Қазақстан Қаңтар оқиғасы кезінде сырттан келген ҰҚШҰ әскеріне қанша ақша жұмсады?
Қазақстанға әскер жіберген елдер шығынды өз мойындарына алуы тиіс
ҰҚШҰ әскеріне кеткен шығын
3 маусымда Алматы әкімдігінің Кәсіпкерлік және иновациялар басқармасы Sanzheli ЖШС және «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ-мен тікелей бір көзден сатып алу тәсілі арқылы келісім шарт жасасты.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа қарағанда, келісім шарт соммасы 182, 3 және 15, 1 миллион теңге болған. Келісім шарт «Қаңтар оқиғасы» кезінде Қазақстан билігінің шақыртуымен келген ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының) әскеріне жұмсалған шығынды өтеу мақсатында жасалған.
Алматы әкімінің қаулысы
Екі келісімшарттың да техникалық сипаттамасында Алматы әкімі Ерболат Досаевтың қаулысы көрсетілген.
— Алматы қаласы стратегия және бюджет басқармасы Кәсіпкерлік және иновациялар басқармасына жергілікті атқарушы органның шұғыл шығындарға арналған резервінен жалпы соммасы 197 454 551 теңге бөлсін, оның ішінде ҰШҚҰ-ның ұжымдық бітімгершілік күштері мүшелерін тамақтандыру жөніндегі шығынды өтеуге 15 127 542 теңге, сондай-ақ төтенше жағдай кезеңінде ҰҚШҰ-ның бітімгершілік операциясын жүргізу кезінде әуеайлақтық және жер үстінде қызмет көрсету бойынша көрсетілген қызметтер үшін 182 327 009 теңге қаржат бөлсін, — делінген қаулыда.
ҰҚШҰ жарғысы
Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанға ҰҚШҰ-ның 2 мың әскері келген. Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйым жарғысының 24 бабында:
—Мүше мемлекеттер өз өкiлдерi мен сарапшыларының Ұйым органдарының кеңестерiне, отырыстарына және Ұйым шеңберiнде өткiзiлетiн басқа да iс-шараларға қатысуымен байланысты, сондай-ақ Өкiлеттi өкiлдердің қызметiмен байланысты шығындарды дербес түрде атқарады, — делінген.
Бұл тармаққа сүйенетін болсақ, Қазақстанға әскер жіберген елдер шығынды өз мойындарына алуы тиіс.
Пікірлер жоқ.