«Атлантика кеңесі» зерттеуі: Сарапшылардың жартысына жуығы «Ресей ыдырайды» деп есептейді
«Ресей ыдыраса авторитарлы елдердің көпшілігі демократиялық жолға түседі»
Фото: Ашық дереккөзден
Халықаралық саясат пен экономика саласының 167 сарапшысының жартысына жуығы алдағы он жылда Ресей ыдырайды деп есептейді. Бұл сауалнаманың Вашингтонның «Атлантика кеңесі» (Atlantic Council) сараптама орталығы жүргізген. Оның қорытындысын Ұлыбританияның «Financial Times» басылымы жариялаған.
Сауалнамаға қатысқан респонденттердің 40 пайызы Ресейде азаматтық соғыс, революция, дезинтеграция салдарынан саяси дағдарыс болуы мүмкін деп есептейді. Еуропалық сарапшылардың 49 пайызы «Ресей ыдырайды» деп санайды.
Сарапшылардың 14 пайызы Ресей алдағы он жылда ядролық қару қолдануы мүмкін деген қорытындығы келген. Респонденттердің 10 пайызы «Ресей ыдыраса авторитарлы елдердің көпшілігі демократиялық жолға түседі» деген болжам айтқан.
Бұдан бөлек, сарапшылар алдағы уақытта «Иранда ядролық қару пайда болады, Қытай Тайваньға шабуыл жасайды, климатты қорғаудағы жаһандық ынтымақтастық күшейеді» деген тұжырымға келген. Олардың сөзінше, алдағы он жылда АҚШ әскери және ғылыми технология саласында көшбасшылық рөлін сақтап қалады. Бірақ, Вашингтонның әлемдегі өзге де ойыншылардың күшеюіне байланысты саяси және экономикалық гегемониясы бәсеңдейді.
«Атлантика кеңесін» 1961 жылы НАТО құрған. Ол жаһандық саясат пен экономика саласын зерттеумен айналысады.
Пікірлер жоқ.