мемлекет, қоғам қайраткері мен билік өкілін қызметі кезінде өлтіру және соғыс кезінде жасалған қылмыстар (бұйрықты орындамау, қызметінен қашу, лауазымды асыра пайдалану, қорқып жауға берілу және т.б) бар еді. Ол кодекс бойынша, жүкті әйелдер мен кәмелетке толмағандар өлім жазасына кесілмейтін еді.  

 

Қазіргі кодекс 1998 жылы күшіне енді. Ондан кейін де бап кемінде бір рет өзгерді. 2010 жылы ату жазасы берілуі мүмкін қылмыстар қатарына Елбасының, яғни Н.Назарбаевтың өміріне қаcтандық жасау кірді.  

 

Өлім жазасына кесілгендер: 

 

  некеге тұрып, азаматтық қарым-қатынасын заңдастыруға; 

  заңгердің көмегін алуға, онымен жеке кездесуге, шектеусіз сөйлесуге;

  медициналық көмек алуға;

  хат алып, хат жіберуге;

  ай сайын бір рет жұбайымен, жақын туыстарымен кездесуге;

  дін қызметкерімен кездесуге;

  күн сайын отыз минут далаға шығуға құқылы.

 

ӨЛІМ ЖАЗАСЫ ҚАЛАЙ ОРЫНДАЛАДЫ? 

 

Қылмысты атқару кодексінде қылмыскер атылады делінген. Оған дейін қылмыскерлер камерада жалғыз, басқалардан оқшау отырады. Оны күзетшілер өте қатаң күзетеді. Оның қашан өлетіні отбасына алдын ала айтылмайды. 

 

Ату процесіне прокурор, түрме бастығы мен дәрігер қатысады. Медицина маманы адам өліп-өлмегенін тексереді. Жаза орындалғанын үкім шығарған сот пен қылмыскердің жұбайы немесе жақын туыстарына хабарланады, бірақ отбасына адамның қайда жерленгенін екі жыл бойы ешкім айтпайды. 

 

СТАТИСТИКА НЕ ДЕЙДІ?

 

Бірқатар БАҚ-та тәуелсіз Қазақстандағы 536 қылмыскер атылған делінген. Алайда қай жылы қанша адам және не үшін атылғаны туралы толық мәлімет жоқтың қасы. Masa.media Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне толық статистиканы беруін сұрап, өтініш жіберген еді. Келген жауапта комитет тек 1998 жылдан 2003 жылға дейінгі есепті көрсетті.

 

Сонымен, ресми дерек бойыша, 1994 жылдан бері Қазақстанда 73 адам өлім жазасына кесілген. 1998 жылы сегіз, 1999 жылы 14, 2000 жылы 19, 2001 жылы тоғыз, 2002 жылы 17 адам өлім жазасын алған. Біреуінің қылмысы аса ауыр деп көрсетілген, алайда дәл не үшін жаза алғаны жазылмаған. Қалғандарының бәрі адам өлтіргені үшін сотталған.  

 

Ресми көрсеткіштерден басқа халықаралық құқық қорғау ұйымдарының жасаған статистикасы бар. Олар ол жерде ресми және ресми емес деректерді көрсеткен.

 

«Халықаралық Амнистия» (ХА) халықаралық үкіметтік емес ұйымының хабарлауынша, Әділет министрлігі оларға өлім жазасы туралы статистиканы алғаш рет 1992 жылы берген. Ол бойынша, Қазақстанда 1987 жылдан 1990 жылға дейін 165 адам өлім жазасына кесілген. Олардың кемінде 41-інің жазасы жеңілденген немесе рақымышылық берілген.  Ұйымның қолында 1992 жылға қатысты ешқандай дерек жоқ. Десе де олар «кемінде алты адам жаза алып, оның бәрі атылды. 1993 жылы жазаға 65 адам кесілді» дейді. 

 

ХА хабарлауынша, 1994 жылғы статистиканы сол кездегі Қазақстан президенті Н.Назарбаев жариялаған. Оны кейін Жоғарғы кеңестің төрағасы растаған. Сол жылы сот 100 рет өлім жазасын шығарған, оның жетеуі жеңілдетілген. 

 

Ал келесі жылдың статистикасын ұйымға Бас прокуратураның өкілетті тұлғалар (олардың кім екені нақты айтылмаған) берген. 1995 жылы 110 қазақстандық ату жазасын алған. 

 

— Ресми емес дереккөздеріміз бойынша, осы жылы 101 адам атылған. Бұл көрсеткішке өкілетті адамдардың кейбірі ештеңе демесе, кейбірі оны «тым жоғары» деп бағалап, жоққа шығарды, бірақ дәлел ретінде басқа статистиканы бермеді, — делінген ұйымның 1996 жылғы Қазақстандағы өлім жазасы мен түрмедегі жәбір-жапа туралы баяндамасында. 

 

Ұйымның келесі жылдарға қатысты дерегін оның жылдық есептерінде көруге болады. 1996 жылы Қазақстанда өлім жазасы үкімі кемінде 50 рет шыққан, оның 12-сі орындалған. 1997 жылы 56 адам жаза алып, кемінде 35-і атылған. 1998 жылы кемінде бір адам сотталған, ал атылғандар туралы ешқандай дерек жоқ. 1999 жылы кем дегенде екі адам өлім жазасына кесілген. 

 

 

Ресми емес деректерде мораторий енгізілетін жылы елде 12 адам атылған делінген. 

 

Ресми дерек бойынша, мораторий жарияланғаннан кейін өлім жазасына алты адам кесілді. Оның бірі — қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбаевты өлтірген Рүстем Ибрагимов. Оның жазасы 2014 жылы өмір бойына абақтыға қамауға ауыстырылды. 

 

Соңғы рет өлім жазасын 2016 жылы Алматыда теракт жасаған Руслан Күлекбаев алған еді. Ол терактта тоғыз адам қаза тапты. Қылмыскер тыйымға байланысты ғұмыр бойына түрмеге жабылды. 

 

Қылмыстық кодекстің 47-бабы, 1 тармағы бойынша, өлім жазасына кесілгендер кешірім беру туралы өтініш бере алады. 1990 жылдан 2003 жылға дейін 53 адам кешірілсе, 2007 жылы президент 31 адамның жазасын жеңілдетіп, орнына өмір бойына түрмеге қамалды. 

 

ӨЛІМ ЖАЗАСЫН ҚОЛДАУ НЕМЕСЕ ҚОЛДАМАУ

 

Қазақстан тәуелсіздік алған бойда адам құқықтары жөнінде халықаралық келісімшарттарға қол қойғанмен, өлім жазасын жоюға қадамдар 1998 жылдан басталды. Ол кезде жаңа Қылмыстық кодекс қабылданып, ату жазасы берілуі мүмкін қылмыстар саны азайды. 

 

2003 жылы Н.Назарбаев өлім жазасына мерзімсіз мораторий енгізді. Ол мұны «гуманизмге бір қадам» деп атады. Бірақ ату жазасы заң жүзінде ең ауыр жаза болып қала берді. 2014 жылы бұл жазаны мүлдем алып тастау жөнінде депутаттар әңгіме қозғаған еді. Алайда бұған Бас прокуратура қарсы шықты. 

 

— Тыйым енгізілгеннен кейін, нәбәрі бес адам (Бас прокуратураның бізге берген есебінде алты адам деп көрсетілген – ред.) өлім жазасын алды. Бұл нені білдіреді? Сот мұндай үкім шығарғанда абай болады, тіпті қазір бұл жаза жан түршігелік қылмыстар болып жатса да берілмейді десек те болады. Біз бұл кодексті жасаушы ретінде өлім жазасын жоюға, әрине, қарсымыз, — деді сол кездегі Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель. Оны сол кездегі депутат, бұрынғы ішкі істер министрі Қайырбек Сүлейменов те қолдады. 

 

— Өлім жазасын алып тастау туралы референдум өткізсек, халықтық 99%-ы қарсы шығар еді, — деді ол

 

2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші факультативті хаттамаға қосылуға дайын екенін айтты. Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының құжатына Қазақстан қол қойса, елде өлім жазасы заң жүзінде жойылады.

 

— Біздің құқық қорғаушылар көтерген мәселелерді шешетін уақыт келді, — деді президент. 

 

Шетелдік құқық қорғаушы ұйымдар Қазақстандағы өлім жазасын сынап, оның жойылуын талап етіп келеді. Халықаралық Амнистия әр жыл сайынғы есебінде Қазақстандағы өлім жазасын сынға алып, оны заң жүзінде жоюына кеңес беріп келеді. 

 

— Ресми емес дереккөздеріміз бойынша, 1995 жылы елде 101 адам атылды. Сол жылы бұдан көп тек Қытай, Нигерия мен Сауд Арабиясы ғана адам өлтірген. 17 милионы бар Қазақстан үшін 101 адам өте қорқынышты көрсеткіш, — дейді ХА өз баяндамасында.  

 

Олардың барлығы өлім жазасының қылмыс деңгейіне еш әсер етпейтінін, үкім шығарған кезде судьяның қателесу ықтымималдығын алға тартады. Бұған қазақстандық құқық қорғаушылар да қосылады.  «Адам құқықтары үшін хартиясы», Адам құқықтары және заңдылықтың сақталуы жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро (АҚЗСҚХБ), «Үміт сәулесі», «Әділ сөз» секілді ұйымдар Қазақстандағы өлім жазасына қарсы шығып келеді. 

 

— Мен өлім жазасына мүлдем қарсымын. Егер мемлекет адам өмірін басты құндылық деп есептесе, ол эмоционал кек алушы бола алмайды. Менің ойымша, Күлекбаев өлім жазасын азаматтарды емес, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін өлтіргені үшін алды. Бұл арнайы қызметтер мен полиция ерекше қорғалады деген қоғамға бір ескерту, — деді АҚЗСҚХБ жетекшісі Евгений Жовтис Күлекбаевтың ісі жөнінде.

 


 

Иллюстрация: Анар Бакенова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

03/09/2020 11:07
6676 0

Уведомление