Қаңтарда «адам өлтірді» деген полиция қызметкерлері әлі күнге дейін бостандықта жүр

Анафияевтің 13 қабырғасы сынған. Бас, мұрын, қарақұс сүйектері жарылған. Дене жарақатының барлығы өліміне бір сағат бұрын жасалған анықтаған


27/09/2022
14:32 6657 0

Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталып, азапталып қайтыс болған Жасұлан Анафияевтың туыстары тергеу процесінің баяу жүріп жатқанын айтады. Олардың сөзінше, тергеушілер істің сотқа жеткенін қаламайды. 

 

Алты баланың әкесі Жасұлан Анафияев қаңтардың 12-і күні Алматыдағы тергеу изоляторында көз жұмды. Ол Қаңтар оқиғасы кезінде бейбіт митингке қатысқан. Қарындасы Ләззат Анафияева ағасының өліміне қатысты күдіктілердің барлығы бостандықта жүр дейді.  

 

– ҚР ҚК 146 бабы (азаптау) бойынша жеті полиция қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Қазір іс аяқталуға жақын. Бірақ, сол жеті қызметкерге бұлар сотқа дейінгі бұлтартпау шарасын «ешқайда кетпеу туралы қолхат» түрінде қолданып жатыр. Бұл недеген әділетсіздік? Қол қойып береді де, бостандықта жүре береді. Оның үстіне олар қаңтар оқиғасынан бері жұмыстарын істеп, айлықтарын алып жүрген. 146 бап ең ауыр бап емес пе? Бұл жеті қызметкер КТК журналистеріне сұхбат берді. Біз шындықты айтып, олардың өтірігін айтайық десек, бұлар бізге ешқандай көмек бермейді. Бізден де сұхбат алыңыздар десек, оған келіспей отыр. Instagram-да «Криспи бро» деген парақша бар. Сол жерде осы жеті адамның біреуінің ұсталғаны жөнінде ақпарат тарады. Бірақ кейіннен ол адамның туыстары пикет ұйымдастырып, прокуратура содан қорқып оны бостандыққа шығара салған, – дейді Ләззат Анафияева. 

 

Шілде айында КТК арнасында Алматыдағы Медеу аудандық прокуратурасы алдында пикет болғаны жөнінде сюжет шыққан. Онда полиция қызметкерлері кінәсіз екендерін айтқан. Бірақ сюжетте қарсы (жәбірленуші) тараптың пікірі көрсетілмеген. 

 

 Жасұлан Анафияев.

 

Туыстары Жасұлан Анафияевтің денесін мәйітханадан алған уақытта ол жердегілер жедел панкриотиттен (хронический панкриотит) қайтыс болды деген құжат берген. Бірақ кейіннен жасалған сотмедициналық, гистологиялық сараптама Анафияевтің 13 қабырғасы сынғанын, бас, мұрын, қарақұс сүйектері жарылғанын, дене жарақатының барлығы өліміне бір сағат бұрын жасалған анықтаған. 

 

– Ағамды мәйітханадан алғанда бізге «жедел панкриотиттен қайтыс болды» деп түбіртек  берді. Тергеу изоляторына барған жедел жәрдем қызметкерлі «жүрек қан тамырларының жетіспеушілігінен қайтыс болды» деп берді. Астанадан арнайы тергеу тобы келгеннен кейін сараптама тағайындалды. Заң бойынша, ашық сараптама жүргізілді. Осы жерде Жасұланды аяусыз, аса қатігездікпен тепкілеп өлтіргені анықталды. 13 қабырғасы сынған. Басы, мұрыны, самай, қарақұс сүйегі жарылған. Мен оны өз көзіммен көрдім. Сарапшының айтуы бойынша, барлық жарақат өліміне бір сағат бұрын жасалған. Оны гистологиялық сараптама дәлелдеп берді. Яғни бұны тергеу изоляторының адамдары жасады деген сөз. Олар жерде басқа адамдар жүрмейді. Қосымша сараптама бізге қол-аяғы артқа қарай байланғанын анықтап берді. Демек, қаңтардың 11-інен 12-іне қараған түні менің ағамды аяусыз азаптап өлтірген, – дейді Анафияева. 

 

Адвокат Жанғазы Күнсерік сөзінше, Жасұлан Анафияевтің өлімін сол күні кезекшілікте болған полиция қызметкерлерінің білмей қалуы мүмкін емес. Себебі ғимараттың аумағы үлкен емес. 

 

– Жасұлан Анафияев Алматы қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторында қайтыс болған. Ғимарат анау айтқандай үлкен емес. Іште болып жатқан дүниелерді кез келген жерден естуге болады. Сол күні кезекшілікте полиция қызметкерлері болған. Адамның 13 қабырғасы сынғанша тепкілеу үшін не істеу керек? Олар үстіне шығып алып секірген деуге толық негіз бар, – дейді Күнсерік. 

 

 Сот медициналық сараптама қорытындысы.

 

Адвокат адам өліміне қатысы бар күдіктілерді ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандыққа шығару ешқандай қисынға келмейді дейді. Оның сөзінше, күдіктілер тергеуге ықпал етіп отыр. 

 

– Адам өлді, ал олар күдіктілерге ешқайда кетпеу туралы қолхат береді. Біз қазір істің не себепті жүрмей, бір орнында тұралап тұрғанын түсініп отырмыз. Күдіктілер, олардың басшылығы тергеу органына ықпал етіп отыр. Егер маған қарсы уәж айтқысы келетін адам болса айтсын. Министр келіп, қызметкерлері қалай пикетке шығып, әлі күнге дейін бостандықта жүргенін түсіндіріп берсін. Осы уақыт аралығында тіпті ешкім кешірім де сұрамаған. Адамды өлтіріп тастады, болды. Ол адам өлер алдында қалай қиналғанын ойлаудың өзі қорқынышты, – дейді қорғаушы. 

 

Істі жүргізіп жатқан прокурор Ардақ Серікбаев іске байланысты ешқандай ақпарат бере алмайтынын айтты. Ол «тергеу әлі жалғасып жатыр» деп қысқа қайырды. 

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

27/09/2022 14:32
6657 0

Уведомление