Қаңтаршы кандидаттарға қысым жасалуда
Қосай Махамбаев пен Айгерім Тілеужан сайлауға жіберілмеді
23 ақпанда Алматыда қаңтаршы кандидаттар Қосай Махамбаев пен Айгерім Тілеужанның жақтастары баспасөз мәслихатын өткізіп, үміткерлерді сайлауға жібермеген комиссия шешімімен келіспейтіндерін, оның заңсыз екенін айтты.
Айгерім Тілеужанның сенімді өкілі Әлнұр Ильяшев сөзінше, Тілеужанның барлық құжаттарының сәйкес келуі мен қажетті жарна төлеуіне қарамастан округтық комиссия кандидатурасын тіркеуден алып тастаған.
– Айгерімнің барлық құжаттарын біз жинап бердік. 1 миллион 50 мың теңге көлеміндегі тиісті жарна да төленді. Заң бойынша қажетті декларация көрсетілді. Осыған қарамастан, оның кандидатурасын тіркеуден алып тастады. Біз Алматы қаласының әкімшілік сотына шағым түсірдік, – деді Ильяшев.
Алматы қаласының N3 округының сайлау комиссиясы жариялаған хаттамада Айгерім Тілеужанның жарна төлеуі күмән туғызғандықтан сайлаудан шеттетілгені жөнінде айтылған.
– Айгерім Тілеужанның төлем квитанциясында 17.02.2023 жыл деп көрсетілген. Яғни оның үйқамақта отырған уақытта жарна төлемін жасауы күмән туғызады. Бұл Тілеужанова Айгерім Еркінбайқызының кандидатурасын парламент мәжілісі депутаттығына тіркеуден бас тартуға негіз болды, – делінген хаттамада.
Белсенділердің адвокаты Айнара Айдархан Тілеужан мен Махамбаевтың үстінен қылыстық іс қозғалса да заң бойынша сайлауға қатыса алады. Себебі оларға сот үкімі шықпаған. Нақты қылмыскер деп танылмаған.
– Екі кандидаттың да үстінен қылмыстық іс қозғалған. Ол жасырын емес. Бірақ іс әлі күнге дейін сотқа берілген жоқ. Соттың үкімі жоқ. Олар заң бойынша сайлауға қатыса алады. Конституция бойынша кез келген азаматтың сайлауға және сайлануға құқы бар. Айгерім Тілеужанның кандидатурасын алып тастауға заңдық тұрғыдан ешқандай кедергі жоқ. Біз осыған байланысты сотқа шағымдандық. Бұл оның құқығы, – деді ол.
Айнара Айдарханның сөзінше, Махамбаев пен Тілеужанға қысым жасалуда. Айгерімнің үйін әлі күнге дейін полиция күзетіп тұр.
– Қазір Айгерімге үлкен қысымдар жасалып жатыр. Жұма күні тергеу тобы мен полиция келді. Олар әлі күнге дейін пәтерін күзетіп отыр. Адвокат туралы заң бойынша мен қорғауымдағы адаммен шектеусіз кездесе аламын. Бірақ Әуезов ауданының учаскелік полициясы кездестіруге жібермеуде. Олар бұны прокуратураның нұсқауымен жасап отыр, – деді Айдархан.
Әлнұр Ильяшевтың айтуынша, Қосай Махамбаев мәслихат сайлауына кандидат ретінде тіркелгенін растайтын куәлікті 17 ақпанда алған. Бірақ оның не себепті сайлау додасынан шеттетілгені әлі күнге дейін белгісіз.
– Қосай Махамбаевтың кандидатурасын қандай себеппен қабылдамағаны бізге әлі күнге дейін белгісіз. Онымен қатар, Айгерім Тілеужанның сайлаудан шеттетілуі мұнда прокуратураның қатысы бар деп айтуға итермелейді. Округтық сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркеуден бас тартуын прокуратурадан келген хатпен байланыстырды, – деді Ильяшев.
Айнара Айдархан Қосай Махамбаевқа кандидат куәлігін алған күні құзырлы орган қызметкерлері келіп, қысым жасаған. Олар «үйқамақты қамауда ұстауға ауыстыратын боламыз» қоқан-лоқы жасаған.
– 17 ақпанда Қосай Махамбаев кандидат куәлігін алған сәтте оған прокуратура, тергеушілер, учаскелік полиция келді. Олар бұлтартпау шарасын қамауда ұстауға ауыстырамыз деп қоқан-лоқы жасаған. Сайлауға байланысты сенбі күні прокуратураға шақырды. Таңғы онда барған уақытында оның денсаулығы нашарлап, қызуы көтеріліп, ауруханаға жеткізілді. Ол әлі күнге дейін сол жерде. Онда ол бір аптадай жатады, – деді Айдархан.
Қосай Махамбаев Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшып, азапталған. Қазір ол үйқамақта отыр. Оған «жаппай тәртіпсіздікке қатысты», «президент резиденциясына шабуыл жасады» деп айып тағылған. Белсенді, журналист Айгерім Тілеужан да үйқамақта отыр. Ол «Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайын басып алмақ болды» деп айыпталған.
Пікірлер жоқ.