Ақтөбеде «Қытаймен визасыз режимге қарсы» төрт белсенді әкімшілік жазаға тартылды

Олар тағылған айыппен келіспейді


18/05/2023
14:37 16869 0

Фото: 1 мамырда Алматы қаласында өткен митингтен

Ақтөбеде «Қытаймен визасыз режимге қарсы» төрт белсенді әкімшілік жазаға тартылды. Бұл жөнінде «Азаттық» радиосы хабарлады. 

Ақтөбеде «бейбіт жиналыстарды өткізу және ұйымдастыру тәртібін бұзды» деген айыппен төрт белсенді – Ахмет Сәрсенғалиев, Альмира Қуатова, Айнагүл Төбетова мен Бауыржан Маратұлы әкімшілік жазаға тартылды. Белсенділер өздеріне тағылған айыпты мойындамайды. Олар «Билік Конституция кепілдік берген құқымызды бұзды» деп санайды. Ал Ақтөбе облыстық соты «тәртіп бұзушылардың кінәсі сот зерттеген айғақтармен яғни, видео жазба, әлеуметтік желіден жасалған скриншот, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамамен дәлелденді» деп хабарлады.

Ақтөбе қаласының әкімшілік істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының 17 мамыр күнгі қаулысымен Ахмет Сәрсенғалиев төрт тәулікке қамалды. Соттың дерегінше, Сәрсенғалиев 2023 жылғы 21 сәуір күні желіде жұртты 1 мамырға жоспарланған митингіге шақырған. Сол үшін оған «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деген айып тағылған.

Белсенді Альмира Қуатованы (Куватованы) полиция 17 мамыр күні көшеде жеке көлігімен кетіп бара жатқан жерінен ұстаған.

– Сәрсенбі күні таңнан бері үйімнің маңайын күмәнді адамдардың торуылдап жүргенін байқаған едім. Сағат 9-дан өте көлігімді оталдырып, үйден сәл ұзай бергенімде учаскелік инспектор тоқтатты. Бетінде қара маскасы бар екі адам көліктің артқы есіктерінен салонға кіріп, қолымды қайыра бастады. Сол жерден учаскеге әкетіп, кешкі 5 жарымда онлайн сот өткізді. Сот «бейбіт жиналыстарды өткізу және ұйымдастыру тәртібін бұзды» деп маған 50 АЕК-ке тең айыппұл салды, – дейді Қуатова.

50 айлық есептік көрсеткішке тең айыппұл яғни, 172 500 теңге зейнет жасындағы ақтөбелік Бауыржан Маратұлына да салынған. Сот Альмира Қуатова мен Бауыржан Маратұлы Whatsapp мессенджеріндегі «Ақтөбе Атажұрт» тобының мүшесі деп санайды. Соттың дерегінше, Бауыржан Маратұлы «Ақтөбе Атажұрт» тобындағыларды Қытаймен визасыз режимге қарсылық білдіріп, наразылыққа шығуға шақырған.

Альмира Қуатова (Куватова) мен Бауыржан Маратұлы ҚР әкімшілік кодексіндегі 488-баптың 7-ші бөлігімен айыпталған.

«Ақтөбе Атажұрт» тобына мүше деп сипатталатын тағы бір белсенді Айнагүл Төбетова да «бейбіт жиналыстарды өткізу және ұйымдастыру тәртібін бұзды» деп айыпталып отыр. Соттың дерегінше, Төбетова желідегі жеке парақшасында жұртты 1 мамыр күнге жоспарланған митингіге шақырған.

«Айнагүл Төбетова әкімшілік құқықбұзушылықты бір жыл ішінде қайталап істегендіктен 70 АЕК-ке тең яғни, 241 500 теңге айыппұл салынды. Сот қаулы қабылдаған кезде Төбетованың кәмелетке толмаған балалары барын ескерді» деп хабарлады Ақтөбе облыстық соты.

Белсенді Төбетова да өзіне тағылған айыпты мойындап отырған жоқ. «Жай ғана репост үшін адамды бұлай жазалауға болмайды» дейді Айнагүл Төбетова.

Бір күн бұрын Қытайда ресми Астана мен Пекин арасында 30 күндік визасыз режим енгізу туралы келісімге қол қойылған. Дәл осы күні түрлі аймақта белсенділер қысымға мен қудалауға шағымданған. Алматыда тіркелмеген «Нағыз Атажұрт» партиясының басшысы Бекзатқан Мақсұтхан 1күнге қамалды. Facebook-тағы «Human Rights Atajurt» ұйымы парақшасында оннан астам белсенді полиция қысымына кезіккенін хабарлауда.

Ал ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі «Қытаймен визасыз режим бойынша нақты қанша адамның ұсталғаны жөнінде ақпарат білмейтінін, оны соттан сұрау қажеттігін айтты».

 

 

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

18/05/2023 14:37
16869 0

Уведомление