Ақтөбе полициясы «Жыланбаев ісі» бойынша 20-дан астам белсендіні тергеген

Белсенді мамырда қамауға алынған


04/08/2023
16:03 15743 0

Фото: Ашық дереккөзден

 

Азаттық радиосының мәліметінше, Ақтөбе полициясы марафоншы, белсенді Марат Жыланбаевтың ісі бойынша 22 белсендіден жауап алған. Полицияда жауап алынғандардың бірі Қандыағаш қаласының тұрғыны Берік Ноғаевтің сөзінше, хаттамада Жыланбаев туралы сұрақ болмаған. 

 

– Мұғалжар аудандық полиция бөліміне екі адам болып бардық. Екеуміз де Марат Жыланбаевтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша куә екенбіз. Бірақ сол баяғы Әблязов, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (Қазақстанда "экстремистік ұйым" деп танылғанмен Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған – ред.) туралы сұрады. Мен "Жыланбаевпен таныс емеспін" деп полицияның сұрақтарына жауап беруден бас тарттым, – дейді Ноғаев.

 

Бұдан бөлек, полиция Ақтөбе тұрғыны Айнагүл Төбетова мен Ахмет Сәрсенғалиевтан да жауап алған. 

 

– Бірі қазақ, екінші орыс тілінде сөйлейтін екі адам «Марат Жыланбаевты танисыз ба?» деп сұрады. Жыланбаевты кім танымайды екен? Оны бүкіл әлем біледі. Танимын дедім. «Қашаннан бері «Алға, Қазақстан» партиясының мүшесісіз?» деді. «Ол партияға мүше емесімді беске білесіңдер ғой» деп едім, «білеміз» деді. Шынымды айтсам, түк түсінгенім жоқ. Жыланбаев қайда, Ақтөбе қайда?  дейді Төбетова.

 

Ақтөбе полициясы аталмыш оқиғаға және Жыланбаевтың ісіне қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ. 

 

Биыл 25 мамырда Астана соты Марат Жыланбаевты «тыйым салынған ұйымның ісіне араласу» және «экстремистік ұйымды қаржыландыру» баптары бойынша екі айға қамаған.  Марат Жыланбаев тағылған айыптарды жоққа шығарған.

 

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

04/08/2023 16:03
15743 0

Уведомление