Ақтөбеде бала зорлады деп айыпталған бұрынғы мәслихат депутаты ақталды
Кәсіпкер Nur Otan партиясына қайта кіруі мүмкін
Фото: ratel.kz
Ақтөбе облысының соты кәмелетке толмаған қыз баланы зорлады деп айыпталған кәсіпкер Аркадий Ниді ақтады дейді «Азаттық радиосы».
Cот «сексуал зорлық көрдім» деген қыздың шешесі кәсіпкерді қаралап, табыс тапқысы келген дейді.
— Шешесі 15 жасар қызына физикалық және психологиялық қысым көрсетіп, тергеу кезінде кәсіпкерге қарсы жалған мәлімет беруге итермелеген. (...) Сот жәбірленушінің жауабы мен сараптама қорытындысына сүйене отырып, сексуал сипаттағы әрекеттердің болмағанын анықтады, — дейді сот.
Қыздың шешесі екі бап («баланы қылмыс жасауға итермелеу» және «әдейі жалған ақпарат тарату») бойынша алты жылға бас бостандығынан айырылды, бірақ балалары кәмелет жасына келмегендіктен жазасын бес жылдан кейін өтейді.
Rokos Group Global иесі әрі облыс мәслихатының депутаты болған Аркадий Ни бір жыл бұрын Қылмыстық кодекстің 122-бабына сай («16 жасқа толмаған баламен жыныстық қатынас не сексуал сипаттағы өзге де әрекеттер жасау») айыпталып ұсталған еді. Кейін тергеу изоляторына қамалып, Nur Otan партиясынан шығарылды.
Енді Ни партияға қайта кіруі мүмкін.
— Үкім заңды күшіне енгенін күтеміз. Шешімін бас кеңсемен ақылдасып шығарамыз, — дейді партияның Ақтөбе облысындағы филиалының төрағасының орынбасары Ербол Данағұлов.
Пікірлер жоқ.