Ақтөбеде журналист Асқар Ақтілеу сотқа тартылуда
Фото: Азаттық радиосы
9 қаңтарда Ақтөбе қаласының әкімшілік соты журналист Асқар Ақтілеудің ісін қарай бастады. Оның үстінен Ырғыз ауданындағы гимназия директоры Гүлжайна Нұрманова арыз түсірген. Ол журналисті «жала жапты» деп айыптаған. Бұл жөнінде Азаттық радиосы хабарлады.
Басылым мәліметінше, Гүлжайна Нұрманова журналист Асқар Ақтілеу мен Асқар Ерубаевты сотқа берген. Іс Әкімшілік кодекстегі «бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекомуникация желілерін пайдалана отырып жала жабу» бабы бойынша қозғалған.
Дауға себепкер болған жазба журналистің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жарияланған.
Сот отырысына директор Гүлжайнар Нұрманова мен оның адвокаты онлайн қатысты. Шағымданушы тараптың сөзінше, журналистер Асқар Ақтілеу мен Ардақ Ерубаева Instagram желісіндегі жеке парақшасында шындыққа жараспайтын ақпарат таратқан.
– Асқар Ақтілеу мектептің еден жуушысы Мөлдір Ғапиздің жұмыстан қуылуын Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Ырғызға барғанда мектептің мәселесін баяндауымен байланыстырған. Ал шын мәнінде еден жуушы еңбек заңдылығын бұзды. 2023 жылы 13-14 қарашада жұмысқа келмеді. Сол себепті 22 қарашада жұмыстан шығарылды, – дейді директор.
Ал журналист Асқар Ақтілеу өзіне тағылған айыппен келіспейді. Оның сөзінше, облыс әкіміне мектептің проблемасын айтып, көп ұзамай жұмыстан қуылған әйел журналистен көмек сұраған. Қысым жасалып жатқанын хабарлап, жұмыссыз қалғанын айтқан. Журналист болған жайтты Instagram парақшасында жариялап, құзырлы мекемелерді белгілеген.
– Дауға журналистер араласқан соң Ырғыз гимназиясының еденін жуатын Мөлдір Ғапиз қайтадан жұмысқа алынды. Мен ешкімге жала жапқан жоқпын. Болған жайтты баяндадым. Көзіммен көргенімді айттым. Еден жуушы Мөлдір Ғапиздің тазалыққа қажетті жабдықтарды өз ақшама сатып аламын, мектеп дәретханасында су жоқ дегенін де өз құлағыммен естідім. Іштей жұмыссыз қаласың-ау дегенмін. Көп ұзамай ол жұмыстан қуылды, – дейді Ақтілеу.
Журналиске үстінен шағым түскенін, учаскелік инспектор 8 қаңтар кешкілік хабарлаған. Журналист заңгермен кеңесіп те, адвокат жалдап та үлгермегенін айтады.
Істі қарап жатқан судья Гүлзира Ақмолдина сот процесінен хабар таратуға келген журналистерді залға кіргізгісі келмеді. «Іс материалдарымен танысып үлгермедім, күте тұрыңыздар» деп дәлізге шығарып жіберді. Кейін тараптарды тыңдап, соттың 15 қаңтар жалғасатынын хабарлады.
Пікірлер жоқ.